Дағдарыстың салдарыБүкіләлемдік дағдарыстың 2007 жылдың тамызынан бергі әлемдік экономикадағы «салқыны тиген» салалар:
1. Жылжымайтын мүліктің бағасы күрт төмен түсті, бұл арзандау дүниежүзі бойынша орта есеппен 50 пайыздан асты.
2. Дамыған елдердегі қор биржаларында эмитент компаниялардың құнды қағаздарының бағасы түсті. Бұл, әсіресе, дайын тауар өндіретін озық технология мен техникаға маманданған компанияларда айқынырақ сезілді. Құнды қағаздар бағасының арзандауы шамамен 50-70 пайызды құрады.
3. Шикізат бағасы 60 пайызға арзандады. Бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Бір жылдың ішінде шикізат бағасы өзінің жоғалтқанының тең жартысын қайтарып алды. Сөйтіп, бұл саладағы арзандау шамамен 30 пайызды құрап тұр.
4. Қаржы институттарының шамамен 30 пайыздан астамы банкротқа ұшырады. Банкротқа душар болған қаржы институттарының басқару акциясы негізінен, мемлекеттердің, ал біраз бөлігі жағдайы жақсы қаржы институттарының меншігіне көшті.
5. Алтын және басқа да бағалы металдар бағасы шамамен 100 пайызға қымбаттады. Егер алтынға шағар болсақ, онда доллардың бағасы осынша мөлшерде арзандады дер едік. Бірақ 1976 жылдан бері доллар бағасы алтынмен өлшенбейтін болды. Солай бола тұрса да дүниежүзілік арзандау шамамен 40 пайызды құрап тұрған шақта, доллардың құны осыншама мөлшерге төмендеді деуге болады. Мұны дүниежүзіндегі жылжымайтын мүліктің бағасын зерттеген әлемдік сарапшылар бірауыздан мәлімдеуде.
Дағдарыстан туған ой
2007 жылдың тамызынан басталған бүкіләлемдік қаржы дағдарысы адамзатқа үлкен «ой салды». Оның бастылары:
1. Бүкіләлемдік рейтинг институттарының беретін бағалары ақиқатқа сай емес. Өйткені осы дағдарыс кезінде рейтинг агенттіктерінен ең жоғары баға алғандар ең бірінші соққының астында қалып, оған төтеп бере алмады. Демек, баға ақиқат емес, көбік болған.
2. Дағдарысты туғызған басты себептердің бірі - дамыған Батыс елдеріндегі жалақылардың жоғарылығы. Бюджеттен төленетін мемлекеттік міндетті төлемдердің де осы уақытқа дейін қысқартыла түсуі бұл салада да шамадан тыс өсім болғанын көрсетеді. Әлемдік сарапшылар АҚШ бастаған дамыған елдер тұрғындары көріп отырған игілік олардың сіңірген еңбегіне сай еместігін мәлімдеуде. Ірі өндірістік компаниялардың иелері де бұл кемшілікті толық мойындауда.
3. Дүниежүзілік қаржы жүйесі мен халықаралық валютаның жаһандану талабына сай келмейтіндігі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бірнеше рет мәлімдеп, жүйені түбегейлі және түбірінен өзгертіп, дүниежүзі мемлекеттерінің баршасына бірдей дәрежеде қызмет ете алатын жаңа құрылым жасақтау керектігін ұсынды.
4. 2007 жылдың тамызынан басталған дағдарыс ең мықты субъект дамушы елдер мен шағын кәсіпкерлік болғанын дәлелдеп шықты. Өйткені бұларда жалақы ең азы екен. Демек, бүкіләлемдік сарапшылардың маркстік құн және өзіндік құн заңдарына көңіл аударуы заңдылық. Ол ол ма, компаниялар иелері де өзіндік құнды арзандатудың жолын қарастыруда.
5. Доллар «сенімсіз» валютаға айналды. Сондықтан да дүниежүзі географиялық орналасуы және экономикадағы интеграциялық жағдайларына қарай аймақтарға бөлініп, аймақ ішінде пайдаланатын айырбас құралы ретінде жаңа халықаралық валюталарды айналымға енгізе бастады немесе осыған дайындалып жатыр.
Алдағы дағдарыстың «нысанасы»
Әлемнің көптеген сарапшылары 2012 жылы дағдарыстың келесі толқыны соғады және оның соққысы осы уақытқа дейінгіден қаттырақ болады дегенді айта бастады. Біз келесі дағдарыстың уақыты туралы сенімді санды айта алмаймыз. Сондай-ақ дағдарыстың келесі соққысы дегенге де келіспейміз. Біздің пайымдауымызша, 2007 жылдың тамызында басталған дағдарыс әлі тежелген жоқ, керісінше, ендік және бойлық бойынша ұлғайып барады, сондықтан да оның зардабы алда, әсіресе, Батыстың дамыған елдері үшін, сондай-ақ дүниежүзі бойынша да қаттырақ болуы мүмкін. Демек, дағдарыстың кезекті соққысы «нені қиратады?» деген сұраққа жауап беру керек.
1. Бүкіләлемдік қор биржаларында және Батыс дамыған елдерінің ішкі рыноктарында жылжымайтын мүлік бағасы түсуін одан әрі жалғастыруына орай, халықаралық валютаның құны төмендей береді. Осыған орай аймақтық валюталардың көптеп пайда болуы әбден мүмкін.
2. Бағалы металдар құны өсе түседі. Айталық, 2007 жылдың тамызынан бері алтын бағасы екі есе өссе, дағдарыстың келесі соққысында бұл көрсеткіштің тағы да екі есе көбеюі әбден мүмкін. Сөйтіп, АҚШ өзі қазған орға долларды көмуге жақындай түседі. Әлемдік сарапшылар өткен ғасырдың 30-жылдардағы «алапат апат» (великая депрессия) кезінде доллардың құнсызданғаны соншалық, алтынның унциясы 10 мың долларға жеткенін айтады. Демек, дағдарыстың келесі соққысы кезінде алтын бағасы унциясына шамамен 2500 долларды құрайтын болса, бұл қалай болғанда да ең қауіпті межеге жетіп қалғандықты көрсетеді.
3. Әлемдік даңқы бар сарапшылар экономикадағы көшбасшылық енді «Батыстан Шығысқа ауысады, Еуразия құрлығының еуропалық бөлігі қиыншылықты бастан кешіріп, керісінше, азиялық бөлігі қарқынды дамиды. Өйткені алып трансұлттық өндірістік компаниялар өздерінің зауыттарын Еуропадан көшіріп, дамушы Азия құрлығындағы мемлекеттерден орын тепкізеді. Себебі, бұл жақта жұмысшы күші Батыс Еуропадағыдан шамамен 5-10 есеге арзан, ал бұл - өнімнің өзіндік құнын азайтудың басты кепілі» дегенді айтуда. Айтса айтқандай, қазірдің өзінде Қытай автокөлік шығарудан дүниежүзілік көшбасшыға айналды. Индустриялы-инновациялық бағдарламаны қабылдаған Қазақстанға да Батыс алпауыттарының назары ерекше ауған. Бас-аяғы алты айдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында мыңға жуық жеңіл автокөлік шығарылып, сатылды. Жоспарымыз - жылына 50 мың автокөлік шығару.
4. Демек, дағдарыстың келесі соққысында «таяқ жейтін» АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттері және Жапония. Ал Азияның дамушы мемлекеттері (оның ішінде Қазақстан да бар) керісінше, дами түседі. Олай болса, қазір Н.Назарбаевтың өміршең ұсынысын түсінгісі, тіпті естігісі келмей жүрген АҚШ бастаған Батыс алпауыттары сол соққыдан кейін «дүниежүзілік қаржы жүйесін және халықаралық валютаны түбірінен және түпкілікті өзгертейік» дегенді өздері айта бастайды.
«Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» десек те ...
Жалпы алғанда, осындай соққыға Батыс-Шығыстың осы уақытқа дейін қарқынды дамыған елдері қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын бастап, іске кірісіп кеткендей. Жоғарыда айтқанымыздай, Қытайдың автокөлік өндіруден әлемдік көшбастаушыға айналуы - дүниежүзілік брэнд автокөліктердің жаңа зауыттары осы елде салынуының нәтижесі. Осындай үрдістер біз айтып кеткеніміздей, Қазақстанда да, Ресейде де, Өзбекстанда да оң нәтижелер беруде. Иә, АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония мемлекеттерінде автокөлік өндірісі қысқарды, әлі де қысқара түседі. Оның есесіне Азия мемлекеттерінде сол автокөліктер шығарылады. Әлемдік брэндтер өндірісі тоқтамайды, тек шығатын орнын ауыстырады. Бұдан шығатын қорытынды - «қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деген сөз. Осы уақытқа дейін дүниежүзілік экономикада 40 триллион доллардың тауары өндіріліп келсе, бұдан кейін де ең кемі сол мөлшердегі тауарлы өндіріс сақталады. Дүниежүзілік даңқы бар сарапшылар осының өзіне «шүкір» дейді. Сондай-ақ олар алдағы соққы кезінде «орын ауыстырып үлгергендер ұтады, үлгермегендер күйрейді» дегенді ашық мәлімдеуде. Біз енді «осы орын ауыстырулар «зардапсыз» бола ма?» деген сұраққа жауап берейік. Ең алдымен бір ақиқаттың беті ашық, ол - орын ауыстырулардың зардапсыз болмайтындығы.
1. Ең басты ауыртпалық дамыған мемлекеттерге түседі. Олардағы өндіріс көлемі қысқарады. Демек, жұмысшы күші де қысқаратыны ақиқат.
2. Дамыған мемлекеттерде сауда капиталының күйзеліске ұшырауы әбден мүмкін. Өйткені тұрақты жалақы алатындар саны азаяды ғой. Бұл дамыған мемлекеттердегі ақша айналымына кері әсер етеді.
3. Дамыған мемлекеттердің банк капиталы өз активтерін Азияға аударады. Бұл ақыр аяғында осы мемлекеттердегі қаржылық қиыншылықты ақиқатқа айналдырады.
4. АҚШ бастаған Батыстың дамыған елдерінде аса қатерлі әлеуметтік жағдай қалыптасуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл жақтағы жұмыссыздық орта есеппен 10 пайызды құрайды, ал нарықтық экономиканың заңы бойынша, жұмыссыздық 9 пайыздан асқан елдерде саяси тұрақтылық бұзылуы мүмкін.
Батыс үшін осылай болып жатқанда Шығыс үшін «Күн шығады». Өйткені:
1. Жаңа өндіріс орындарының көптеп ашылуына байланысты мұндағы мемлекеттерде жұмыссыздық азаяды.
2. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарады.
3. Мигранттардың Батысқа ағылуы тыйылады.
Қорыта айтқанда, алда көп күттірмей-ақ дүниежүзілік экономикада бір «дүмпудің» болары анық. Ол жалпыға бірдей зиянды емес. Біздерге шошынуға тіпті де негіз жоқ. Өйткені Батыс малтығып жатқан бұл күндері біздің экономиканың даму көрсеткіші 8 пайыздан асып тұр. Ал келер жылдары бұл өспесе, кемімейді, себебі дағдарыстан сезіктенген Батыс алпауыттары Азияға, оның ішінде біздің Қазақстанға ерекше көңіл бөліп жүргенінің куәгері болуға үйреніп алдық.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ