Didar

29.07.10.

Оразәлі БАЙМҰРАТ, КТК телеарнасы жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы: Мемлекеттік тілдегі телеарна - қазақ тележурналистерінің ұлы арманы
- КТК телеарнасы сайтында алдыңғы айдың соңындағы осы ар­нада үздік деп танылған телебағ­дар­ламалар рейтингі жарияла­ныпты. Олардың арасында қазақ бағдарламалары жоқтың қасы. Бұл жазғы демалыстың кесірі ме, әлде қазақша бағдарламалардың азды­ғы­нан туындаған мәселе ме?
- Рейтингке Құранның сөзі деп қарауға болмайды. Оған 100 пайыз сенім жоқ. Бұл - салыс­тыр­малы түрде жасалатын дүние. Сосын мұны жасаушылардың қазақ тілін түпкілікті жоюды, оны бәсекеге қабілеті жоқ тіл деп на­сихаттауды мақсат етпейтініне кім кепілдік бере алады?! Мен қа­зақша бағдарламалардың рей­тингі­­нің төмен болуын осыдан да көремін. Әйтпесе, біз ешкімнен кем дүние жасап жатқан жоқпыз. Мүмкіндік берсе, әлі де жасай береміз.
Өзін мақтады деп сөкпеңіз. Дегенмен байқасаңыз, КТК жап-жақсы жаңалықтар шығарып отыр. Жетекшіміз Ақмарал Әб­жани қазақша хабарды тек қана сапалы етіп шығаруға күш салумен келеді. Талап өте қатаң. Тақырып табу - бір бөлек, әр сюжеттің ұғынықты жасалуы үшін де тер төгуге тура келеді. Кешке көрер­мен риза болып отырып көретін жаңалықтарымыз осындай жан­кеш­тілікпен шығады. Ал оны рей­тинг деген «құдайыңыз» елемей жатса, соны жасап отырғандардың өзіне серт. Қайта жаңалықтар ол жерде кейде жақсы орындарға ие болып жатады. Бірақ, әттеген-айы, жұрт сүйіп көретін «Жүрек­жардыға» да, «Кейіпкерге» де сол сіз айтқан рейтингтен орын бұйырмай жатыр ғой.
Менің білуімше, рейтинг тек ірі қалалардағы өлшем бо­й­ын­ша ғана жасалады екен. Ал қа­зақ тілі­нің ірі қалалардың есігінен әлі күн­ге дейін сығалап тұрғанын ескерсеңіз, мәселенің мәнін ұғы­на аласыз деп ойлаймын. Ал енді сол рейтингіңіз бұлай бөле-жар­май, бүкіл елдің аумағын қамтыса, қазақша хабарлардың ең алдыңғы орынға шығары анық. Өйткені қа­зақша көретіндердің көбі ауыл­да екені, әрі олардың өте көп екені, мен айтпасам да, аян.
Бір жағынан, рейтингке де өкпе арта беруге болмас. Өзімізден де бір шикілік бар шығар. Бірақ соншалықты төмендетіп жіберетін деңгейде еместігімізді көпшілік көрермен ешқандай есептегішсіз-ақ, өзі бағамдап отыр.
- Қалай ойлайсыз, қазір елдегі орыстілді ғана емес, кең тараған ре­сей­лік телебағдарламалармен шы­найы бәсекеге түсе алатын қа­зақтілді сапалы телевизия өнім­дерін шығару мүмкін бе? Елде жаңа сапалы қазақша бағдарламалар жасау ісін сізге жүктесе, жұмысты неден бастар едіңіз?
- Ұзақ отырып қиялдауға бо­латын сұрақ екен. Бұл жағынан менде арман көп. Өз салам бол­ған­дықтан, ең алдымен ақпарат­тық-сараптамалық бағдарлама­лар­ға бүйрегім бұратыны анық. Солардың сапасын арттыруға күш салу керек. Ал соны дайындай алатын мықты мамандарды жинау үшін мол қаржы қажет. Тележур­налистердің жалақысын барынша жоғары еткен жөн. Ал техникалық жағынан алғанда, ең соңғы үлгі­дегі жабдықтардың қажет болаты­ны, айтпасам да, түсінікті шы­ғар.
Сосын осы уақытқа дейін қа­зақстандық деп көрсетіліп жат­-қан сериалдарды мен қазақстан­дық деп танымаймын. Өйткені олар­дың бірде-бірі қазақша емес. Өкі­нішке қарай, осындай қарама-қайшылық біздің елде ғана болып отыр. Түріктер ағылшынша неме­се орыстар қытайша сериал түсі­ріп жатқан жоқ қой. Алты бө­лімнен тұрса да, тамаша жасалған «Ағайындылардың» өзі шұбар ала тілді болып шыққан соң, не сұ­райсыз? Міне, мен таза қазақша, қазақы сериалдарды қолға алар едім. Өйткені қазіргі «сәнді» сөз­бен айтқанда, телеарнаға жоғары рейтинг әкелетін солар. Тілдің де тынысы кеңейе түседі. Жалпы, осын­дай жаңалықтары бар, се­риал­дары бар, әйтеуір телевизия­ның барлық саласын қамтитын толыққанды таза қазақ тіліндегі телеарна ашылса ғой деп көптен бері армандап келеміз. Осыдан он жылдай бұрын біреуі болып еді. Оның аяғы немен тынғанын бі­лесіз.
- Соңғы кезде қазақша үш телеарна ашу үкіметтік деңгейде айты­ла бастады. Қазақша телеар­на­лар қазақ телевизиясының жағ­­дайын қаншалықты түзей алар екен?
- Жаңа айттым, бұл - қазақ те­ле­журналистерінің ең ұлы ар­маны. Қазақ телевизиясының жағ­дайын түзеу үшін сондай телеарнаның ашылғанының өзі де жетіп жатыр. Қаржы жағы дұрыс болып тұрса, оны ары қарай иге­ріп алып кетуге дайын отырған әріптестерім көп екеніне мен кә­міл сенемін.
- Тағы сіздердің сайттары­ңыз­дағы рейтингке жүгінсек, Қазақ­станда хабар тарататын теле­ар­налар арасында алдыңғы орынды тек ресейлік телеарналар алады. Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан осындай жағдай сізге қандай ой салады?
- Мына заманда аузы-мұр­ны­мызды тұмшалап, жан-жағымыз­дың бәрін қымтап отыра алмай­тынымыз анық. Бірақ ақпараттық қауіпсіздік - өте қажет нәрсе. Бұл да бізді қаншама жылдан бері ойлантып келеді. Ол тіпті ұлттық қауіпсіздікке де келіп тірелетін­дік­тен, бұл туралы билік те ой­ла­нуы тиіс еді. Бірақ оның қауқары тек шетелдік хабарлардың ре­трансляциясына белгілі бір дең­гейде шектеу қоюға ғана жетті. Бұл біздегі коммерциялық телеар­наларға жақсы болды. Өйткені оларға мол қаржы шығынданып, өз бағдарламасын шығарғаннан гөрі, Ресейдің дайын өнімін сатып алып, сосын оны қазақшаға ауда­ру арқылы тілге қатысты та­лапты орындай салған тиімді.
- Қазақшаға аудару демекші, кейінгі аударма фильмдердің сапа­сын көріп жүрген боларсыздар?
- Меніңше, ол жерде аудар­мамен айналысатын мамандардың еш кінәсі жоқ. Бұған, әйтеуір, тіл талабын орындау үшін сапаға еш көңіл аудармай, фильмдерді то­пыр­латып әкеліп, тәржімалатып жатқандар кінәлі. Аудармашылар соншалықты лекпен келіп жатқан дүниелерді қалайша сапалы етіп игере алады?! Сосын тәржімәсі тек субтитрмен берілетін бағдар­лама немесе сериалды қазақша өнім деп көрсететіндерге күлеміз бе, әлде жылаймыз ба?! Енді бұны да бетімен жіберіп алған билікке өкпе артыңыз...
Ал жаңағы рейтинг мәселесіне келсек, отандық телеарналардың жағдайы осындай болып жатқан­дықтан, әрине, жұрт ресейдікін қарай салғанды жөн көреді. Қазір жер серігі арқылы көрсетілетін арналарды қосып алғандар көп қой.
- Сонда не істейміз? Тып-тыныш ресейлік телеарналарды әрі қарай көре бермекпіз бе?
- Бұл жағдайды реттеу үшін отандық телеарналардың тек қана ретрансляциямен, сосын шетелдік өнімдерді сатып алумен «күн кө­руіне» тыйым салып, қазақша са­палы бағдарламаларды көптеп ашу­ға бар күшті жұмсау керек. Әйтпесе, болашақта бәріміз көр­ші ел саясатының жетегінде ке­тетін түріміз бар. Осы жағынан төрт құ­быласы түгел Ресейдің өзін­де үкі­мет ақпараттық қауіп­сіздік мәсе­лесі­не біздегідей бей-жай қа­­ра­­­майды.
Бір нәрсені айта кеткім келеді, сырт көзге байқалмайтын да шы­ғар, қазіргі қазақ тележурналистері осы саладағы тіл түйткіліне қарсы үлкен жұмыс жасап жатыр. Сосын ғой, кейде «бізден кейінгі буындар осындай да мәселе болғанын біл­мейтін жағдай орнаса ғой!» деп те армандап қоямыз.
- Қазақстанда күнделікті жиі әрі жедел жаңалықтар беретін те­леарна жоқ. Қазақ теларналарын­дағы жаңалықтар үлесінің аздығын немен түсіндірсек екен?
- Ресейде немесе басқа да шет­елдерде бұл жағынан қалып­тасқан бір жүйе бар. Олар сол жүйе­ден айнымай келеді. Ал біз ондай ба­ғытты қалыптастыра алған жоқ­пыз. Өйткені оған да тағы мол қаржы қажет. Техника­лық жағы­нан орасан көп жабдық керек. Мысалы, кез келген жур­на­­лист кез келген уақытта тіке­лей бай­ланысқа шыға алатындай мүм­кін­дік болуы тиіс. Ал қазіргі уақытта елімізде ондай телеар­наны ешкім жасай алған жоқ.
- Сіз кезінде газеттен теле­визияға ауысқан едіңіз. Сол кездегі шешіміңізді бүгін қалай бағалайсыз? Қазақ баспасөзі мен телевизия­сының даму қарқыны сәйкес келе ме?
- Қазір бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ең өтім­ді­сі - телевизия. Сондықтан бұл салаға келгеніме еш өкінбеймін. Кезінде ешқандай рейтингілік өлшемсіз-ақ көпшілік үзбей көре­тін бағдарлама екені байқалып тұратын «Ел-жұрт» мені елге та­нытты. Жабылып қалғанына бір­неше жыл болса да, талай жерде танып: «Сол бір жақсы хабар еді. Неге көрінбей кеттіңіз?» деп сұ­рап тұратындар көп. Басқа да бағдарламаларым болды. Жалпы, осы салада істеп келе жатқаныма 10 жылдан асыпты, телевизияға еш өкпем жоқ. Енді онсыз мына өмірді елестету мүмкін еместей.
Ал баспасөз - менің ұшқан ұям. Қаламым газетте ұштал­ды. Жазу шеберлігімді шыңдаған да - сол орта. Өз басым БАҚ-тың осы екі саласын бөліп-жармау керек, журналист деген қай-қай­сысында болса да, істеп кетуге дайын жүруі тиіс деген ойдамын. Дегенмен бә­рібір айырмашылық сезіліп тұра­ды екен.
- Жаңа сіз «Ел-жұрт» бағ­дарламасы елге танытты» деп қал­дыңыз. Қазақ телевизиясы арқы­лы елге кеңінен танымал болу мүмкін бе?! Мысалы, неге бізде «теле­жұлдыздар» жоқ?
- Ресейде «тележұлдыздың» көбі қолдан жасалады. Яғни оның имиджін қалыптастыру жолында орасан зор жұмыстар жүргізіледі. Тележүргізушіге бар жағдайды жа­сап, эфирді өз меншігіндей се­зінуіне мүмкіндік береді. Ал бізде сондай жүйе жоқ қой. Бағдарлама жетекшісінің немесе продюсерінің ыңғайына жығылуға тура келеді. Өз-өзіне сенімсіз, қай күні эфир­ден алып тастайды деп ойлап оты­ратын жүргізушіден қандай «тележұлдыз» шығады?
Бұл сұрағыңыз дұрыс қойылып отыр. Қазақ телевизиясы ендігі жерде көпшілік көрермен сүйіп кө­ретін тұлғаларды қалыптасты­румен мықтап айналысуы керек. Сіз о баста сұраған рейтингке мұ­ның да ықпалы зор. Әрине, «теле­жұлдыздар» мүлдем жоқ деп айту­ға болмас. Бірақ олардың имиджін көтеру жағы бізде кемшін соғып жатыр.
- Өзіңіз құрмет тұтып, үлгі алатын телевизия мэтрі бар ма?
- Қазақ телевизиясында мен білетін мэтр - Нұртілеу Иман­ғалиұлы. Оның, әсіресе, студияда сұхбат алу стилі ұнайды. Бір айта кетерлігі, біздің телевизиядағы аға буын журналистер арасында қа­зіргі заман ағымына бейім­дел­гендері сирек. Сол сиректің бірі - осы Нұртілеу ағамыз. Ал, негізі, қазіргі қазақ телевизиясының дамуына үлкен үлес қосып отыр­ғандардың көбі - жастар.
Жасыратыны жоқ, біздің те­левизия Ресейге қарап бой түзеп келе жатыр. Осы жағынан келген­де, Леонид Парфеновтан көп үлгі алғым келеді. Оның әншейін бір жылтыраған жүргізуші емес, өресі биік адам екені байқалады. Биыл көктемде ол Алматыға келді. Сон­да бір журналист «Қазақстандағы бір ақпарат құралын басқарғыңыз келмей ме?» деген сұрақ қойды. Бұл сұраққа таңғалған ол былай деген еді: «Қазақ тілін, әдет-ғұр­пын білмей, Қазақстанның ақ­па­рат құралын қалай басқарамын? Тіп­ті орыстарға бауырлас ел са­налатын Украинада жұмыс істей алмас едім. Өйткені украин тілін де жетік білмеймін». Міне, көр­ді­ңіз бе? Ал біздегі БАҚ-тың бас­шылары бұл мәселеге бас қатыр­майды да.
- Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА