Жоқшылықты көріп өскен ұрпақ
- Алматы облысының Райымбек ауданында (бұрынғы Нарынқол ауданы) 1936 жылы дүниеге келіппін. Біз Ұлы Отан соғысының зардабын кішкентайымыздан сезініп, оның қиыншылықтарын басынан өткізген ұрпақпыз, - деп бастады әңгімесін Нүкетай апа. - Шешем Шәлипа 13 құрсақ көтерген, бірақ олардың ішінде аман қалғаны - 3 қыз, 4 ұл.
Әкесі Мышбай оның 1 жасында қайтыс болып кетіпті. Әкесінің көзін көргендер «Мышбай сабырлы да сымбатты, жігіттің сұлтаны болатын» деп отыратын. Отағасының аманында бұл отбасы өте ауқатты тұрыпты. Әке Мышбай Қытайға барып шай, жібек, басқа да заттар әкеліп, дүкен ұстапты. Анасы Шәлипа сезімтал, ширақ жан болатын. Екеуі тапқанын ұқсатып, тату-тәтті өмір сүреді. Осы бір айрандай ұйыған отбасының ұйытқысын сұм соғыс бұзды. Бұл кезде әкей дүние салған, ең үлкен Әкімқожа ағасы ғана енді үйленіп, шаңырақ көтерген. Ағаларының бәрін бір күнде әскерге алып кетті. Кішкентай Нүкетай 5-6 жастағы бала болса да, сол бір көрініс әлі күнге дейін жадында. Әсіресе, ең кішкентай Мақсұт дейтін ағатайы 15 жасында әскерге аттанды. Ол кездегі ұрпақтың комсомол қатарына ертерек өтемін деп жасын ұлғайтып алатын әдеті. Міне, сондықтан да бұғанасы қатпай жатып, ол да әскерге аттанып кете барды. Үлкен әпкесі Сұлуман ертерек тұрмыс құрған. Одан кейін Күлиша, сосын Нүриша - Нүкетай апа. Ата-анасы қос қызын еркелетіп «Күйкентай, Нүкетай» деп жүріп, осы күнге дейін құжаттарында да осы атты иемденіп кеткен.
«Әкімқожа ағамның келіншегі Сара да бізбен бірге тұрды. Сөйтіп, апамның қасында үш қыз қалдық. Біз бала болып ойнаған жоқпыз. Титтейімізден масақ теріп, шешемізге болыстық. Шешем сиыр фермасына сауыншы болып орналасты. Ол кезде жұмысқа тұру да оңай емес. Шешем сиыр сауса, бұзауын тартып, бұзау бағып, соның қасында жүретінбіз. Епті, ширақ болып өстім. Кішкентай шелекті алып, шешемнің сауып кеткен сиырының астынан өтіп барып желіндісін сауып аламын. Сиырдың астынан, ара-арасынан өтіп бригадирдің көзіне түсіп қалмай, сол сүтті шашпай-төкпей үйге әкеледі екенмін. Сөйтіп біздің үй кәдімгідей сүтпен шай ішетін.
Сауыншылар киіз үйде қолымен май шайқайды. Сонда әрқайсысы өзі отырған жердің киізін тесіп қоятын. Бала болсақ та өзіміздің шешеміз қай жерде отырғанын жақсы білеміз, біз барсақ шешеміз алақанымызға май салып береді, біз оны алып үйге қарай жүгіреміз. Бригадир бақылап тұрады, оған байқатпауға тиіспіз. Расымен де біздің ұрпақ жоқшылықты, қиыншылықты жастайынан көріп өсті. Сол бір көріністер құдды бір кинодағыдай көз алдымда. Кейде кино көріп отырсаң біреулер «Түу, осындай да бола ма, кино ғой» деп жатады, киноның өзі өмірден алынады емес пе? Ал біз соны көзімізбен көріп өстік» дейді Нүкетай апа.

Әншілік анасынан дарыса керек...
Қанша қиыншылық кез болса да баланың аты бала емес пе, ебін тауып ойнайды, жиналып ән салады. Кішкентай Нүкетайдың арманы әнші болу еді. Өзі құралпы қыздардың басын қосып концерт қояды. Радиоқабылдағышқа құлағын тосып, Роза Бағланованың әндерін жаттап алады. Негізі, бұл өнер анасы Шәлипадан дарыса керек. Үлкендерден естіген мына бір әңгіме соған дәлел: «Шәлипа жастайынан әншілігімен, айтыскерлігімен елдің көзіне түскен. Бір байдың сақау қызы болыпты. Сол бай шешесіне «Осы қыз күйеуге тисе, тойын сен басқарасың, ән саласың» дейді екен. «Аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей, байдың сақау қызын да алушы табылады ғой, не керек әлгі қыз ұзатылатын болып, Шәлипа ананы тойға шақырып келеді. Ол сол кезде Нүкетайды босанып, қырқынан да шықпаған кезі екен. «Уәделі сөзің қайда? Тойға алып кеткелі отырмын» дейді. Отағасы Мышбай «жаңа ғана босанған адамды тойға шақырғаны несі?!» деп әуелі қарсы болады да, сосын өзі не дейді екен деп әйеліне қарайды. Ол «Жіберсең барамын ғой» деп бөпесін құндақтап орап алып тойға барады. Айтысқа түсіп жеңіп кетеді. Сөйтіп, Нүкетай қырқынан шықпай жатып шешесімен бірге той тойлап келген екен».
Күнделікті қарбалас тірлік қажытса керек, кейде ауылдағы үлкенді-кіші бұлардың үйіне жиналатын. Әсіресе, шешей Кеген жаққа тұрмысқа шыққан Сұлуманның үйіне барып келгенде «қызының үйінен талғажау етуге бірдеңе алып келді-ау» деп дәмететін болуы керек. Сұлуман дүкен ұстайтын, шешей шай, аздап тәтті әкелсе, соны бәрі бөліп жейді.
«Бәрі әңгіме соғып, әскерге кеткен балаларын, күйеулерін еске алады, жылайды, күледі, сөйтіп, ақырын бір-бірімен ұрсысып қалғандай үнсіз үйден шығып жүре беретін...
...Бұл елдің басына түскен нәубет еді. Сол кезді айтқанның өзінде көзіме жас аламын. Әскерге кеткен ағаларымызды ойлаймыз. Жұрттың бәрі ақын болып кетті сол кезде» дейді Нүкетай апа мұңайып. Кейіннен әскерге кеткен төрт ағасының екеуі аман-есен елге оралды, соның өзі көңілге демеу болды.
Қалалық қыз
Шәлипа ана қолында барды Нүкетайының үстіне ілетін. Мектепте жүргенде көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Анасы «Сен әртіс бол, елдің алдына шығып өнеріңді көрсет. Әртіс болсаң көңілің дарқан болады, ой-өрісің кеңейді» деп отыратын. Ауылда оттың басы, ошақтың қасында отырған әйелдің әріден ойлайтын қабілетіне осы күні өзі де таңғалады.

Ес біліп, етек жапқан 7-сыныпты бітірген шағында Нүкетай Мышбайқызы Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа оқуға келеді. Нұржамал деген құдашасы сол мектепті бітірген екен, анасы қолына керек-жарағын ұстатып, қызын соған ілестіріп жіберді. Орысшаға шорқақ, математика да басына онша қона бермейді. Дегенмен интернатта ботқа, шекер жейді, жағдайы жақсы. Қанша дегенмен мәдениетті жерге келді. Біраз уақытта қаланың тәртібіне, тәрбиесіне үйрене бастады. Ұстазы, педагог-әдіскер, Социалистік Еңбек Ері Рафиха Нұртазина сабақтан соң алып қалып жүріп орысша нан сұрауды үйретті. Ән айтатын үйірмеге қатыстырды. Алматыдағы мектепаралық жарыстарға барып жүрді. Жазушы Шәрбану Құмарова, Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен үшеуі бір сыныпта оқыды. Төрткен екеуі ән салады, Шәрбану билейді. Олар жарыстарға қатысып, ылғи бірінші орынды алып жүрді. Сол кездері Кенен ата атпен келетін. Бала ғой, Кененнің кім екенін бұлар қайдан білсін, әйтеуір «Төрткеннің әкесі ауылдан құрт әкелді» деп мәз болысып қалатын.
Екі жыл сол мектеп-интернатта оқиды. Операға, театрға, кешке мұғалімдерден тығылып саябаққа би кештеріне барады. Өнерде жүрген соң бәрі бұларды қолпаштайды. Дегенмен мектеп бітірердің алдында бұл ауылға қайтқысы келді. Рафиха Бекенқызы апайы ауылға жібергісі келмей, біраз үгіттегенмен, мұның ауылға аңсары ауды да тұрды. Сөйтіп, мектепті ауылдан бітіреді.
Тура жолға түсірген Тоқпанов еді
Намысқа тырысып мектепті 4 пен 5-ке оқып бітірді. Анасы оған «Сен, қызым, Алматыға консерваторияға оқуға бар» деп кеңес береді. Біреулермен ақылдасса керек, әйтпесе ауылда жүрген қарапайым ғана әйел сондай бағыт-бағдар бергеніне қайран қаласың. Тағы біреуге ертті де қалаға қайта жіберді. Консерваторияға келіп құжат тапсырады. Қазақстанның халық артисі, әнші, педагог-ұстаз, профессор Бекен Жылысбаев емтихан қабылдап жатыр екен. Өскемен жақтан келген Раушан Әуезбаева деген қызбен танысып, достасып кетті. Раушанның дауысы керемет. Бұл тек Роза Бағланованың әндерін ғана біледі. Роза Тәжібайқызының репертуарындағы әннің бәрін радиоқабылдағыштан жаттап алған. Емтихан қабылдап жатқан жерге бір кісі кіріп келді. Бәрі орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Сол кезде Бекен Жылысбаев «Мышбаева, көрсет өнеріңді» деді. Шыға салып, Роза Бағланованың бірінен соң бірін 2-3 әнін айтты. Келген кісі ішегі қатып күлді. Бәрі «Асеке» деп оған ерекше ілтипат көрсетіп жүр. Сөйтсе ол Асқар Тоқпанов екен. Ол кісі бұдан «Қайдан келдің, қызым?» деп сұрады. Жайлап қана «Нарынқолдан» деп жауап берді бұл. «О, айналайын, Райымбек бабамның туған жерінен келген екенсің ғой» деді ол. Бұл іштей «біздің туысымыз-ау» деп ойлап тұр. Ауыл адамы аңғал келеді ғой. Асқар Тоқпанов:
- Сен немене Роза Бағланова боламын деп тұрсың ба? - деп сұрады.
- Әнші боламын, аға, - деп бұл да қайтпайды.
- Роза біреу! Екі Роза болмайды! - деді ол өктем үнмен. - Биыл біз театр бөлімін ашып жатырмыз, сен одан да соған кел.
- Оған бармаймын, - деп бұл өзінше қасарысып қояды. Ал оның қасындағы Раушанды әнші бөліміне қабылдамақшы болып жатты. Өйткені оның дауысы расында да керемет болатын. Ал бұл әншілікке ала ма, жоқ па, ісі жоқ. Асқар аға бұлардың қарсылығына қараған жоқ. Қолдарынан жетектеп театр бөліміне алып келді. Театр бөлімінің алдында да ығы-жығы адам. Құжат тапсырушы көп, бірақ соның ішінен 25 бала ғана қабылданды. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтіметов, Матан Мұратәлиев, Күләй Мұратәлиева, Оспанхан Әубәкіровтер болды. Соның ішінде 10-15 бала 1959 жылы оқуды ойдағыдай бітіріп шықты. Ол кезде М.Әуезов атындағы драма театрының директоры Құрманбек Жандарбеков еді. Ол осы курстың біраз баласын театрға таңдап алыпты. Соның ішінде бұл да бар. Райымбек Сейтіметов, Сәбит Оразбаев, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Раушан Әуезбаевалар театрға бірге келді. Театрдың қабырғасына келу олар үшін мәртебе болды. Міне, сол 1959 жылдан бері үздіксіз осы театрда қызмет жасап келеді. Серке Қожамқұлов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеевалардың арасына келіп түседі. Олардың жүріп-тұрғаны, сөйлегені, кісімен сыйласуы жаңа ғана театрға келген жастарға үлкен мектеп болды.
Театрға келе сала, басты-басты рөлдер бұйырды. Әу бастағы әнші боламын деген арманы да осы жерде орындалды. Ең бірінші «Беу, қыздар-ай», «Той боларда», «Келіндер көтерілісі» сияқты комедиялық спектакльдерде ойнады. Өмірде жайдары, күліп жүретін болған соң ба, актрисаға көбіне комедиялық рөлдер берілетін. «Ана - Жер Ана» спектаклі қойыла бастағанда Әлиманның рөлі Торғын Тасыбекова екеуіне бұйырды. Бұл дәл өзінің өмірімен бірдей еді. Сахнаға шықса, әскерге аттанған ағалары, ботадай боздап, шырылдап қалған жеңгесі көз алдына елестейтін. Сол кездегі бүкіл халықтың өмірі осы спектакльден көрініс тапты. Сәбира Майқанова енесі болып ойнап жүрсе, ол өз өміріндегі шешесінің бейнесіндей еді...
Міне, 53 жылдан бері ел аузында әкем театр атанып кеткен, М.Әуезов атындағы қазақ драма театрында табан аудармай еңбек етіп келеді.
Отбасында бақытты әже
- Екі рет тұрмыс құрдым. Тағдырдың жазуы солай болды... Бірінші жұбайым - Мэлс Ержанов. Ол өзіміздің театрда суретші болды. Мэлс жаратылысынан өте салмақты, өзінің ісін жақсы білетін, талантты суретші еді. Екеуіміздің дәм-тұзымыз жарасып, отбасын құрдық. Енем Әйнеш Ержанова да актриса, Абай атындағы опера және балет театры құрылған кезінде сонда қызмет істеген. «Айман - Шолпан» спектаклінде Айманды Күләш Байсейітова ойнаса, Шолпанды менің енем Әйнеш сомдады. Ол да заманында керемет актриса болған адам. Қазір ол кісінің аты көп атала бермейтіні өкінішті. Мэлс екеуіміздің арамызда Земфира атты қызымыз бар. Тағы екі-үш құрсақ көтердім, бірақ олар кішкентайында шетінеп кетті... Кейде қызымның жалғыз болып қалғанына өкінемін. Дегенмен Земфирам өте тәрбиелі қыз болып өсті, мектепті үздік бітірді. Әкесінің ақыл-кеңесімен Мәскеуде сурет өнерін зерттеуші мамандығын алып шықты. Одан Шолпан деген немерем бар, - дейді Нүкетай апа.
Дегенмен жастайынан қосылып, өмірдің қызығы мен қиындығын бірге көрген қосағы 60-ында өмірден озды. Әрине, бұған сөз салғандар болды, біраз уақыт «Қызымды өсіремін, оқытамын», «40-тан асқан шағымда тұрмыс құру ұят емес пе?» деп ешкімге қарамай жүріп көрді. Дегенмен жалғыздық деген қиын екен. Жар дегенде жалғыз қызы Мәскеуде оқиды. Содан полковник Нығмет Шәріпбаев деген кісімен көңіл қосып, екінші рет тұрмыс құрады. «Мэлспен 23 жыл, Нығметпен 25 жыл бақытты өмір сүрдім. Кейінгі қосағымнан бала сүйе алмадым. Мінезі жайдары, өте тамаша кісі болды. Өте сыйластықта өмір сүрдік. Сен актрисасың ғой, қазан-табаққа араласпашы» деп мені алақанында аялап өтті. Ол да дүниеден озды. Қанша қиыншылық көрсем де өміріме ризамын» дейді Нүкетай апа сол күндерді сағынышпен еске алып.
Актриса көп қатарлы театр берген екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Кейбіреулер «Оу, халық артисісің, «Парасат» орденінің иегерісің, әлі екі бөлмелі пәтерде тұрасың ба?» деп жатады. Бұл «Несі бар екен? Қызым, күйеу балам, немерем төртеумізге жетеді. Кімнен барып пәтер сұраймын» деп жауап береді ондайда. Ол үнемі бала күнінде көрген қиыншылықты еске алады. Оның қасында бүгінгі заман рахат қой. Өмірі біреудің алдына барған кісі емес. Атақ та, абырой да өзі келеді.
Жас ұлғайған сайын жұмыс көбейді
Қазір Нүкетай апа 76 жаста. Әлі күнге рөлдер ұсынылып келеді. «Болашақ» сериалында өз шешесінің рөлін сомдап шыққандай. Фильмге түсуге ұсыныс жасалған кезде «Қартайдым ғой, сериал менің не теңім?» деп басында келісімін бермеген. Қайта-қайта хабарласып болмаған соң «Пробаңа бармаймын, бәрібір алмайсың» деп қашқалақтайды. «Жоқ, сіз Майра апаның рөліне бірден бекітілдіңіз» деп болмаған соң осы сериалда ойнап шықты. Қазір оған қатысқанына қуанбаса, өкінбейді.
«Хабар» арнасы «Бірлігіміз жарасқан» деген бағдарлама ашып, қазір соған түсірілімге барып жүр. «Мама, үйде отырсаң ауырасың, шақырғанда бар, елмен аралас» деп қызы кеңес береді. «Оныкі дұрыс, біз адамдармен араласып, біте қайнасып жұмыс істеп үйреніп қалғанбыз ғой. Немеремді бағып өсірдім. 15 жылдай бір қар жауғанға дейін Ивановтың тәсілімен үстіме суық су құйдым. Қазір тоқтаттым оны. Бүгінде таңертең 7-де тұрып 9-ға дейін далада серуендеймін. Сосын жуынып-шайынып жұмысқа кетемін. Немерем «Мама, әжем «түнімен ауырдым» деп еді, тағы бір жаққа кетейін деп жатыр ғой» дейді. Той-томалақты жақсы көремін. Біреудің кішкентай жақсылығын көрсем соған бар ынта-ықыласыммен қуанамын. «Түу, алтыным-ай, бүгінгі рөліңді керемет ойнап шықтың!» деп ризашылығымды білдіремін». Мұнысы рас, халық артисі, біртоға, бұйығы жүретін құрбысы Фарида Шәріпова «Нүкетай-ау, кейде мен сені көрсем күн шығып келе жатқан сияқты болады» дейді екен.
«Қазір бірге оқып, бірге жүргендерден Сәбит (Оразбаев), Асанәлі (Әшімов) және мен үшеуміз ғана қалдық. Кездесе қалғанда өткен-кеткенді айтып, қалжыңдасып, қауқылдасып қаламыз. Енді бізге не керек? Адамды жақсы көру керек, адамның қуанышына ортақтаса білу де үлкен өнер. «Парасат» орденін алғанымда бір ай сөйлеспей қойған «құрбыларым» болды. Оның бәрі адамның өзінің де, өзгенің де жүрегін ауыртып, берекесін кетіреді.
Менің басты арманым - ел-жұртым, Отаным, отбасым аман болса екен. Кейбіреуге бұл жай сөз сияқты болып көрінетін шығар, ал мен үшін ең маңыздысы - осы!» дейді Нүкетай апа.
Гүлнар Жұмабайқызы