|
Отандық телеарналар қазақ көрермені үшін күресе ала ма? |
|
29.07.10. Осы аптада Байланыс және ақпарат министрлігі мен Қазақстан теле-радиотаратушылары арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Енді отандық телеарналар жергілікті көрермендер үшін үкіметпен бірлесіп күреспек. Басты мақсаттардың бірі - Қазақстанның имиджін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеу, жастарды рухани тәрбиелеу және телеарналардың әлеуметтік жауапкершілігін сезіндіру. Кездесуде телеарналардағы тілдік ахуал да әңгіме өзегіне айналды.
Бұл арада министрлік телеарналарда мемлекеттік тілдегі сапалы бағдарламалар мен ғаламтор арқылы тарайтын отандық өнімдердің санын көбейтуді мақсат етіп отыр. Десе де, бұл меморандум заңдағы тілдік талаптардың орындалуын қаншалықты қамтамасыз ете алады? Жергілікті тележурналистер пікірі төмендегідей: Ришат Асқарбекұлы, «Астана» телеарнасы жаңалықтар қызметінің тілшісі: - Қазір отандық телеарналарда ел қарайтын уақытта орыс тіліндегі бағдарламалар мен телехикаяларды қазақша субтитрмен көрсету үрдісі белең алғанын көріп отырмыз. Мұны кейбір телемамандар тәуліктік эфир кестесіндегі ана тіліміздің 50 пайыздық үлесін жабудың ең қолайлы әдісі деп қарайтын сияқты. Меніңше, бұл - қазақтілді көрерменді алдау. Байланыс және ақпарат министрлігінің телеарна жетекшілерімен уағдаластығы осы бір олқылықтың орын алмауына ықпал етсе деп ойлаймын. Эфирде тілдік тепе-теңдікті сақтау қаншалықты заңмен бекітілсе де, оның орындалмай отырғанын ешкім жасыра алмайды. Ал жаңа министрліктің телевизиядағы қазақ тілінің өрісін кеңейтуге қатысты тың тапсырмалары, әрине, тіл жанашырлары үшін қуанышты. Оның үстіне алдағы күзде мемлекеттік тілді дамытудың 10 жылдық бағдарламасы бекітілмек. Ендеше, осы маңызды құжатта да БАҚ-тағы қазақ тілінің дамуына қатысты жүктелген міндеттер бар. Төл министрліктің телеөнім таратушыларын жүйелі жұмыс жасауға шақырып отыруы содан болар. Қанат ТІЛЕУХАН, тележурналист: - Бұл меморандумнан бір нәтиже шығады дегенге өз басым сенбеймін. Себебі мына жайттардан хабарсызбын. Дағды бойынша, министрдің тағы да ауысып кетпесіне кім кепіл?! Сондай жағдайда министрлік бұл істі аяқсыз қалдырмай ма? Телеарна басшылары тек орындаушылар, сол себептен келісім қожайындардың өздерімен болуы керек еді. Бұл қазақ көрерменінің көңілін көтеріп қоятын кезекті бір акция сияқты. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің тұсында «50 де 50» дегендей заңды дұрыс талаптар шықты. Оның үстіне телеарнадан ресми тілдегі бағдарламалар қазақша титрмен берілсе, арна «Тіл туралы» заңды орындап отыр дегендей ұстаным бар. Бұл - өзіңді-өзің алдау деген сөз. Министрлік осындай олқылықтарды жоюы керек. Өкінішке қарай, отандық телеарна басшылары қазақ тілінде бағдарламалар жасауға ынталы дегенге сену қиын. Бүгінде кейбір телеарналар басшылығында салаға кездейсоқ келген адамдар отыр. Олардың мемлекетшілдігінен билікшілдігі басым. Кезінде республикамыздағы үлкен бір теле-радиокомпанияны көмір базасының директоры болған адам басқарды. Десе де, қазақша бағдарламалардың жаңадан шығарылуы да ықтимал. Тек бұл бағдарламалар аз ақшаға түсіріліп, ел ұйқыға кеткенде көрсетілмесе жөн еді... |