Бәйкен Әшімов 1917 жылдың 28 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы «Шарық» совхозында (бұрынғы Шабақбай ауылы) дүниеге келді. Әкесі Әшім ұлы дүниеге келгеннен кейін алты айдан соң көз жұмыпты. Анасы Сақып жалғыз ұлды өзі өсіріп, тәрбиелейді.
Бала кезінен алғыр, қағілез болып өскен Бәйкен Петропавлда орталау мектепті, кейін ауылшаруашылық техникумын бітіреді. Кейіннен сол кездегі қазақ жастары үшін таңсық кәсіп - агрономдық мамандықты игеруге аңсары ауып, қиырдағы Ленинград қаласына барып, бағын сынайды. 1957 жылы Ленинградтағы зоология және фитопотология институтына түсіп, агроном-ғалым мамандығын алып шығады. 1968 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай тамамдайды. 1938-1945 жж. кеңестік әскер қатарында болып, қан майданда ерлік көрсетеді. 1959-1961 жж. Қазақстан КП Көкшетау облыстық комитетінің екінші хатшысы, 1961-1968 жж. Қарағанды облыстық, 1968-1970 жж. Талдықорған облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарады. 1970 жылдан 1984 жылға дейін Қазақ КСР Министрлер кеңесін басқарады. 1984-1985 жж. Қазақ КСР Жоғары Кеңес Президиумының төрағасы және КСРО Жоғары кеңес Президиумы төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, 1985 жылы дербес зейнетке шығады. 1971 жылдан Коммунистік партия мүшесі болған Бәйкен Әшімов 1986 жылы партиядан шығарылады. Социалистік Еңбек Ері орденімен, төрт рет Ленин орденімен, басқа да орден-медальдармен марапатталған.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» орденін 90 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің омырауына таққан еді...
Президент көңіл айтты
Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің қайтыс болуына байланысты оның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.
«Бәйкен Әшімов аса білімді, талантты, ар-ожданы кіршіксіз таза адам еді. Оның жарқын бейнесі мен өмірлік ұстанымы біздің халқымыздың есінде мәңгі сақталады», - деп атап көрсетілген жеделхатта.
Хат мәтінін бүгін Мемлекет басшысының баспасөз қызметі таратты.
Танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, бұрынғы Министрлер кеңесі төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің президиум төрағасы Бәйкен Әшімов жұмаға қараған түні 93 жасында өмірден озды.
Рухың пейіште шалқысын!
...Осыдан жиырма шақты күн бұрын сүйіп қосылған жары Бақыт Әсетқызы дүниеден озып еді. Жақын-жұрағат болып, бүкіл ел болып, Бақыт апамызды шығарып салдық. Сонда жап-жақсы, дені сау, ширақ отырған Бәйкен аға кешегі бейсенбі күнге «Бақытты еске аламыз» деп, өзі жақын араласатын бір топ адамды үйіне шақырып қойған болатын. Ђкінішке қарай, бұл бейсенбі өзі бақилық болып кете барды.
Үлкен азамат дүниеден озды. Мен Бәйкен ақсақалды жастайымнан білемін десем болады. 1975 жылы Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Ол кезде горисполком тікелей өкіметке - Қазақ КСР Министрлер кеңесіне бағынатын. Кеңес төрағасы Бәйкен Әшімұлы болатын. Алматы ол уақытта біздің астанамыз, ең үлкен қала. Сол жылдары Алматыда құрылыс саласы қарқынды дамыды. Алматының символы болған «Қазақстан» қонақүйінен бастап, көптеген құрылыстардың салынуына, Алматымен бірге, жалпы, Қазақстанның көркейіп өсуіне, экономикасының қарыштап дамуына, мәдениетінің гүлденуіне Қазақстанның бірінші басшысы Димекең қаншалықты үлес қосқан болса, Бәйкен Әшімұлы да соншалықты еңбек етті. Кеңес Одағы бойынша Министрлер кеңесінің төрағасы болған екі-ақ адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған, соның бірі - Бәйкен Әшімов болатын.
Бәйкен ағамен сол жылдардан бастап, күні бүгінге дейін қоян-қолтық араластық. Отбасымызбен араластық. Ол кісіні қатты құрметтейтінмін, сыйлайтынмын. Бақыт Әсетқызы Бәйкенді соғысқа шығарып салып, ұзақ жылдар бойы күтіп, ол аман-есен оралғанда екеуі бас қосқан. Екеуі 65 жыл өмірін бірге өткізді. Бәйкен аға өте салмақты, тыңғылықты, көп сөйлемейтін, не айтса да, бас-аяғын екшеп, тұжырымдап, ақылға салып, қорытынды сөзін бір-ақ айтатын. 14 жыл өкімет басқару оңай емес. «Елу жыл ел ағасы» атанған Димекеңнің өзі ол кісіні қатты құрметтейтін. Екеуі халықпен кездесіп, ақын-жазушылар жүздесіп, олардың көкейкесті мәселелерін тыңдағанда немесе үлкенді-кішілі жиналыстарда қандай сауал туындаса да Қонаев «Бәйкен Әшімович, сіз қалай ойлайсыз, бұл мәселені не істейміз? Қалай шешкен дұрыс?» деп, онымен ақылдасып отыратын, оған көп сенім артып, жауапкершілік жүктейтін. Бәйкен аға да ол кісінің барлық тапсырмасын түгел жазып алып, рет-ретімен шешіп отыратын. Соның арқасында екеуі тату-тәтті, біріне-бірі арқа сүйеп, халыққа қызмет етті. Ол екеуі ел басқарып отырған кезде ырың-жырың да болмайтын, айғай-шу да шықпайтын...
Бүгін пейілі кең, жүрегі ізгі, жаны жомарт, тілегі дархан адам өмірден озды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Тірісінде жастарға батасын беріп, тілекші, қамқоршы болып жүруші еді, өлген соң да Бәйкен ағаның рухы қазақты қолдап-қоршап жүрсін! Бақұл бол, асыл аға!
Кеңес Аухадиев
Өнегелі қария өмірден озды
Бәйкен Әшімов - одақ көлеміндегі Қазақстанның ең озық, алғы шептегі республика болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген алаштың арда ұлы еді. Адал болды, таза болды, пендешіліктен ада болды. Өзіне сенді, еңбегіне сенді, басқалардан да соны талап етті. Дінмұхаммед Қонаев сияқты ол кісінің артында да байлық қалған жоқ, азаматтық тау тұлғасы қалды. Адамгершілігі қалды.
Қолындағы барын, жиған-тергенінің бәрін Қонаев секілді, балабақшаларға, балалар үйіне үлестіріп бергенін білеміз. Үндемей жүріп, үлкен істер тындырды. Басшылық қызметтерде жүргенде еліміздің өркендеуіне, жеріміздің гүлденуіне барын салды. Қазақ та басшы бола алатынын, басқара алатынын дәлелдеді. Орнынан түскеннен кейін де, зейнетке шыққаннан соң да сол баяғы мінезін, ірілігін, кесектігін жоғалтпай, тәртіпті, өнегелі өмір сүрді. Бәйкен Әшімұлы үшін кісілік, адамгершілік әркез бірінші кезекте тұратын. Қиналыста жүрген талай адамдарға қол ұшын созды, жақсылығын жасады. Көптеген жағдайларда әділдіктің үстемдік құруына себепкер болды. Бүгінгі қоғамның жақсаруына да өзінің ақыл-кеңесімен, батасымен үлес қосқан, жақсы қартайған ақсақал болды. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерге күйінетінін айтып қалатын. Айтылмаған қаншама әңгімесі өзімен бірге кетті. Бір жолыққанда «Қалыңыз қалай?» дегенімде, айтып қалып еді: «Ђмір сүріп жатырмыз. Ђлгіміз келмейді, о дүниеге кеткің келмейді екен, араларыңда жүре тұрғың келеді екен...» деп күліп еді. «Неге жүрмейсіз? Жүресіз. Әлі бақуаттысыз, ширақсыз, 100-ге жетесіз!» деп мен де күлгем.
Қайтеміз... Ђмірдің қызығын да, шыжығын да бір адамдай көрген, бейнетінің зейнетін көрген ақсақал ақтық сапарға аттанды. Топырағы торқа болсын, жаны жәннатта болсын!
Дулат ИСАБЕКОВ
Қош бол, ардақты аға!
«Ђмір - серуен, адам - көшкен керуен» деген сөзді айтқан қазақ қимастарын бақиға шығарып саларда өз-өзін жұбатқан-ау. Ђмірді тек қана серуен деп емес, елі мен жұртына, халқына, ұлтына аянбай еңбек ету деп түсінетін, сол қағиданы тірлігінің Темірқазығы етіп ғұмыр кешетін, саусақпен санарлық біртуарларымыздың арамыздан мәңгілік кетуі - ауыр қасірет екендігін бүгін түйсінуге мәжбүр болып отырмыз.
Расында да, ол кісінің тек ірі деңгейдегі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқшысы болғанын білеміз. Бәйкен аға Әшімұлының республикамыздың алдыңғы қатарлы басшылығына келгенге дейінгі өмірінің өзі - бүгінгі жас буынға өнеге болды: ақсүйек ашаршылық пен ел басына күн туғызған жер-жаһан соғысы зобалаңын көріп, одан жараланып келген соң Ленинград қаласында білім алуы, соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтірудегі жан алып, жан берген ерен қызметі - соның куәсі.
Ол Көкшетау облысында шаруашылық басқарудағы іскерлігімен көрінсе, Қарағанды облысы атқару комитетінің төрағасы қызметінде өзін ірі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде таныта білді. Ал Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген жылдар Бәйкен Әшімұлының бұдан да зор мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстай алатындығын дәлелдеді.
Бәйкен аға Қазақстан Республикасы Министрлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған 1970-1984 жылдар - Қазақстанның нағыз өркендеу, өсу жылдары болды. Бұл кезеңде Бәкең өзінің іскерлігі мен қарымын Одақ көлемінде таныта білді: ағамызға Одақтас республика Үкімет басшыларының ішінде тұңғыш Социалистік Еңбек Ері атағының берілуі - соның дәлелі.
Арамыздан ұлттың нағыз жоқшысы, ұлттың шын мәніндегі ақсақалының өтуі - үлкен өкініш, ауыр қаза.
Аяулы Бәйкен аға! Сіздің жасампаз істеріңіз біздің санамызға мәңгілік шуағын төгіп, жадымызда сақталады. Бақұл болыңыз, ардақты аға!
Бердібек САПАРБАЕВ