Жүректің көзі - 29.07.10.


Абзал ҚУАНЫШҰЛЫ, дәстүрлі әнші, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты: Сенерім - Алла, тұғырым - халық

- Абзал, сіз аспандағы аққуға үн қосып, дәстүрді дәріптеген дүлдүл әншілер Қайрат Байбо­сынов пен Бекболат Тілеуханов­тың шәкіртісіз. Сізді «Ұстаздан жолы болған әнші» десек, қате­леспейтін шығармыз...

- Жалпы, менің өнер жо­лы­на түсуіме септігін тигізген аза­мат­тар көп болды. Әңгімені әрі­ден бастасам, туып-өскен жерім - Қарағанды облысы, Қарқара­лы ауданы Кеңес одағының ба­ты­­ры Нұркен Әбдіров атындағы ауыл. Біздің ауылдан ақын да, батыр да, журналист те, сатирик те шыққан. Сахна саңлағы, КС­РО халық артисі Шолпан Жан­дарбекова да сол қасиетті ме­кен­де дүниеге келген. Жарты ғасыр өмірін фарабитануға ар­наған Ақжан Машанидің де кіндік қаны сол жерге тамыпты. Республикаға аты танымал жур­налист Тілеуқабыл Байтұрсынов туған нағашым болып келеді. Жеті жыл семіп қалған екі бүй­рекпен алысып, ақпан айында 42 жасында өмірден өткен Март­бек Тоқмырзамен бір үзім нанды бөле жеген бөлеміз. Осын­дай айтулы азаматтардың арасынан ұлы көшке ілесіп, қолыма қара домбырамды ұстап шыққан жайым бар. Өз атам Жұманбай да заманында Қар­қаралы, Ақтоғай, Балқаш өңі­рі­не шешендігімен танымал бол­ған көрінеді. Кезінде Ақселеу аға­мыз жазып, бұрынғы «Мә­дениет және тұрмыс» жур­на­лына жариялаған «Жынды Ысқақ­тың әңгімелері» деген әң­гі­ме­дегі кейіпкер Ысқақтармен қатар жүрген екен. Бірақ мен атамды көрген емеспін. Әкем әншілігімен, қара сөзге дес бер­мейтін шешендігімен ауыл-ай­маққа мәлім азамат. Таяуда ғана 63 жасқа толды. Бір қызығы, әкем батыстың дәстүрлі ән мектебін жақсы көреді. Біздің бала күнімізде Мұхиттың «Ай­нам­көз», «Үлкен айдай», «Кіші айдайын» «әннің төресі осы­лар» деп аузынан тастамайтын. Анам да әу бастан отырған же­рін әнге бөлеп, думанға айнал­дырып отыратын сауықшыл жан. Ма­ған өнер сол кісілерден дарыса керек. Ең алғаш бес жасымда Жеңіс күні мерекесінде Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал» әнін орындадым. Қы­зық бол­ғанда, елдің алдында тұрып, екін­ші шумағын ұмытып қал­масым бар ма?! Жұрт қол шапалақтап, қолпаштап жатыр. Қипақтап әрі тұрдым, бері тұр­дым. Баянмен сүйемелдеуші ұс­тазым Мейрам Әрінов қайыр­масын қайта-қайта ойнайды, бірақ шумағын енді айтайын де­сем, түк есіме түспейді. Бұл қор­лыққа күйіп кеткенім сон­ша­лық, сахна сыртында тұрған әке­ме мұңымды шағып, ал кеп бақырып жылайын... Содан бас­тап әкем, Айман деген дом­бырашы апайым мені өнерге түбегейлі баулыды. Кейіннен мектеп директоры Жәнібек Жа­манқұлов, ауылымыздың бас­шылары марқұм Салықбай Нарымбеков, Көкенай Мұста­ғұлов, Ернияз Ахметчин деген ауыл азаматтары тіреу болып, нағашым Тілеуқабыл Байтұр­сынов 1989 жылы Алма­тыдағы А.Жұ­банов атындағы мектеп- интер­натқа алып келді.
- Сіз ол кезде неше жаста едіңіз?
- Он екі-он үш жастағы бала­мын. Ауылдан бірінші шыққан бетім. Жер жаннаты - Жетісу, Алатау бөктеріндегі Алматы мен үшін арман қала, әлемде теңдесі жоқ шаһар. Алмасы үлкен қалаға бала кезімнен қатты ғашықпын. Қазір елдің бәріне Астана қандай ыстық көрінсе, маған Алматының әлі күнге дейін орны бөлек. Ең бірінші келгенде журналист аға­мыз Сәулебек Жәмкеновтің үйіне тоқтағанбыз. Сол кісі музыкалық мектепке ертіп апарды.
Жолым болып, домбыра кла­сына оқуға қабылдандым. Мек­тепте Бекболат Тілеуханов ән факультативінен сабақ береді екен. Ол кісі сол кезде консерва­торияның екінші әлде үшінші курс студенті-тін. Маған әп де­ген­нен Иман Жүсіптің әнін үй­ретті. Менің тұңғыш рет үйренген дәстүрлі әнім осы еді. Кейін Жү­сіпбек Елебековтен дәріс алған Қанат Құдайбергеновтің қолына түстім. Қанат аға «мынау, сенің еліңнің әні» деп Ақылбайдың әнімен таныстырды. Кейде «бала, ауылыңды сағынған боларсың. Ақыл­байдың әнін айтшы, Ақыл­байдың әнін сенен артық айтатын адам жоқ» деп, қанаттандырып, мақтаңқырап алатын. Не керек, Жұбанов мектебінде алтыншы сыныптан, сегізінші сыныпқа де­йін оқыдым. Жоғарыда атап өт­кен бөлем Мартбек Тоқмырза «КазГу»-дің журналистика фа­куль­тетін 1992 жылы бітіріп, елге жол жүретін болды. Мен үлкен қалада жалғыз өзім қалмайын деген оймен, Қарағандыдағы Тәт­тімбет атындағы музыкалық кол­леджге түсіп, бөлеме ілесіп, ауыл­ға қайттым. Мартбек ағам об­­лыс­­тық телеарнаға жұмысқа тұр­ды. Қайда істесе де, мені ұмытпайтын. Үлкен көмегі тиді. Әндерімді жергілікті радиоға жаз­дырып, телеарнаға хабарлар тү­сірт­ті. Мұнда да дом­быра класы­нан білімімді жалғас­тырдым. Ән сабағын қосымша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір­хан Адамбеков жүргізетін. Ол кісі Біржан салдың «Сырғақты», Мә­дидің «Қарқара­лы», «Қаракесек», т.б.әндерді бо­йы­ма сіңірді. Өзім бала кезімнен халық артисі Нұр­ғали Нүсіпжа­нов­қа қатты еліктей­тінмін. Бертін келе, марқұм Жә­ні­бек Кәрменов­тің әндерін көп тыңдадым. 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атын­дағы І облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, дипломант атан­дым. Осы сәттен бастап дәстүрлі өнерге біржола бет бұрдым...
- Киелі өнер - күйшілік қол болмады ма?
- Домбырадан Шоқанбаев Әбіл­тай деген ағам сабақ берді. Бірақ қанша республикалық күй­ші­лер байқауына қатыссам да еш­қандай жүлде алмадым. Әйтеуір, бағым жанбады. Сөйтіп, күй тар­тудан көңілім қалып, әнге көш­тім. 1996 жылы колледждің соңғы курсында оқып жүргенімде Жү­сіп­бек Елебеков атындағы облыс­тық дәстүрлі әншілер байқауы екінші мәрте өтті. Сонда Бекболат Тілеуханов қазылар алқасының құрамында отырды. Мен жүлделі екінші орын алып, Бекболат аға консерваторияға, бұрынғы - Халық аспаптар, қазіргі - Халық музыкасы факультетіне шақырды. Төрт жыл бойы Қайрат Байбо­сы­нов, Бекболат Тілеуханов, Сәуле Жанпейісова, Ержан Қосбарма­қов, Берік Жүсіптен тәлім-тәрбие алдым. Осы жерде Жүсіпбек Еле­бековтің зайыбы Хабиба апаймен таныстым. Дәстүрлі өнерде жүр­ген әншілермен араласа баста­дым. Ербол Айтбаев, Еркін Шү­кіманов, Ақан Әбдуәлі, Сержан Мұсайынов, Мұрат Әбуғазы, Ті­леу­лес Құрманғалиев, Саян Мұ­ха­­ме­­дияровтармен бірге оқыдым. Біздің арамызда сол кезде әннің сайысы, әннің базары қайнап жа­татын. Бөлмеміз қонақтан арыл­майтын. Біздің сабаққа дайын­дығымыз сол - кешкісін отырып бір-бірімізге ән салып, бір-бі­ріміздің жігерімізді жаныдық. Бі­рімізге қарап біріміз қателігімізді көрдік, артықшылығымызға сүй­сініп, кемшілігімізді түзедік. Құ­дайға шүкір, олардың барлығы қа­зір белгілі өнер майтал­ман­дарына айналды.
- Сіз шығармашылық жо­лыңыз­ға септігін тигізген адам­дар­ды айттыңыз, бірақ кез келген ән­ші­нің өнерінде де, өмірінде де қол­дап жүретін жанашыр ағалары болады. Сізде ондай қамқор адам бар ма?
- Менің көкем де, қолдаушым да, сүйенерім де - бір Алла. Қазір қолдаушы іздеп, біреуге «көке» деп барсаң, ол бергеннен ке­йін қайтарымын сұрайды. «Қазіргі заманда берген емес, ал­ған жо­март» дейдi ғой. Алғаннан кейін қайтару керек. Сондықтан тірі пенденің алдында кіріптар бол­май, бір Аллаға ғана сенемін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» дейді хакім Абай. Менің демеушім - Алла, тұғырым - халық. Сү­йемелдеушім - жоғарыдағы ұс­таздарым. Мен қанша жетістікке жетсем, оның барлығына сеп бол­ған сол игі-жақсылар. Артық-ке­мімді асырып, жетпей жатқан же­рімді жасырып, түзеп, тезге са­лып, төрелігін айтатын төл ұстазым - Мейірхан Адамбеков. Ал халық - өнерімнің сыншысы. Сахнадан түсе салып, көпшіліктің ортасына кірген кезде, елдің бер­ген батасы мені шексіз бақытты етеді. Төбем көкке жеткендей күй кешемін. Халқым аман болса, тіршілігіме мығым болсам, дәм-тұзым таусылмаса, өнерім өсіп-өркендей беретіні сөзсіз. Мен өнерде көкесіз жүрген азаматпын, іздемеймін де.
- Сіздің алдыңыздан қандай мәселе жиі шығады?
- Кейбір достарым «Сен неге эфирден көрінбейсің?» деп үнемі сұрайды. Эфирде болатындай ха­бар бар ма, қазір. Мысалға, бүгінгі таңда «Қазақстан» ұлттық арна­сын­да «Сегіз қырлы» деген дәс­түрлі әндерге арналған бір-ақ бағ­дарлама бар, онда да оған менің шығуым ыңғайсыз. Ұстаз болып жүргенде жаңадан шығып келе жатқан іні-қарындастарыммен жа­ғаласып нем бар?! Біздің көрі­нетін жеріміз халықтың ортасы, той-томалақ, тұсаукесер, сүндет той, тілашар, шілдехана, бесік той... Сонымен қатар алпыс жыл­дық, жетпіс жылдық, сексен жылдық...
- Эфирде жоқ болсаңыз да, тойшыл қауым қызықшылықтары­на өздері тауып алып жатыр ғой...
- Құдайға шүкір... Халыққа деген ризашылығым шексіз. Бір ғасырда бір туатын қазақ өнерінің майталманы, тарпаң мінез, кесек тұлға Нұрғиса Тілендиев «Мен халыққа еркелеймін. Менің ер­келігімді көтерген халыққа мың алғыс!» деген екен. Халық бар жерде өнер бар, өнер бар жерде Абзал сияқты өнерпаздар бар.
- Өнер академиясында сабақ бересіз бе?
- Иә, Өнер акаде­мия­сына келуімнің өзі бір қызық оқиға. Консерваторияны бітіргеннен кейін Қарағандыдағы Тәттімбет атын­дағы өзім оқыған музыкалық колледжде жұмыс істедім. 2001 жылы Алматыға қайта келдім де, үйде екі ай бос жаттым. Қанша талпыныс жасасам да, өз маман­дығым бойынша еш жер жұмысқа алмайды. Содан «екі қолға бір кү­рек» деп, күздің күні елдің бәрі сабаққа кіріскен кезде мен құ­ры­лыс саласына кеттім. Бір жылдан кейін Алматыда бірінші ашылған кір жуғыш ұнтақтар шығаратын зауыттан бір-ақ шықтым. Бірінші кезде жүкші болып орналастым. Сол кезде ауыр жұмыстың барлы­ғын бастан өткердік. Ауылда ту­ғаным, жастайымнан еңбекке ара­ласқаным, әкемнің үнемі ай­татын ақылы дәл сол жерде көп көмектесті. Әкем Алматыға кетіп бара жатқанымда «Балам, сен ешкімнен артық емессің. Елдің сен сияқты әнші балалары жүр ғой, қалада қаңғып, сен де қаң­ғырсың. Бірақ жасыма, жігіт атыңа лайық бол» деген сөзі қанат бітіретін. Жұмыста өзімді әншімін деген жоқпын. Ел қалай жұмыс істесе, мен де солардан қалыс­падым. Тура өзімнің төл ма­ман­дығымдай бар жан-тәніммен ең­бек еттім. Ел қатарлы ақша тап­тым, бала-шағамды асыра­дым. Жаман болғаным жоқ. Бірақ сол кезде өнерден біржолата кеткен шығармын деп ойлайтын­мын. Құрылыста да, зауытта да дом­бырамды қасымнан бір елі тас­тамадым. Өнерлі адам қай жерде де өнерлі екеніне сонда көзім жетті. Құдайдың берер несібесі таусылмайды екен, 2003 жылы музыкатанушы Гүлзада Омарова деген апайым Т.Жүр­генов атын­дағы өнер академия­сына әнші-оқытушы іздейді. Сон­да қазақтан шыққан кәсіби жалғыз сыбыз­ғышы Талғат Мұ­қышев мені ұсынған екен. Апай «Ол қайда жүр?» деп сұрайды. Ол кезде мен зауыттың буып-түю бөлімінде оператор болатынмын. Жұмыста лауазы­мым өсіп қалған. Әлеу­меттік жағдайға ойланбастан, өнер үшін, өзімнің болашағым үшін, шығармашылық ізденісім үшін бір Аллаға тәуекел еттім. Бұл менің өнер әлеміне, киелі сахнаға екінші рет келуім еді. Кезінде бірге оқыған, бірге жүрген дос­тарым өнерге қайтып оралуыма қатты қуанды.
- Қазір А.Жұбанов атындағы музыкалық мектеп-интернаты дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарысыз. Бастығыңыз Ақан Әбдуәлі - өмірдегі, сахнадағы әріп­тесіңіз. Дос адамдардың бірге жұмыс істеуі олардың сыйлас­тығына сына түсірмей ме? Жұмыс барысында ескерту, сын айтылмай тұрмайды. Сондай сәтте досты­ғыңызға арқа сүйеп, құлақ ас­қы­ңыз келмей, қит ете қалмайсыз ба? Немесе «жұрт көзінен жасырып, оңашада айтпады» деп тоң-теріс мінез көрсетпейсіз бе?
- Ақан екеуміз «Қазақстан» ұлттық арнасында «Қазақтың 100 әні» тележобасында да бірге еңбек еткен, өнердің, өмірдің қызық-шыжығын, ащы-тұ­щ­ысын, ыс­тық-суығын қатар көріп келе жатқан сыралғы жолдаспыз. Директор болсын-болмасын, өз орны, сый-сияпаты бар азамат. Үзеңгілес достан да үйренетінің көп. Сабырлылығын, сөз сап­тау­ын бағамдайсың. Мерейін тасы­тып, аяқ-қолын жерге тигізбей, мадақтағалы отырған жоқпын. Менсіз де мақтаулы жігіт. Мен оны мақтамаймын, оған көз ти­месе екен деймін. Жұмыс бары­сына тоқталсам, мектепке ол кісі­ден бұрын келгенмін. Аптасына бір-екі рет барып, баяғы кезінде өзім Бекболат Тілеухановтан са­бақ алған факультативті жүргізе­тінмін. Бір күні басшылыққа Ақан келіп, «Тәрбие ісін қолыңа алсаң, қайтеді?» деді. Жатпай-тұрмай артылған сенімді ақтау - бойымда бар қасиет. Егер маған жұмыс барысында сын айтылса, оны дұрыс қабылдаймын. Бас­шы­мен жағаласып, жұлқылас­пай­мын. Жалпы, басшыға сын айт­қанды жақсы көрмеймін. Құранда «Ханға қарсы сөз айту - Аллаға қарсы сөз айту» де­лінген. Бастық та солай. Бастық қай уақытта да қол астын­дағы­ларға сыншы. Сынды қабылдай білген адам, жұмыс істей алады. Қабылдай алмаған, басынан сөз асырмай «мен-мен» деп басқа шауып, төс­ке өрлеген адам ұзаққа бармайды. Менің салама қатысты жиналыста да, көпшіліктің орта­сында да маған ескерту жаса­май­ды емес, жасайды. Қате кеткен жерімді көрді ме, мен оны қай­таламауға, түзеуге тиіспін. Талап­ты орнымен қояды, мен оны орнымен орын­дауым керек. Ме­нің қағидам - сол. Одан басқа «Дос едік қой, көзің жақсы, сөзің жақсы» деген әңгіме жоқ. Жұ­мыста дос емеспіз, қызметтес, әріп­теспіз. Ол - басшы, мен - оның орынбаса­рымын. Мектеп­тен тыс уақытта, сахнада, өз орта­мызда доспыз. Ол менен артық дүниені талап етпейді. Мен де тапсырылған істің «Қылшығын шығарам» деп, былшығын шы­ғар­маймын. Ха­лық­тың, келешек ұрпақтың қамын күйттеген аза­маттың бір жағына шығысқанды, болысқан­ды жаным сүйеді. Әуелі өзімнің емес, оның идеясының, арманы­ның іске асқанын тілей­мін.
- Сенім артқаннан кейін тәрбие саласында ізденіс жасадыңыз ба?
- Әрине. Мектепте ең алды­мен тәрбиеге көп көңіл бөлінеді. Оқушыларға өз ісінің нәтижесін көрсетуге тырысып келеміз. Та­лантты шәкірттеріміз қайда бар­масын, барған жерлерінде жүлделі орынмен қайтып жүр. Қазіргі ба­ла­ны ертегі айтып алдай алмай­сың. Бұрын бізді ертегімен, ойыншықпен алдаған шығар, бү­­­гін­­гінің баласы өзіңді алдайды. Балаға күнде ұрыссаң, жексұрын боласың. Арқасынан қағып, ба­сы­нан сипап, мақтап тұрып айт­саң, нәтиже береді. Қаракөз­дерімізді орыс балаларының бо­йындағы өжеттілікке үйреткім келеді. Кейбір өнер адамдарын қарап отырсаңыз, музыканы, әнді жоғары деңгейде жеткізгенімен, сөзге шорқақ. Ал орыстар әнді шырқай біледі, сөзді де айта алады. Біздің балалар жасық емес, ұяң, ішкі ойын жасырып қалады. Сұрасаң да, сыртқа шығармайды, тіс жармайды. Өтірікке жол беретіндері де кездеседі. Дүниеде баланың өтірік айтуы деген адам­ның жүрегін сыздатпай қоймай­ды. Олармен өзіңмен тең сөйле­сіп, нақты тапсырма беріп, нақты ісіңмен, нақты мінезіңмен ғана үлгі болу керек деп ойлаймын. Қазіргі сәтте ертең дәстүрлі өнердің құлағын ұстайтын кем дегенде он бес шәкірт тәрбиелесем деп жүрмін.
Жалпы, өмірде де, өнерде де қарапайымдылықты ұнатамын. Шынайылықты жақсы көремін. Өнерде шынайылық керек, қиял­дан түк шықпайды. Бірақ бостан - бос өзімді алға тарта бермеймін.
- Сонда арманға қол созу, алдағы күнге ұмтылу деген жоқ па? Дөңгелеген дүниенің дүрмегімен ілбіп, көптің ішінде елеусіз күн кешкіңіз келе ме?
- Ұмтылыс бар, шамадан тыс тыраштанбаймын. Қолдан жасан­ды мінез көрсетпеймін. Қайда жүрсем де «Бетегеден биік, жусан­нан аласа» болып жүруге тыры­самын. Шын жүрегіммен халық­тың келешегі үшін, ұрпақтың қамы үшін, елдің ертеңі үшін жа­ным ауырады. Жанымда жүрген достарым да ұлттың ұлы мақ­сат­тары жолында жан аямауға бар. Мен де солармен біргемін. Аллаға мінәжат етіп тұрып, халыққа жақсылық сұраймын. Ел аман, жұрт тыныш болсын деп тілеймін.
- Шақырған жерден қалмайсыз ба?
- Қалмаймын, өйткені ду­манды жақсы көремін. Көпшілікті жақсы көремін. Көпшілік бар жерде қызықты әңгіме болады, көзің ашылады, жаңалық естисің. Жаңалық болғанда, өсек тыңдау үшін бармаймын. Халықтың жағ­дайын білемін. Ел үшін қуанамын. Біреудің қуанышына қуана білген дұрыс. Қуана алмасаң, неменесіне қонаққа барасың?!
- Қонаққа барып, дастар­қан­ның бір шетінде отырып, ішіп-жеп, үндемей келіп, үндемей кететін қо­нақтар бар. Келген-келмегені, бар-жоғы білінбейді. Керісінше өз көңілін көтеріп, қонақтардың көңі­лін аулап, той үй иесінің көңілін кө­теріп, төбесін көкке жеткізгендей етіп кететін қонақ бар. Сіз қандай қонақсыз?
- Құдайға шүкір, мен барған жерімде қонақпын деп отыр­май­мын. Мен қонаққа шақырған адам­ның қонағын күтуге тырыса­мын. Қонағын күткенде елдің алдынан ыдыс-аяғын, ет табағын алып жүгірмеймін. Дәмді сөз, жақсы ән айтуға тырысамын. Халыққа ақыл айтып қажеті жоқ. Ақыл-нақылдың барлығы айтып жүрген дәстүрлі әндеріміздің ішін­де тұнып тұр. Көпшіліктің ор­тасында көрініп отырсам екен дейтін мінезді жақтырмаймын. Өнері бар адам онсызда көрінбей отыра алмайды. Өзіңді-өзің мақ­тап, жарнамамен шығарғаннан көрі, халықтың қолдауымен шық­қанға не жетсін?! Бірақ аяқтан шал­ғанды ұната қоймаймын. Он­дай пиғылға кектеніп қалатыным да бар...
- Жұма сайын мешітке барып, сәждеге бас қоятын мұсылман баласына кек қайтару жат қасиет емес пе?
- Дінге ден қойғалы біреуден кек алдым деп те айта алмаймын. Оңтайлы жері келді, екі-үш рет оқталып, ақыры ақымды ала ал­мадым. Қайтарғым келді, бірақ жеме-жемге келгенде жүрегім бат­пады. Ол маған иттік жасаса да, мен оған иттік жасай алмадым. Өзіме жамандық жасаған, жаны­ма тиген, күйіндірген адамды ая­дым. «Өтіп кетті ғой, бүгініме шү­кір» деп кешіріммен қарадым. Іш­тей тас түйін болғаныммен, көңі­лім дауаламады. Жұмсақ жү­регім Құдайдан қорықты.
- Аяқтан шалғандар болды ма?
- Болды. Бір жерге барсаң кекетіп, мұқатқысы кеп тұратын пенделер бар. Мен оларға құлақ аспаймын. Күңкіл сөздерін керек қылмаймын. Талай рет мені ке­кеткісі келген адам сол ортадан таяқ жеп шығып кеткен кездер кездесті. Жалпы, қандай жағдайда болсын, ер азамат болғаннан ке­йін өзімді сабырлы ұстаймын. Мы­салы, жасы үлкен адамдар ашуға мініп, айқайлап жатқанда, оған сен қоса айқайласаң, кіші­лігің, ізеттілігің қайсы, үлкенге сыйың, көрсеткен құрметің кәне? Дауыс көтерді екен деп, әкең мен шешеңмен салғыласып жатсаң, сен қайбір жетіскен баласың?!
Құдайдан бірінші тілейтінім - абырой. Лепіріп сөйлегеннен гөрі, нақты ісімді көрсеткенді жақсы көремін. Бір сағат тілек айт­қаннан, екі ән айтқаным ар­тық. Болмайтын сайтани ойға бе­рі­ліп, бос нәрсеге сөз шығын қы­лып, әркімнің сөзіне құлақ асып, қор болғым келмейді.
- Қызылды-жасылды жылты­рақ дүниеге қалай қарайсыз?
- Пенденің көзі байлықта,
Дүниеге тоймайды.
Моласына бірақ та,
Алтыннан белгі қоймайды.
Бағыңда өскен бәйтерек,
Терің тамса солмайды.
Арманы биік асыл ер,
Ұрпақтың қамын ойлайды, -

деп Жәнібек Кәрменов айт­қандай, жүректі дүниеге бағын­дырғым келмейді.
Әрине, нәпақаға келгенде кім жақсы ақша тапқысы келмейді?! Кім жақсы жұмыс істегісі кел­мейді, кім жақсы көлік мінгісі кел­мейді?! Бірақ абыройды алды­мен ойлау керек. Содан кейін жақ­сы өмір сүр, жақсы үйде тұр. Армансыз адам болмайды. Ар­ман­сыз болсаң, несіне өмір сү­ресің?! Алла «Тіле, ниет ет, сосын әрекет қыл» дейді. Құдайға шү­кір, әрекет етіп жатырмыз. Ни­е­тіміз түзу болсын. Бос әу­реге құмар емеспін. Ол мен үш­ін ұсақтық.
- Жалпы, ер адам үшін ұсақ­тық қой...
- Менің әкем «ұсақтыққа барма, ұсақ болсаң, тірлігің оңа­л­майды. Ұсақтық мінезің көбейсе, абыройың кетеді» деп отырады. Әрине, барған жер­іңде өзіңнің ең­бегің үшін ала­тын тиесілі несі­беңді алсаң, ол ұсақтық емес. Қанағатшыл бол­ған дұрыс.
- Кімді үлгі тұтасыз?
- Кейде Абай сияқты ұста­зым бол­са екен деп армандай­мын. Қазақ­та Абайдай тәрбиеші жоқ. Менің үлгі тұтарым - Абай!
- Дәстүрлі өнер дәріптел­мейді... деп айта аласыз ба?
- Осы проблема туралы көп ай­тып, таусыла бергенді қала­маймын. Қазіргі заманда жоқ дей берсек, бар дүние жоғалып жатыр емес пе?! Көз жасыңды көл қы­лып, төге бергеннен түк шықпай­ды. Дәстүрлі өнердің жағдайын қайдам, соны наси­хат­таушының жағдайы туралы көп айтылып жүр. Әрине, са­лыстырмалы түрде алсақ, эс­тра­да әншілеріне қара­ғанда жағдайымыз төмендеу. Бізге қарағанда олардың аты да, бет-жүзі де танымал. Мен бұған налып отырған жоқпын. Шын­дығы сол. Ал дәстүрлі өнерді дамыту дәстүрлі әнші­лер­дің міндеті. Біз бірі­гуіміз қажет. Дәстүрлі өнерді қалай дәріптеу керек екенін ізденуіміз керек. Әрқайсы­мыз­дың пікіріміз әр қилы. Сосын бір-бірімізді таса­да тұ­рып сы­науға мықтымыз. «Анау әнші, мынау әнші емес» деп айтатын әріптестеріміз бар. Бұлай баға беретін ол кім? Бізге төреші - халық, халық ол ән­шіні әнші деп төбесіне көтеріп отыр. Мен халықтан асып қайда барамын? Әншіні «әнші емес» деп айту­дың өзі әбестік. Кез келген БАҚ-тағы музыкалық редак­ция, руханият бөліміне жауапты басшылар дәс­түрлі өнердің дәріптелуіне жана­шырлық та­ныт­са екен деймін. Бірлі-жарым басылымдар, бір­ді-екілі журналистер радио­дан, кей концерттерден әнімізді естіп, сұхбат алып жатады. Соның өзіне қуанып қаламыз.
- Қазір лауазымды қызмет­те­сіз. Түбінде әншілігіңізді лауа­зымға айырбастап жіберуіңіз мүм­кін бе?
- Менің бұл орынға келуім бір Құдайдың сыны мен бас­шының сенімі деп білемін. Бұл қызметте де халыққа қызмет етіп жатыр­мын. Өнер - мәң­гілік, лауызым уақытша дүние. Халықтың ыс­тық ықыласына не жетсін!

Сұхбаттасқан
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТОВА