| Қаңтардағы «ҚАҚТЫҒЫСТАР» |
| 06.02.10.
![]() Қаңтар айынан бастау алған биылғы спорттық маусым қызықты бәсекелерге толы болды. Бұл жарыстарда жерлестеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Қуанған, шаттанған, бөркімізді аспанға атқан кездер аз емес. Бүгін біз соның барлығына жеке-жеке тоқталмақпыз. Сондай-ақ қандай дүбірлі жарыстар өткені, сол сайыстарда қазақстандықтардың қарқыны қалай болғаны жайында қорытынды мақаланы біз әр айда өз оқырмандарымызға жеткізіп тұруды жөн көрдік. Жаңа жыл табалдырықтан аттаған бетте теннистен Австралияның Перт қаласында Хопман кубогының финалдық бәсекелері өтті. Бұл додада әр құрлықтан келген үздік сегіз құрама шеберлік байқасты. Солардың қатарында қазақстандықтар да бар. Андрей Голубев пен Ярослава Шведова бастапқы матчта Энди Мюррей бастаған Ұлыбританиядан 1:2 есебімен ұтылды. Екінші айналымда Ресеймен күш сынастық. Игорь Андреев пен Елена Дементьеваға қарсы бәсеке 2:1 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Бұл жаңалықты барлық бұқаралық ақпарат құралдары «сенсация» деп бағалады. Расында да, Ресейдің қос қыранының деңгейі біздің ойыншыларға қарағанда әлдеқайда жоғары. Мәселен, Дементьева сол кезде WTA тізімінде алғашқы бестікте жүрді. Андреев 42-орында тұрды. Соған қарамастан, отандастарымыз озып шықты. Үшінші кездесуде Германияны жеңдік. Енді бізге орыстардың Ұлыбританияны жеңгені қажет еді. Онда теннисшілеріміз финалға жолдама алатын еді. Алайда айтулы матчта ағылшындардың асығы алшысынан түсті. Сонымен қатар Австралияның ашық біріншілігінде Қазақстанның екі бірдей өкілі - Ярослава Шведова мен Евгений Королев үшінші айналымға шықты. Соның нәтижесінде олар әлемдік рейтингте 50 үздіктің қатарына қосылды. Футболдан Достастық кубогы жолындағы жарысты «Ақтөбе» сәтсіз бастағанда, «енді ештеңе түзеу мүмкін емес» деп ойладық. Отандастарымыз Финляндияның «ХИК» клубынан ұтылып қалды. Бірақ Владимир Мұқановтың шәкірттері тез-ақ ес жиып, өз тобынан іркілмей шықты. Одан кейін ширек финал мен жартылай финалда жақсы ойын өрнегін көрсетіп, бас жүлде үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Ақтық айқаста ақтөбелік клуб Қазанның «Рубиніне» ұтылып, күміс медальді еншіледі. Мұны да ауыз толтырып айтарлықтай табыс деп бағалаған жөн. Өйткені Мәскеудегі додада қазақстандықтар үнемі сәтсіз өнер көрсетіп, үнемі барлығынан ұтылып жүретін. Сол сеңді бұзған - «Ақтөбе». Былтыр да, биыл да олар финалда күш сынасты. Күрес түрлері бойынша тартысты бәсекелер Ресейде өтті. Грек-рим күресінің шеберлері Иван Поддубныйды еске түсіруге арналған халықаралық турнирде күш сынасты. Бұл - мәртебесі өте биік жарыс. Егер арғы-бергі тарихымызды парақтасақ, Түменде жеңімпаз және жүлдегер атанған балуандарымыз санаулы ғана екеніне көз жеткіземіз. Тәуелсіздік алғалы бері Сергей Матвиенко, Юрий Мельниченко, Георгий Цурцумия және Ербол Қоңыратов жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Ермек Көкетов, Қанат Бегалиев, Нұрбақыт Теңізбаев және Айбек Еңсеханов жүлде алды. Ал биыл балуандарымыз жақсы күресіп, бір алтын, бір күміс және екі қолаға қол жеткізді. Әсіресе, жеңіл салмақтағы Алмат Кебісбаевқа қатты риза болдық. Жас спортшымыз барлық қарсыластарын қапыда қалдырып, бас жүлдені олжалады. Ескі жарақатын емдетіп, бір жарым жылдан кейін боз кілемге қайта оралған Әсет Мәмбетов финалда ұтылса, Олказур Оздиев пен Нұрмахан Тінәлиев үшінші орынға жайғасты. Өкінішке қарай, бұл жеңісті жолды еркін күрес шеберлеріміз жалғастыра алмады. Красноярскіде өткен Иван Ярыгиннің турнирінде олар тегістей ұтылды. Есесіне қыздарымыздың қарқыны қуантарлық. Дәл сол жарыста әйелдер күресінің өкілдері - Жұлдыз Ешимова, Татьяна Бакатюк және Елена Шалыгина қолаға қол созды. Сондай-ақ дзюдодан Оңтүстік Кореяда өткен аса ірі халықаралық турнирге қос жерлесіміз қатысты. Гүлжан Исанова жеңіліс тапса, Максим Раков қола медальді мойнында жарқыратты. Допты хоккейден Мәскеуде әлем чемпионаты өтіп, бұл жарыстың бас жүлдесін әдеттегідей, Ресей мен Швеция құрамалары сарапқа салды. Бұл жолы Скандинавия түбегінің түлектері жеңіс тойын тойлады. Үшінші орын үшін кәнігі қарсыластар - Қазақстан мен Финляндия күш сынасты. Ресей астанасында жерлестеріміздің жеңіске жетуге тамаша мүмкіндігі болған еді. Кездесу барысында допты хоккейшілеріміз үш мәрте алға шықты. Алайда матч тең аяқталып, қосымша уақытта финдердің мерейі үстем болды. Сөйтіп, қазақстандықтар қола медальдан қағылды. Алматыда ережесіз жекпе-жектен Қазақстан мен Үндістан құрамалары арасында матчтық кездесу ұйымдастырылды. Қазақтың қайсар ұлдары үнділердің «үнін» шығармай ұтты. Сол жарыс барысында қарсыласын айқын ұтқан Бекнар Аманбаев әлем чемпионы атағы үшін таласу мүмкіндігіне ие болды. Аталмыш жарыстың жалауы биыл жаз айында Астана қаласында желбірейді. Ал қаңтардың басты жаңалығы - әрине, Бейбіт Шүменовтің әлем чемпионы атануы. Кәсіпқой бокстан әлемдегі белді тұжырымдар бойынша осындай мәртебелі атаққа қол жеткізген қандасымыз әзірге жоқ. Сол себепті айтулы жекпе-жекті сан мың жанкүйер тағатсыздана күтті. Жалпы, Габриэль Кампильо мен Шүменов бұған дейін Астанада кездесіп, бәсеке испандықтың пайдасына шешілген еді. Лас-Вегаста өткен бұл жарыста қазақ боксшысы қарымта қайырып, әлем чемпионы атанды. Бұл да - еліміздің спорттық тарихындағы тіркелуге тұрарлық оқиға.
|