Сырттан сапасыз өнім келмейді

06.02.10.

Сырттан келетін азық-түлік және медициналық өнімдердің кейбір түрлеріне шектеу қою туралы Үкімет қаулысына кеше ғана қол қойылды. Егер қаулы іске асар болса, санитарлық талаптарға сай келмейтін, арасынан «құрт-құмырсқа» шыққан өнім түрлері» ғана емес, құрамы күдік тудырған, халықтың денсаулығына нұқсан келтіретін азық-түлік, медициналық өнімдерді сырттан тасымалдауға шектеу қойылады.
Осы күнге дейін қолданыста болған заңда мұндай талаптар болмаған.

Мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін қадағалаудың бүкіл халықтық-стратегиялық мәні бәрін енді ғана түйсінгендей.
Алыс Еуропа немесе Таяу Шығыс елдері емес, өзіміздің ТМД кеңістігіндегі көршілеріміз азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер шығарып та үлгерді. Өткен жылдың маусым айында ғана көршілес ТМД елдері азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мынадай шараларды қарастырды:
• Маусымның 9-12 аралығында талапқа сай еместігіне байланысты Ресей үкіметі Қазақстан мен Белоруссиядан ет-сүт өнімдерін экспорттауға тыйым салды.
• Ал қырғыз елі Орталық Азия елдері азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруды ұсынды.
• Ресей азық-түлік қауіпсіздігін шешудің бір жолы ретінде астық саммитін ұйымдастыру керектігін айтып отыр.
• Ал Өзбекстан мен Тәжікстан болса, сыртқа көкөніс экспорттаудың жаңаша тетіктерін қарастып жатыр.
Көршілеріміз осылай қам жасап жатқанда біз не тындырдық?
Ал біз қандай шара жасасақ та, алдымен заңға өзгерту енгізуді жөн көреді екенбіз. Мысалы, біздің елдегі «Азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері туралы» заң тек 2007 жылдан бері ғана бес мәрте түзетуге түсіпті. Соңғысы 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қабылданған.
Алайда қайсыбір заңгерлеріміз тек заңға өзгерту енгізу проблеманы шешпейтінін алға тартады. Себебі 1990 жылдары жалпы ішкі өнімнің 34 пайызын ауыл шаруашылығы құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 6 пайызға зорға жеткен.
Өткен жылдың аяғында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев Үкімет қабырғасында өткен бас қосулардың бірінде «Қазақстанда отандық тамақ өндіру көрсеткіші 40 пайызды құрайды. Азық-түлік өнімдерінің 60 пайызын біз сырттан тасымалдаймыз», - дегенді айтқан. Халықтың қалай тамақтанып отырғанын осыдан-ақ білуге болады.

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ