Отандық телеарналар қазақ көрермені үшін күресе ала ма?

29.07.10.
Осы аптада Байланыс және ақпарат министрлігі мен Қазақстан теле-ра­дио­таратушылары арасында ынтымақ­тастық жөнінде меморандумға қол қо­йылды. Енді отандық телеарналар жер­­гі­лікті көрермендер үшін үкіметпен бірлесіп күреспек. Басты мақсаттардың бірі - Қазақстанның имиджін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеу, жас­тарды рухани тәрбиелеу және телеар­налардың әлеуметтік жауапкершілігін сезіндіру. Кездесуде телеарналардағы тілдік ахуал да әңгіме өзегіне айналды.
Бұл арада министрлік телеарналарда мемлекеттік тілдегі сапалы бағдар­ла­малар мен ғаламтор арқылы тарайтын отандық өнімдердің санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Десе де, бұл ме­мо­рандум заңдағы тілдік талаптардың орындалуын қаншалықты қамтамасыз ете алады? Жергілікті тележурналистер пікірі төмендегідей:
Ришат Асқарбекұлы, «Астана» те­леарнасы жаңалықтар қызметінің тілшісі:
- Қазір отандық телеарналарда ел қарайтын уақытта орыс тіліндегі бағ­дарламалар мен телехикаяларды қазақша субтитрмен көрсету үрдісі белең алғанын көріп отырмыз. Мұны кейбір телема­мандар тәуліктік эфир кестесіндегі ана тіліміздің 50 пайыздық үлесін жабудың ең қолайлы әдісі деп қарайтын сияқты. Меніңше, бұл - қазақтілді көрерменді алдау. Байланыс және ақпарат ми­нистр­лігінің телеарна жетекшілерімен уағда­ластығы осы бір олқылықтың орын ал­мауына ықпал етсе деп ойлаймын. Эфирде тілдік тепе-теңдікті сақтау қан­шалықты заңмен бекітілсе де, оның орындалмай отырғанын ешкім жасыра алмайды. Ал жаңа министрліктің теле­визиядағы қазақ тілінің өрісін кеңейтуге қатысты тың тапсырмалары, әрине, тіл жанашырлары үшін қуанышты. Оның үстіне алдағы күзде мемлекеттік тілді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы бе­кітілмек. Ендеше, осы маңызды құжатта да БАҚ-тағы қазақ тілінің дамуына қатысты жүктелген міндеттер бар. Төл министрліктің телеөнім таратушыларын жүйелі жұмыс жасауға шақырып отыруы содан болар.
Қанат ТІЛЕУХАН, тележурналист:
- Бұл меморандумнан бір нәтиже шығады дегенге өз басым сенбеймін. Себебі мына жайттардан хабарсызбын. Дағды бойынша, министрдің тағы да ауысып кетпесіне кім кепіл?! Сондай жағдайда министрлік бұл істі аяқсыз қалдырмай ма? Телеарна басшылары тек орындаушылар, сол себептен келісім қожайындардың өздерімен болуы керек еді. Бұл қазақ көрерменінің көңілін кө­теріп қоятын кезекті бір акция сияқты. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тұсында «50 де 50» дегендей заңды дұрыс талаптар шықты. Оның үстіне телеарнадан ресми тілдегі бағдарламалар қазақша титрмен берілсе, арна «Тіл туралы» заңды орын­дап отыр дегендей ұстаным бар. Бұл - өзіңді-өзің алдау деген сөз. Министрлік осындай олқылықтарды жоюы керек.
Өкінішке қарай, отандық телеарна басшылары қазақ тілінде бағдарламалар жасауға ынталы дегенге сену қиын. Бүгінде кейбір телеарналар басшы­лы­ғында салаға кездейсоқ келген адамдар отыр. Олардың мемлекетшілдігінен би­лікшілдігі басым. Кезінде республи­ка­мыз­дағы үлкен бір теле-радиокомпа­нияны көмір базасының директоры болған адам басқарды. Десе де, қазақша бағдарламалардың жаңадан шығарылуы да ықтимал. Тек бұл бағдарламалар аз ақшаға түсіріліп, ел ұйқыға кеткенде көрсетілмесе жөн еді...