Қасым-Жомарт Тоқаев оқытушылар ұжымы мен дипломаттар алдындағы сөзінде Азияның және атап айтқанда Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі туралы өз ойларын ортаға салды.
- «Бүгінде дүние жүзінде әлемдік ықпал ету орталығын күрделі және қайшылықты ығыстыру үдерісі өтіп жатыр. Сол тұрғыда азиялық құрлықтың саяси және экономикалық рөлі күшейе түскені айқындалып келеді»,-деп атап өтті төраға.
Осыған байланысты ол Қазақстанның сыртқы саясаты сан салалы, көптарапты және тепе-теңдік сипатқа ие екенін, және оның басты бағыты Ресей Федерациясымен көпқырлы ынтымақтастық пен одақтастықты дамыту және нығайту болып табылатынын атап өтті.
Ұлттық мүдделерді қорғау мен ілгерілетумен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық жолындағы жаңа қатерлермен күрес жөніндегі халықаралық күш-жігерге белсенді қатысуға бағытталғаны айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев авторы болып табылатын көптеген маңызды қазақстандық бастамаларға тыңдаушылардың назарын аударды.
Әлемдік саясатқа елеулі әсер еткен бастамалардың қатарында ол Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы мен құрылықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты көрінісі болып табылатын АСӨШК-тің құрылуын ерекше атап өтті.
Төрағаның пікірінше, әлемдік азық-түлік, энергетика және коммуникация нарықтарындағы жауапты әріптес ретінде біздің еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделі артып келеді. Төраға бұл белгілердің еліміздің халықаралық бағдардағы орнын нығайту үшін қазақстандық дипломатияға зор мүмкіндіктер мен ресурстар беруіне сенім білдірді.
«Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды дамытуда тәжірибесі мол Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасын көтерді»,-деді төраға.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІІ Съезінің нәтижелері мен ерекшелігіне тоқталды.
- Бүгінгі таңда екі ел арасындағы байланыс жарасымды дамып келеді, - деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев. - Біздің елімізде түрлі діндер арасындағы жарасым бар. Бұл Қазақстан халқын тату-тәтті өмір суруге негіз қалап отыр. Басқа да дәстүрлі діндермен қатар Қазақстанда православие шіркеулері жұмыс істеп жатыр. Әр түрлі діндер мен конфессиялар арасындағы өзара келісім мен түсіністік Қазақстан мен Ресей қарым-қатынастарын жақсартуға негіз қалағанын ашық айту керек. Біздің еліміздің тәжірибесін әлем және ТМД елдері арасында тарату маңызды болар еді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынастар да жақсы дамып келеді. Президент Н.Назарбаевтың бұл тарапта сіңірген еңбегі мен қосқан үлесі өте зор, - деді Сенат төрағасы.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты мәселелерге қатысты Қазақстан Сенатының басшысы дағдарыстың теріс зардаптарын жұмсарту үшін қазақстандық үкіметтің мезгілінде қабылдаған шаралары туралы да тыңдаушыларды хабардар етті. Жұмыссыздықты жою және азаматтарды қолдау ғана емес, бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды орындауға мүмкіндік беретін «Жол картасы» бағдарламасына да ол ерекше тоқталды.
Төраға сондай-ақ, әлемнің дағдарыстан кейінгі дамуы жөніндегі ойлары мен жаңашыл ұсыныстары мазмұндалған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бесінші жол» мақаласының іргелі тұжырымдарына аудиторияның назарын аударды. Өз сөзінде Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестіктің жағдайы мен келешегіне маңызды орын берді.
Қ.Тоқаев «Қазақстан мен Ресей халықтарының игілігі жолындағы екі елдің саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастығының қол жеткен жоғары деңгейі екіжақты қатынастардың келешегіне айқын қарауға мүмкіндік береді», деп сенім білдірді.
Осы ретте Тоқаевтың дипломатиялық оқу орнындағы дәрісі зор ықыласпен қабыл алынғанын айта кету керек.
Сондай-ақ сапар барысында келер жылы басталатын Қазақстанның ОБСЕ ұйымына төрағалық ету мәселесі кеңінен сөз болды. Қазақстан ТМД елдері арасынан және түркі мемлекеттері ішінен тұғыш рет аталған ұйымға төраға болғалы отыр. Бұл ретте Қазақстан аталған міндетті абыроймен атқарып шығады. Қазірдің өзінде Қазақстан тарапы ұсынған «Еуропаға жол» бағдарламасы қарт құрлық мамандарының қызығушылығын тудыруда. Сапар барысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік саясаттанушылар мен сарапшылардың назарын аударатын толғақты ойларын ортаға салды.
Сапар соңында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз мәслихаты болды, оған қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дерек пен дәйек
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың қазан айында орнады. 1992 жылы екі елде де елшіліктер ашылды.
Ресей сауда айналымында Қазақстан негізгі әріптеске айналып отыр. Қазақстанның сауда нарығында Ресейдің үлесі 2008 жылғы көрсеткішпен қарасақ, 18, 3 пайызды құрады, ал Ресей импортының Қазақстан нарығындағы үлесі 37,1 пайызға жеткенін айта кету ләзім. 2008 жыл екі ел арасындағы сауда айналымында жағымды даму байқалды. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы сауда айналымы 19,9 миллиард долларды құрады. Ал Қазақстаннан Ресейге экспортқа 6,2 миллиард доллар өнім шығарылды.
Дерек пен дәйек
Ресей Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясы өзінің бастау тарихын 1934 жылдан алады. Аталған академия - халықаралық деңгейде кәсіби дипломатиялық мамандарды даярлайтын оқу орны. Дипакадемияда 170 оқытушы жұмыс істейді. Оның ішінде 39 ғылым докторлары мен профессорлар бар, 55 кандидаттар мен доценттер жұмыс істейді. Академиядағы 14 қызметкердің дипломатиялық дәрежесі бар, яғни олар - Ресейдің өкілетті және төтенше елшісі болып қызмет істегендер, 11 адам Ресей ғылымына еңбегі сіңген қызметкер. Академия ғылыми, техникалық, ақпараттық базамен қамтамасыз етілген. Академияда әлемнің 70 тілінде шыққан 400 мыңға жуық кітап бар. Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты дипломатиялық Академияда әлемнің ірі тұлғалы халықаралық деңгейде орны бар өкілдер келіп дәріс береді. Академия тыңдаушылары үшін бұл үрдіс дәстүрге айналған.
Нұртөре Жүсіп
Алматы-Астана- Мәскеу-Астана Алматы
29.10.09.