Ағайынды Дәурен және Данияр Елеусіновтер бокс әліппесін өздерінің кіндік қаны тамған Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылында ашқан болатын. Ол кездері Марат ағамыз ауылдағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі және бокс үйірмесінің бапкері еді. Бертін келе Елеусіновтер отбасы облыс орталығына қоныс аударды да, Дәурен мен Даниярдың боксшы ретінде нағыз қалыптасу кезеңі Орал қаласында өтті.
Өз ұлыңды баулу қиын
Спорттың соңында таңын атырып, күнін батырып жүрген мамандар «Бокс - күш-қуатты ең көп талап етіп, калорияны ең көп жағатын спорт түрі» деседі. Шынында да жаттығудан кейін қатты шаршайтыны соншалық, боксшы бір қол түгілі, екі қолымен бір кесе шайды аузына қалт-құлт етіп жөндеп апара алмайды. Жаттығуының өзі қияметтің қыл көпіріндей спорттың осындай сұрапыл түріне туған ұлыңды салу үшін жүрек керек. Оның үстіне рингтегі шайқас тек жеңістерден тұрмайтыны аян. Ал өзің бапкері бола тұра, өз ұлыңның көз алдыңда рингте таяқ жеп жатқанын, яғни жеңілісін көру, әрине, қай-қай әкеге де оңай тимесі хақ.
- Құдай берген қабілетке қоса, боксшыға қайсарлық пен еңбекқорлық, табандылық пен қажыр-қайрат ауадай қажет. Ұлдарымның бойынан осындай қасиет табылғанына мен әрине, қуаныштымын, - дейді Марат Елеусінов.
«Саған бір бала да жетер...»
Мәкеңнің үйіндегі Ғалия жеңгеміз үш перзенттің анасы. Тұла бойы тұңғыштары Динара қарындасымыз БҚМУ-дың хореография факультетінің түлегі, бүгіндері Астанадағы «Наз» мемлекеттік би ансамблінде қызмет істейді.
Негізі, Ғалия жеңешеміз студент кезінде өзі де жеңіл атлетика және волейболмен айналысқандықтан, спорттан бір кісідей хабары бар жан. Ұлдарының үлкені Дәурен әкесінің жолын қуып, боксқа біржола бет бұрғанын көргесін, оның үстіне кенжесі Данияр да былғары қолғапқа «кет әрі» еместігін сезгесін Ғалия отағасына, «Сенің боксыңа бір бала да жетер, Данияр алаңсыз сабағын оқысын», деп наз айтқан көрінеді. Бірақ қанында бар қабілет бәрібір Даниярды жаттығуға сүйрелеп, жеңістерге жетеледі. Бүгінгі таңдағы жеңіс-жетістігіне қоса, Мараттың Данияры Қазақстан боксының арғы-бергі тарихындағы 15 жасында спорт шеберінің талабын орындаған Нұржан Смановтан кейінгі екінші боксшы.
Чемпиондардың хоббиі
- Егер нағыз жарыс таяп қалып, спорттық кестелері тығыз-таяң болмаса, мен ұлдарымды бос уақыт жағынан көп қыспаймын. Керісінше, мүмкіндік болып жатса, көңілдері қалаған істерімен айналысуға мүмкіндік беремін. Мұндай «ұзын арқан, кең тұсау» оларға тынығып, әл жинауға жақсы көмектеседі, -дейді бапкер әке. Әңгіме барысында Мәкеңнің өзі қос чемпион туралы біраз мәлімет берді:
- Дәурен оқушы кезінде үйде музыканы қосып қойып билегенді, сурет салғанды және пластилиннен мүсін жасағанды, әсіресе, боксшының сұлбасын сомдағанды жақсы көретін. Қазір әлі де билейді. Бірақ сурет салу мен мүсін өнерінен біржола қол үзген сыңайлы. Есесіне, дәстүрлі Исламға бет бұрып, намазға жығылды. Осыдан екі жылдай бұрын Дәурен үйленіп, келін түсірдік. Келініміз Балнұр - Қарағандының қызы. Екі жастың арқасында Ақжайық пен Арқа құда болды. Әбілмансұр атты тұңғыш немереміз бүгіндері жас жарымға таяды.
Данияр мектепте жүргенде кітап оқығанды, футбол ойнағанды ұнатқан екен. Тіпті ол әкесінің айтуынша, мәнерлеп оқудан Оралда өткен қалалық байқауда екі мәрте бірінші орын алып, сондай-ақ футболдан өзі құралпы балалар арасында Орал қаласының чемпионы да болған көрінеді.
Қылықты қыздар ұнайды
Данияр Елеусінов осыдан екі-үш апта бұрын Лондон Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізгенде, Жайық жұртынан сүйінші сұрағанымыз бар. Араға екі-үш күн салып, Даниярдың өзіне телефон шалып, оның жетістігіне жерлестері тегіс қуанулы және Лондоннан жеңіспен оралуына бек тілектес екендігін жеткіздік. Сонан соң аз-кем сұхбаттасудың да сәті түсті.
- Ырымға сенесің бе, Данияр?
- Жоқ, сенбеймін.
-Өзің ерекше құрметпен қарайтын боксшы бар ма?
- Әлемде бірінен бірі өткен мықты боксшылар баршылық. Бірақ маған боксты өнер дәрежесіне дейін көтерген Серік Қонақбаев, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбырайымов, Нұржан Сманов, Константин Цзю, Оскар де ла Хойя, Рой Джонс және Мұхамед Әли сынды ринг жұлдыздары ерекше ұнайды. Бір сөзбен айтқанда, өз басым техникалық шеберлігі өзгеден оқ бойы озық әрі өзінің де соққысы жойқын, сонымен қатар қарсыласының тегеурінді шабуылына төтеп бере алатын қайратты боксшыларға құрметпен қараймын.
- Алдағы Олимпиадада саған кім табанды қарсылық көрсетеді деп ойлайсың?
- Лондон Олимпиадасы - бұл мен қатысатын алғашқы Олимпиада. Сөйте тұра, мен Олимпиадаға осал боксшы бармайтындығынан әрине, хабардармын. Сол себепті әр қарсыластың ұрыс жүргізу мәнерін мұқият зерттеп, олардың өзіне тән артықшылығы мен осал тұсын нақты саралап, тиянақты дайындалу керек. Жалпы, менің салмағымда өзім білетін әлемде бүгіндері ерекше мықты екі боксшы бар. Бірі - кубалық Рониель Иглесес Сотолонго және бразилиялық До Стантос Эвертон. Кубалықтың Олимпиада жолдамасына қол жеткізген-жеткізбегендігінен әзірше хабарсызбын, ал Эвертон Лондонға барады деп естідім.
- Данияр, жанкешті жарыс-жаттығулардан кейін қалай демаласың, бос уақытыңды қалай өткізесің?
- Достарыммен бильярд, футбол ойнағанда сергіп қаламын. Бассеинде жүзу де жаттығу мен жарыстан кейінгі шаршағаныңды басады. Қолым қалт еткен сәттегі тағы бір ермегім, ғаламтор арқылы еліміздің, әлемнің күнделікті тыныс-тіршілігіндегі жаңалықтармен танысу.
- Боксшы ретінде саған қандай дәм-тағам күш-қуат береді?
- Мен де қазыны сүйсініп жейтін көп қазақтың бірімін. Салмағымды бір деңгейде ұстау керек болғандықтан, өкінішке қарай, асты көп жей алмаймын. Есесіне, өзбек ағайындардың ұлттық тағамы палаудан өзімді көп шектемеймін. Жеміс-жидектен өрік-мейіз, алма мен апельсин, сосын жаңғақты жақсы көремін.
- Шетелдерге жарысқа барғанда кімдерге қандай базарлық алып келесің?
- Ата-анама, бауырларым мен достарыма барған елдің тарихы мен мәдениетіне қатысты, негізінен, сый кәделер, кейде жеңіл-желпі спорттық киім-кешек алып келемін.
- Данияр, сен жігіттің төресісің, спорт жұлдызысың. Саған назар аударатын бойжеткен көп шығар?
- Сұрағыңыздың астарын түсіндім, аға. Бірден айтайын, әзірге қол алысып, сөз беріскен қалыңдығым жоқ. Ал жалпы, маған көркіне ақылы сай қылықты қыздар ұнайды...
Дәурен ЕЛЕУСІНОВ - 1986 жылы туған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы (2005, 2009), студенттер арасында әлем чемпионы (2006), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2009).
Данияр ЕЛЕУСІНОВ, 1991 жылы туған халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасынан Азия, әлем чемпионы (2006), жастар арасынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2008), екі мәрте ел чемпионы (2010, 2011), Азия ойындарының жеңімпазы (2010).
Сұхбаттасқан
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ
Батыс Қазақстан облысы