- Ертұрғұл мырза, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Қазақстанға сапарлатып келуіңіздің себебі қандай?
- Мен Түркияда туып-өстім. Ұлтым қазақ. Түркиялық «Сабах» басылымының Ыстамбұлдағы бөлімінің бастығымын. Журналистикада жүргеніме 20 жылдай уақыт болыпты. Бұдан өзге Түркия қазақтары қорының бас хатшысымын. Қазақстанға осымен үшінші рет келіп отырмын. Туған елге қор жұмыстарымен әрі осындағы баспасөзде қызмет атқаратын әріптестерімізбен жақынырақ танысуға келдік.
- Түркияда қанша қандасымыз бар?- Түркияда он мыңға жуық қазақ өмір сүреді. Қазақтардың басым бөлігі - Ыстамбұл қаласының тұрғындары. Кіл қазақтар өмір сүретін арнайы «Зәйтүн» атты аудан бар. Сол ауданда тұратын қазақтар түрлі мерекелік шараларды жүзеге асырады. Тіпті, жастарымыздың арасында «Қара жорға» биін еркін билеп, «Көңіл толқыны» күйін тартатындар бар. Қандастарымыздың ұлттық мәдениетімізді сақтап, дамытуы үшін арнайы қор жұмыс істейді.
- Қордың негізгі мақсаты қандай?- Қордың негізгі мақсаты - қазақтардың басын біріктіріп, ортақ мүддеге жұмылдыру. Оның үстіне аталмыш қор Түркиядан Қазақстанға қоныс аударатын қазақтар жайында кеңінен мағлұмат береді. Түркия қазақтарының қоры қос елдің арасын байланыстыратын көпірге айналды десем, артық айтқаным емес. Қор ел тәуелсіздігі, Наурыз мерекесі, қазақтардың Түркияға қоныс аудару мерекелерін атап өтуге ықпал етеді. Қазақтар арасында жасалған кез келген жаңалықты жергілікті баспасөз беттеріне жариялап тұрамыз. Осылайша қазақтың, қордың аты Түркияға таралады. Түркиядағы Қазақстанның елшілігі де өз жұмысын абыроймен атқарып отыр. Осыдан біршама уақыт бұрын Дүниежүзі қазақтарының жиырма жылдығын атап өттік. Осы мерекеге орай, Түркиядағы жоғары билікте отырған азаматтардың иығына оюлы шапан жаптық
.
- Қандастарымыздың туған тілін меңгеруге деген ынтасы да бар шығар...
- Түркия қазақтарының басым бөлігі қазақ тіліне шорқақ. Әсіресе, таза түрік тілінде білім алатын жастар үшін қазақ тілін меңгеру тіптен қиын. Қазақ болған соң, туған тілден мақұрым қалуға болмайды. Бір өкініштісі, Түркиядағы қазақ жастарының туған тілді меңгеруге деген ынтасы мәз емес. Өйткені, насихаттау, ынталандыру аз әрі туған тіліміздің қолданылу аясы да тар. Тілді меңгеруге ниет танытқан жастар: «Бізге сабақ барысында туған тіліміз туралы айтылады. Ал сабақтан шыққан соң бәрі ұмыт қалады» деп назданады. Сол себепті Қазақстан мен Түркия арасында ақпараттық байланыс нығая түссе дейміз. Қос елдің жастары өзара әңгімелесетін, білімін ортаға салар арнайы алаң қажет. Түріктерде «Қайдан келгеніңді білмесең, қайда барарыңды білмейсің» деген сөз бар. Сондықтан жастарымыздың ата-баба тілін меңгергенін қалаймыз. Ол үшін қазақ жастарының Қазақстанға сапарын жиілетіп, қазақ елінде түсірілген кинофильмдердің қазақша нұсқасын, күмбірлеген күй мен қазақ әндерін Түркияға көптеп әкелу керек сияқты. Қорға келген жастарға үнемі туған еліміз туралы, туған тіліміз туралы айтып, «Біз қазақпыз. Қайдан келдік, кім болғанымызды ұмытпауымыз қажет» деп құлақтарына құйып отырамыз. Қазақ қорының жұмысы мұнымен шектелмейді. Жас ұрпақтың қазақ екенін таныту үшін мұнда түрлі іс-шаралар да жүзеге асырылады. Жас дәрігерлер, мұғалімдер, бизнес өкілдері, тіпті Парламентте қызмет атқарған түрлі мамандық иелерінің басын біріктіріп, «Жас қазақ» атты клуб аштық. Клуб түрлі мәдени іс-шараларды жүзеге асырады, бір-біріне қамқорлық көрсетеді. Түркиядағы қазақтардың барлығы дерлік жақсы өмір сүреді, әлеуметтік жағдайы жақсы деу қиын. Өкінішке қарай, әлеуметтік жағдайы сын көтермейтін ағайындарымыз да бар. Қор тарапынан мұндай отбасыларға жәрдем көрсетіп, қол ұшын созамыз.
- Қордың алдағы мақсаты қандай?- Қордың алдағы мақсаты - қазақ тілін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау. Бізді туған тіл мәселесі толғандырады. Өйткені жас ұрпақ қазақ тілінен мүлдем бейхабар бола ма деген үрейіміз де басым. Жастарымыз Түркия мәдениетіне толықтай сіңіп, ұлттық мәдениетімізді ұмыт қалдыра ма деген қорқыныш та бар. Сондықтан Түркиядағы қазақтардың осы халін Қазақстандағы азаматтар білсін деген ниетпен атамекенге ат басын бұрдық. Түркиядағы жас қазақтар Қазақстанға келіп, қазақ мәдениетімен, әдебиетімен жақынырақ танысуға жағдай жасалса, Қазақстандағы жастар Түркиядағы қатарластарымен, қандастарымен танысса құба-құп болар еді.
Сұхбаттасқан
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ