|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық

Бір ұлттың тұңғыш шаңғышысы Печать

30.07.10.

Шаңғы спортынан қазақ жастары арасында КСРО спорт шебері атағын тұңғыш иеленген Базекен Смағұловты осылай атаса артық болмайтындай.
Кеше ғана жер түбіндегі Оңтүстік Африкада аяқталған әлемдік доп додасына жер жүзі халықтарының назары тегіс ауды десек те Қазақстан үшін жылдың, тіпті таяу онжылдықтың басты спорттық оқиғасы VІІ қысқы Азия ойындары болып отырғаны да, бола беретіні де ақиқат. Осы жылдың соңы, келесі жылдың басында Алматы мен Астана қалаларында өтетін бұл қысқы Азиада дүбірі бүкіл республика аспанын дүрсілдетіп, халқының саны жағынан әлем құрлықтарының бәрінің көшін бастап тұрған Сары құрылық - Азияның басты спорттық думаны екенін барынша паш етіп-ақ тұр.
Азияның қысқы Олимпиадасын өз ауылында өткізу үлкен абырой болса, нағыз дүлдүлдер бас қосатын ол дүбірлі бәсекеде топ жару одан да асқан нысана. Ал сол жеңісте республикада қоныс тепкен бар ұлыс өкілдерімен бірге республикаға атын берген ұлт өкілдері - қазақ жастарының қомақты үлес салмағы болуын сіз бен біздің Жаратқаннан жар сала тілеп отырғанымызды несіне жасырамыз?! Мұнда тұрған еш құпия да, қылмыс та жоқ.
Дәл осы тұста Азиада өткелі отырған қысқы спорт түрлерінен алтын бастауымызды іздейтініміз ақиқат. Және бірден ойға сақ ете қалады: шаңғы спортынан қазақ жастары арасында КСРО спорт шебері атағын тұңғыш алған қазақ азаматы - Базекен Смағұлов болатын. Базекен Смағұлов - шаңғы спортынан КСРО-ның тұңғыш спорт шебері. Бүкіл қазақ азаматтарының арасында! Тарихи оқиға емес пе?! Әрине! Қуанатын, қол шапалақтайтын оқиға!
...Базекен ағамен жиі жолығып тұрамын. Қазақ спортында жылт еткен жаңа есім болса, соның соңынан жылдар бойы қусам да шаршамайтын басым қазақ жастарының арасындағы алтын бастау Базекен Смағұлов екенін естіген соң-ақ, аға шаңырағының есігін қаққанмын. Шашы да, өзі де сары алтындай жігіт ағасы ашты есікті. Мақсатымды білген бетте құшағын да айқара ашып, төрге бастады. Бір қап қағазды алдыма жайып тастады. Мен ең әуелі сол бір қазақ ұлтына мерей болар біржапырақ куәлікті бас салдым. Куәлік нөмірі - 50249, берілген мерзімі - 6 маусым 1966 жыл екен. Міне, оқырман қауым, Сіз де біле жүріңіз - қазақ азаматының шаңғы сияқты спортта аты дүрілдеген Кеңес Одағының тұңғыш спорт шебері болған мерзімі осы - 06.06.1966ж.!
...Куәлікті қолыма алып қарай бердім. Куәлікке жапсырылған суреттен маған қайратты қара шашты, батыр маңдайлы, қою қасты, өткір қара көзді, ер мұрынды, жұмыр мойынды, кең иықты - нағыз еңістен салсаң төске озатын Құлагер бейнелі қазақ жігіті қарап тұр. «Шіркін, дейді ішкі ойым бірден, кезінде ғой мынадай сүлікқараны әбден баптап, әлгі әлем чемпионатына, Олимпиадаға апарса жеңіс үшін жанын беріп, сөре сызығына жетіп өлер еді-ау!» Өзі бір уыс қазақтың осындай абыройға жетпей кеткен саңлақтары - Шоқыр ата Бөлтекұлын, Ораз Қауғабаевты, Әмин Тұяқовты, Әбілсейіт Айхановты, Әбдісалан Нұрмахановты, осы Базекен ағаны ойлап, көзімнен бір тамшы жас домалап түсті.
Мұны байқап қалған Базекен аға өзінің өр мінезіне басып, күректей алақанымен арқадан қағып қалды.
- Мұңайма, Несіпжан, қазақтан қыран спортшылар шығады әлі! - деді Базекен аға. - Біз басы да, соңы да емеспіз!
- Шаңғының алтын бастауы сізсіз ғой, Базекен аға, сол қалай басталды, еске түсіріп көрсек қайтеді?
- Мен сонау 1940 жылдың төлімін. Иә, айтпақшы, Елбасымыздан төрт-ақ күн кішілігім бар. Осы Алматының оңтүстік-шығысындағы тау етегінде - «Таутүрген» ауылында дүниеге келдім. Ауылдың аты айтып тұрған жоқ па, тау баурайында тұрамыз, алты ай қар жатады ауылда. Ағаштан шапсақ та шаңғы теуіп, шанамен сырғанамайтын ауыл баласы болмайтын бізде. Әуелде тау жолымен алыс қашықтықтарға жүгіруді ұнаттым. Тіпті бұл спортпен шындап шұғылданып, стайерлік қашықтыққа жүгіруден бірінші спорттық разряд нормасын орындаған кез де болды. Мектеп бітірісімен Ресейдің Красноупинск қаласындағы техникалық училищеге оқуға кеттім. Ол жылдары Одақтың осындай алыс қалаларына оқуға бару дәстүр болатын.
...Қары белуардан келіп, ұзақ жататын осы Свердлов облысында Базекен шаңғымен түпкілікті достасады. Училищені тәмамдап, сол кездегі талап бойынша екі жыл Теміртау қаласында еңбек еткен Базекен Алматыға оралып, Қазақ дене тәрбиесі институтының спорт факультетіне оқуға түседі. Ұзамай Кеңес армиясы қатарына шақырылып, осы Алматыдағы шекарашылар басқармасында қалдырылады. Бәріне Базекеннің шаңғы спортынан атой сала көрініп келе жатқан көрсеткіштері себеп болған да.
Ұзамай Семей қаласында өткен Қазақстан біріншілігіне жолдама алып, топ жарған Базекеннің көрсеткіші КСРО спорт шеберінің нормативіне лайық болады. Ол кезде одақтас республика спортшыларына, оның үстіне ұлттық кадр болсаң, спорт шебері атағы да қосақтап берілетін. Бірақ бұл жолы көк куәлік оны айналып өтеді.
1966 жыл. КСРО халықтарының Спартакиадасы Базекен Қазақстанның намысын қорғап, шаңғы жолына шығады. Орал өңірінің ну орманы арасымен салынған қар жолына Одақтағы бар саңлақ шаңғышылар жиналған ең ұзақ жарыста Базекен тағы да көшбастаушылар арасында келіп, КСРО спорт шеберінің нормативін тағы орындайды. Спартакиаданың аты спартакиада - көк куәлік салтанатты түрде табыс етілетін жыл осы.
- Базекен аға, ол кезде КСРО спорт шебері деген атақ та көп спортшыда жоқ шығар. Әсіресе, одақтас республикалар өкілдерінде... Сіздерді ірі-ірі жарыстарға шақырды ма?
- Жоқ, ондай қамқорлық болған жоқ. Өзім еңбек ететін «Динамо» спорт қоғамының жарыстарына қатысып, бірнеше рет Одақта чемпион болдым. Бітті...
- Ол кезде республика спортында кімдер бар еді?
- Шаңғышыларға келсек, менің кезеңім атақты И.Гранин, В.Филимоновтармен тұстас келді. Бұл мықтылармен қатар жаттығып, қатар жарысқа түсіп жүрдік. Республика құрама командасына ұзақ жыл жетекшілік еткен Владимир Филимоновтармен бүгін де достық байланыстамыз.
- Базекен аға, мына марапат қағаздардың көбі әскери марапаттар ғой өзі...
- Мені әлгі әскер қатарына шақырғанда осы Алматыдағы шекарашылар басқармасында қалдырғанын айттым ғой. Бұл әскери ұйым содан соң менен айырылған жоқ. Мен де өз өмірімді әскери ведомствомен байланыстыра бастадым. Содан 1966 жылы сол кездегі КГБ-ның жоғары командалық шекара училищесіне түсіп, жалпы әскерлер командирі деген мамандықпен 1970 жылы бітіріп шықтым. Содан бері осы қатал ұйымның қол астында еңбек етіп келемін. Әуелде әлгі училищеде дене тәрбиесінен мұғалім болып қалдым. Одан соң Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты Курил аралдарында орналасқан шекара отрядында дене тәрбиесінен бастық боп қызмет еттім. Ал жаңа ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап ҚР ХҚК-нің академиясында курс басшысы боп еңбек еттім. Содан құрметті демалысқа шыққаныма да көп болған жоқ. ХҚК-нің запастағы полковнигі Смағұлов Базекен Смағұлұлы деген мен боламын!
Базекен аға орнынан атып тұрып, өкшесін өкшесіне сарт еткізіп, сымдай тартылып тұра қалды. Қалжың болса да ұзақ жылдардағы әдет жеңіп тұр. Сымбатына қараймын: қозы қарын түгілі артық ет жоқ сымбатты спортшы дене; көзі шарадай жанып, жас кезінде қандай отты командир болғанынан хабар бергендей; сол баяғы жалпақ иық, қарулы білектер мен тұтас мойын, жуан сан, жұмыр жіліншіктер ұзақ шабыстан бір талмайтын бәйге атындай. Жасы 70-ке келген ағаның тұлғасы еріксіз риза етеді. Тағы да сол кездесу барысында өкіндірген ой қылаң беріп қалады: «Міне, Базекен ағаның сонау қиын кезеңде КСРО спорт шебері атанғанына да 45 жылға таяпты. Содан бері тұтас бір ұлттың сапынан осы шаңғы спортын өрге сүйреген өрендер неге жоқ? Осы жарты ғасырға таяған кезеңде Базекен ағадан басқа шығысқазақстандық Қалихан Ноғанбаев қана назарға ілініп, «Ой, азамат-ай!» дегізе алды. Сонда бұл не? Кейбір облыстарда қары алты ай жататын Қазақстанда осы бір әлемдік маңызы жоғары спорт түрін қазақ жастары қаламай ма, әлде тістері батпай ма? Тіпті біздің бауыр, қарындастарымыз шаңғы спортын менсінбей жүргеннен сау ма өздері?..»
- Шаңғы спорты - спорттың төрелерінің бірі! - дейді Базекен аға біздің ойымызды оқып қойғандай, - бүгінгі қысқы Олимпиадалардағы шаңғы жарысын көріп отырып, менің табаным қышып тұр. Шіркін, егемен, еркін еліміздің өз спортшысы болу қандай бақыт?! Заманым айналып келіп, В. Смирновтармен бірге Олимпиадаға қатысар ма едім... Тура жеңбесем - жарыс жолында өлер едім!
Базекен ағаға қараймын. Жанары от шашып, алтындай шаштары тікірейіп, шаңғы мен таяқты қазір берсең шаба жөнелгелі тұрған тұлпар тура бір. Кезінде Әмин Тұяқов, Октябрь Жарылғапов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов ағаларымыздың да бойындағы бар таланты ашылмай, бар шеберлігі жетер биіктері алынбай қалды емес пе? Базекен ағаны да сол саңлақтардың қатарына қосамын. Қазақ шаңғы спорты тарихында тұңғыш спорт шеберінің орны ғасырдан ғасыр өтсе де, аласармақ емес!
- Осы бүгінгі жастарымызға таңғаламын: еріншек пе, әлде жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүргісі келе ме, білмеймін... Обалы қане, елімізде биік табыстарға жеткен бауырларымыз бар-ақ. Олардың жетістіктеріне қуанамын, мақтанамын да. Дегенмен ойланамын: бәрі де тағдыры 5-10 минөтте шешілетін спорт түрімен шұғылдануға әуес. Бәрі балуан, бәрі боксшы... Ал нағыз ер адамның табиғаты таразыға түсетін, бір жарыстың өзі бір сағаттан бес сағатқа дейін созылатын, ақша қар үстінде шыңылтыр аязға қарамай, сөреге жетпей тынбайтын осы шаңғы спортымен неге шұғылданбайды қазақ жастары? Сонау И.Гаранин, В.Сахнов, В.Филимоновтардан бастап бүгінгі В.Смирновтарға дейін шықты ғой талай шебер шаңғышы елімізде. Солардың арасында бар ұлттың өкілі бар - тек қазақ жастары ғана жоқ! Неге? Осыған жауап берер бір жан бар ма? Спорт министрлігіміз қайда қарап отыр? Облыс-облыстағы қысқы спорт түрлері мектептері не бағып жүр? Шаңғымен қарда сырғанауда да Кембридж, Оксфорд, ҚазМУ оқу орындарын бітіру керек пе? Ел намысы, Отан абыройы, ұлт намысы үшін осындай кенже қалып келе жатқан салаларға құрбан болуға ұмтылатын қазақ жастары жоқ па сонда? «Ел болса ер туғызбай тұра алмайтыны...» қайда? Мен болсам 70-ке келіп, шау тартып қалдым ғой. Болмаса, тартпаны қайта тартып, өзім-ақ шығар едім шаңғы жолына!
Шын сөйлеп отырғанын Базекен ағаның күректей алақандарының ашылып-жұмылғаны білдіргендей. Сонау өткен ғасырдың ортасынан ауа өзі бастап жол салған тұтас бір саланы тұтас бір ұлттың өкілдері жалғастыра алмай отырғаны жанына қандай бататыны жасаураған көзінен, көлеңке түскен жүзінен көрініп тұр. Менің де басты мақсатым - сол толғанысты бауыр-қарындас, балаларыма жеткізу. Қазақ біткен бизнесмен, ғалым, саясаткер, т.б. болуы міндет емес. Ел дамуының ер-азаматқа жүк болар салалары жетеді. Соның бірі - спорт. Оның ішінде тұтас бір түрі - шаңғы спорты саласы жатыр. Ертең-ақ Алматыда қысқы Азия ойындарын өткізгелі отырмыз. Бүкіл Азия құрлығы жиналған бұл Олимпиадада шаңғыдан жарыс жолына бір қазақ ұланы шықпай жатса, елдігімізге сын емес пе? Бүкіл Азияға қай бетімізбен қараймыз? Ондай болса несіне өз жерімізде Қысқы Азиада өткіземіз? Намыс қайда?!
Базекен ағаны осы ойлардан арылту үшін әңгіме тақырыбын басқа арнаға бұрдым.
- Базекен аға, мына әскери наградалар қандай көп? Солардың ең бағалысы қайсы?
- Мына КСРО МҚК-нің бастығы Ю.Андроповтың өзі қол қойған Алғыс. Мұндай марапат қауіпсіздік комитетінің кез келген қызметкерінде жоқ.
- Ал бала-шаға, отбасы қалай? Жеңгеміз, балалар дегенім ғой...
- Жеңгелеріңіз аз болған жоқ, Несіпжан! Қауіпсіздік саласының қызметкері бір орында тұрақтап тұра ма: бұйрық болды, біз кеттік. Сол жылдары дәм-тұз бұйыртқан жеңгелерің болды-ақ қой... Балалар да, тәубе аз емес. Бүгінде міне, Бақыт жеңешеңнің күтімінде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі менің командирім осы Бақыт жеңгелерің. Хамит, Асқар, Батырбек және Гүлнарлардың бәрі де азамат болды. Талғар қаласының тыныш бір көшесінде тып-тыныш тіршілік кешіп жатырмыз. Жан-дүниемде ғана тыныштық жоқ...
Ағамен, жеңгемен қоштасып шығып бара жатып, осы бір шаңырақтан тарап тұрған ерекше бір нұрлы қуатты байқадым: бәрі белгілі - бұл шаңғы спортынан қазақ жастары арасында тұңғыш КСРО спорт шебері ғұмыр кешіп жатқан шаңырақ қой. Тұтас бір ұлттан Одақты мойындатқан тұңғыш шаңғы шеберіміз емес пе? Соны тұтас қазақ біле жүрейікші!

Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
спорт журналисі,
ҚР спорт шебері,
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы



Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Авг   Ð¡ÐµÐ½ÑÑбÑÑ 2010   Окт

ÐÐÐÐÐÐÐ
   1  2  3  4
  5  6  7  8  91011
12131415161718
19202122232425
2627282930 
ASIC Technology
Бизнес-инфо: