|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық


11.04.12. Печать


Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор:  Іргелі зерттеулерге ұйытқы боламыз
- Қазақстан ғалымдарының төл ме­рекесі - Ғылым күні қарсаңында жүз­десіп отырғандықтан, әңгімемізді елі­міздегі ғылым жүйесінің жай-күйі мен оның дамуындағы оң өзгерістерден бас­тасақ дейміз.
- Тәуелсіздік алған жиырма жылдан астам мерзімде, еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға зор мән беріліп келе жатыр. 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қабылда­нып, іске асуы - Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарымен сәйкестендірілгенін айт­қанымыз абзал. Сондай-ақ «Ғылым туралы» жаңа заң отандық ғылымның дамуына өзіндік көмегін бергенін отандық оқымыстылар айта бастады. Жалпы, еліміздің білімі мен ғылымы, ин­дустриялы инновация саласы даму қарқынын үдетуге беталды. 2009 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың төраға­лығымен өткен ғылым және ғылыми саясат бойынша кеңесте айтылған келелі ойлар мен айқын міндеттерді, атап айтқан­­да, ғалымдардың қағазбас­тылықтан құтылу жолдарын айқындап, олардың ашқан жаңалықтарын өндіріске ендіру мә­селелерін толыққанды ой­ластыру ту­ралы толғамды ойларынан туындайтын міндеттер жаңа «Ғылым туралы» заңда жан-жақты қарасты­рылғанын, ғалым­дар тарапынан қолдау тапқанын қадап айтқымыз келеді. Олай болатын себебі де бар. Өйткені жаңа заң өте зор жауапкершілікпен дайындал­ғанын, ғылыми-зиялы қауыммен бір­неше рет талқыланып, көрнекті ғалым, ұтқыр ұйымдастырушы, білім мен ғылымның өз өкілі, академик Бақытжан Жұма­ғұловтың төрағалығымен өткен айтулы кеңестерде ғылыми жұртшы­лықпен, жоғары оқу орындарының профессор­ларымен келісе қабылданғанын қапе­рімізде ұстағанымыз жөн.
Өткен жылы бірінші желтоқсанда Елбасының қатысуымен бүкіл қа­зақстандық ғалымдар форумы өтті. Сол кезде Елбасымыз Білім және ғылым министрлігінің ғылымды жаңа тұрпатта дамытуға бағытталған «Ғылым туралы» заңын ерекше атап өтті. Сайып кел­генде, Елбасының көзқарасының ар­қасында қазір ғылымымыз дамып, жаңа тех­нологияларымыз жетіліп жатыр.
- Кәрімбек Арыстанбекұлы, бүгінгі күні қолданысқа еніп отырған, өзіңіз айтқандай, көптің көңілінен шығып отырған заңның нақты іске асу тетіктері туралы толығырақ тоқталсақ...
- Өткен жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Жо­ғары ғылыми-техникалық комиссия­ның отырысында 2012-2014 жылдарға арнал­ған ғылыми-зерттеу жобаларын қаржылан­дыру мәселесі қаралған болатын. Сонымен бірге, Білім және ғылым министрлігі гранттық қаржыландыру бойынша ғы­лыми-техникалық бағдарламалар мен жоба­ларға арналған конкурстың нә­тижесін де жариялап үлгерді. Ғылыми-зерттеу институттары және жоғары оқу орын­дарынан түскен өтінімдермен қатар, жеке тұлғалардан да өтінімдер түсуі, яғни, ғалымдардың жеке тұлға ретінде кон­курсқа қатыса алу құқығына ие болуы - жаңа заңның жағымды жа­ңалығы деп айтуға әбден болады. Ғылыми еңбектерді сарапқа салып, еліміздің дамуына аса қажет ғылыми жобаларды таңдау құ­қы­ғы республикаға белгілі, көрнекті ға­лымдардан құралған Ұлттық ғылыми кеңесте қаралып, қорытындысы шы­ғарылғанын жаңа заңның жаңалығына тағы қосыңыз. Бұл жерде ерекше айтар тағы бір мәселе - отандық оқымыс­тылармен келелі кеңес өткізген Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұр­сынұлы Ұлттық ғылыми кеңестің жұ­мысының нәтижесіне ықпал ете ал­майтындығын, тәуелсіз эксперт­тердің шешіміне араласа алмайтын­дығын ағынан жарыла айтуының өзі - Ел­басының «ғалымдардың еңбегін ше­неуніктер араласпай, ғалымдардың өздері бағалайтын болсын» деген байыпты ойының іске асқанын іс жү­зінде бай­қағанымызды несіне жасы­рамыз. Ға­лымдардың Елбасына деген құрметі ерекше екендігі осындайдан байқалады-ау деп бағамдаймын.
Сонымен бірге, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына отандық оқымыстылар «Ғасыр ғұламасы» атағын беруі де тектен-тек емес қой деген ой түбіне тереңдей түсесің...Сонда Елбасымыз: «Ғасыр ғұламасы болу үшін жаңалық ашу керек қой, ал мен ондай жаңалық ашқан жоқпын ғой», - деп кісілік кел­бетпен кішілік көрсетіп еді. Қазақта: «Жақсы адам жақсымын деп айта алмайды, Жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген даналық сөз бар. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында ешкім білмейтін Қа­зақ­станды әлемді аузына қаратқан ал­пауыт елдерге танытып, әлеуметтік-эко­номи­калық әлеуетті арттырып, Астананың төрінде 55 мемлекеттің басшыларының басын біріктіріп, дүниежүзілік эко­номикалық дағдарысқа тойтарыс беретін жолдар талқыланып, Саммитке сарабдал са­лиқалы саясатымен сән берген, төр­ағалық тұғырынан тұшымды ойлар өрбіткен еліне етене жақын Елбасының еңбегін жаңалық демей не дейміз, ғұламалықтың өзі де осы емес пе?!.
- Астанада бой көтерген, еліміздің елордасында ғылыми орта қалыптасты­ру мақсатында іргетасы қаланған, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Нұртай Әбіқаев басшылық ететін Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­демиясының құрылғанына да үш жыл толып отыр екен. Академия негізінің қа­лану тарихынан да аз-кем әңгіме өрбіт­сек...
- Атақты әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті әлемдік білім-ғылым кеңістігіне еркін ену үшін, Болон үдерісіне қомақты үлес қосып, қа­зақстандық білім ордаларының көш­басшысы ретінде көнеден келе жатса, Елордамыздағы бұрынғы «Ақмола пе­дагогикалық институтын» аты атал­ған әйгілі Ұлттық университеттей болсын
деп Елбасымыздың тікелей қолдауымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне айналдырдық. Елімізге белгілі, дүниежүзілік деңгейдегі бірнеше дүркін лауреаттар дайындап, ха­лық­аралық музыка өнері саласында сайысқа түскен аламан бәйгелерде алдарына жан салмай, еліміздің абы­ройын асқақтатқан Б.Төлегенова, Ә.Дінішев, Ж.Әубәкірова, А.Мұсақожаева сынды өнеріміздің жұлдыздарын дайындайтын жоғары білім ордасы - Құрманғазы атындағы кон­серватория, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы сияқты білікті өнер ма­мандарын дайындайтын өнегелі білім ордасы болады деген үлкен үмітпен үкілеп, Астанадан Өнер университетін аштық. Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқайұлы Елбасымызға: «Сіз­дің сараб­дал саясатыңыздың ар­қа­сында ғылым­ды, білімді жетілдіру үшін Ас­танадан университеттер ашылды, өнерді дамытуға да қажетті өнер-білім ор­далары мен мәдени ошақтар қа­лыптастырылды. Ендігі ойланар мә­селенің бірі - ғалымдары болмаса, оқымыстылары болмаса, ғылыми ор­таның дамуы да баяу боларын бұрыннан айтып келесіз. Сондықтан да, академик Қаныш Сәтбаев құрған Ұлттық акаде­мия сынды ғылым ордасын - «Ұлттық ғылым академиясын» Астанадан ашсақ қалай болады», - деген ұсыныс жасайды. Елбасымыз бұл ұсыныстың өте орынды екенін айтып, оң көзқарас танытып, қолдау көрсетіп, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары ака­демиясын Астанадан ашуға әрі оған басшылықты Нұртай Әбіқайұлының өзінің атқарғанын жөн санайды.
Міне академияның тарихы, қысқаша айтқанда, осылай басталған... «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез, ғылым деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі ақымақшылдық» деп айтқан Абай атамыздың көрегендігі, білімдігі қандай керемет болса, Ел­басының отандық ғылымға деген көзқарасының көкжиегін аңғарғандай боласың. Академия бүгінгі күнде бес саусақтың саласындай бірігіп, еліміздегі ғылыми-басымдық бағыт­тармен жұмыс жасауға бар күш-жігерін аямай еңбек етуі - Елбасының сенімінен шықсақ деген ізгі ниеттен туындағаны тағы шындық.
- Кәрімбек Арыстанбекұлы, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғы­лымдары академиясының басқа ака­демиялардан айтарлықтай айыр­ма­шылығын айшық­тайтын, мәселенің мәнісі неде деп ой­лайсыз?
- Біздің академияның басқа ака­демиялардан басты айырмашылығы - жас ғалымдардың көптеп шоғыр­лануында дер едім. Бізде бұрынғы кез­дердегідей ал­пысты алқымдағандар емес, «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің үздік білім-ғылым ордаларында оқып, көп тілді меңгеріп келген, әлемдік тех­нологиялар­ды жете үйренген жастар академия мүшелерінің ширек пайызын құрайды. Жас кезімізде академиктер деген 60-70 жастағы адам болуы керек деп ой­лайтынбыз. Бүгінгі танда 30-дан енді асқан талантты жастар академияның корреспондент мүшелігіне қабылданып, өздерінің қарым-қабілетімен үлгі болып жатқанын айта кетсек, артық болмас. Айтқанымның айқын дәлелі ретінде, еліміздің ғана емес, әлемдік ғылыми жұртшылыққа етене таныс, беделі мен білімі асқан, болашақтың ғылымы - биотехнологияның білгірі Ерлан Раманқұлов сияқты жастар легінің ака­демияның жастар қанатын жа­растырып тұрғанын зор мақтанышпен айтқым келеді.
Жастардың ғылымда жарқырап кө­рінуіне жағдай жасап, еліміздің ертеңіне өлшеусіз қызмет қылуға тал­пындыратын осындай көтермелеу шараларын әркез есте ұстаған академия басшылығының жастарға арқа сүйейтіндігі сүйсіндіреді. Біздің ойымызша, әрбір елеулі ғылыми еңбегімен көзге түскен жас ғалым атақ-дәрежеге, марапатқа дер кезінде ұсыны­луы керек. Мұндай көзқарас жас талант­тардың шеберлігін шыңдауға, жаңалықтар ашуға деген құлшыныстарын арттыруға демеу болары сөзсіз. Бұл ой адамдарын ба­ғалағанымыздың белгісі болмақ.
Баяғыда менің ұстазым - академик Шора Шамғалиұлы айтатын: «Біз док­торлық қорғасақ, елу жасқа дейін-ақ қорғап кететін жағдайымыз болды. Елуге дейін қорғайық дегенде, мәскеуліктер (ол кезде мәселенің бәрін Кеңес Одағының Орталық комитеті шешетін) әлі жассың деп айтатын. Ал елуге келіп, қорғайық дегенде, енді кеш дейтін». Сондай заман болмауы керек. Қазір жалындап тұрған жастық шағыңда жастардың диссертация қорғауына қолдау көрсету керек.
Бүгінде осы салада PhD докторлары отыз жасқа толмай-ақ ғылым докторы бола алады. Бұған жаңадан қабылданған «Ғылым туралы» заң нормативтік құқық беріп отыр. Әлемдік білім қауымдастығына мықтап енуге бағыт алған Қазақстан Болон үдерісінің үдесінен шығу үшін үлкен шаруа тындыруда. Жаңа академия жағымды жаңалықтарға ұйытқы болуда. Елбасы ғалымдарға ашқан ғылыми жаңалықтарын өндіріске енгізу басты міндет екенін екшеп айтты. Бұл - өте үлкен жауапкершілік. Сол себепті Ұлттық академия іргелі зерттеулердің ұйытқысы болуда, бұл күнде осы бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсақ, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті жариялаған гранттық қар­жыландыру бойынша ғылыми-тех­никалық бағдарламалар мен жобаларға қатысып, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттерге сәйкес қалыптастырылған ғылым бағыттары бойынша басымдыққа ие іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша гранттар жеңіп алғанын айтсақ та жеткілікті болар. Жас ұрпақтың білімді азамат болып қалыптасуына, ғылымдық жолда жетістіктерге жетуіне, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының қосар үлесі қомақты деп ауыз толтырып айтуға әбден болады.
- «Ақпаратты меңгерген, әлемді билейді» деген қанатты сөз бар. Ға­лымдардың ғылымдағы ерекше жетіс­тіктерін елге жеткізуде атқарылып жатқан ақпараттық қызметке де қысқаша тоқталсаңыз...
- Өте орынды ұсыныс. Жалпы, ға­лымдардың тапқан жаңалықтарын көпшілікке жеткізіп, еліміздегі көрнекті ғалымдарымыздың әлемдік аренаға шығуына қолғабыс жасау, ақпараттар ағыны ағытылған, күнде өзгеріп жатқан заманда, олардың ойларын шыңдау мақсатында қадау-қадау, қомақты, ауыз толтырып айтарлық ғылыми ой-пі­кірлерін, пайым-парасатын жұртшы­лыққа жеткізу мақсатында академия жанынан «Қазақстан Ұлттық жара­тылыстану ғылымдары академиясының жаршысы» журналы 2009 жылдан бастап үзбей жарық көріп келеді. Сондай-ақ халықаралық форумдар, симпозиумдар және кон­ференциялар ұйымдастыруға атсалысумен қатар, жаһандық жаңа­руларға жаршы болып, әлемдік эконо­микалық дағда­рыстарға төтеп бере ала­тын жолдарды көрсетуді мақсат тұтқан мақалалар жинағында жарияланымдары жарық көрген ғалымдарымыз жетерлік. Айтқан сөзіміз айшықты болу үшін, өткен жылы өткізілген Астана экономикалық форумын ұйымдастырушыларының бірі ретінде, Қазақстан Ұлттық жара­ты­лыстану ғылымдары академиясының атсалысқанын айтуға болады.
Аталған форум аясында «2012 жыл­дағы «РИО-20» тұрақты даму жө­ніндегі бүкіләлемдік саммиті үшін жаһандық энергия - экологиялық стратегияны құру» панельдік сессиясын ұйым­дастырушылардың бірі ретінде, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, академик Нұртай Әбіқаевтың төрағалығымен өтуінің өзі академияның атқарып отырған ауқымды істерін аңғартса керек.
Сөздің реті келгенде, үстіміздегі жылдың мамыр айының 22-24 күндері мерекелік V Астана экономикалық форумы өтетіндігін, оған әлемді аузына қаратқан дүниежүзілік деңгейдегі эко­номист-ғалымдар мен саясаткерлер, атап айтқанда, 12 Нобель сыйлығының лауреаты келеді деп күтілетіндігін әрі осы әлемдік деңгейдегі Форумның ұйым­дастырушыларының бірі ретінде, біздің Ұлттық академия да үлкен дайындық жұмыстарын жүргізіп жат­қанын тілге тиек еткіміз келеді.
- Аз уақытта көп іс тындырғандарыңыз көрініп-ақ тұр. Өзіңіз айтқандай, әлемдік ғылым кеңістігінде ғылыми салада са­раланып, өндіріске еркін енгізіліп жат­қан жайлардан хабардар болу үшін халықара­лық ғылыми-техникалық қарым-қа­тынастар да қарқынды болу керек қой. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
- Жаһандану жағдайында халық­аралық ғылыми ұйымдармен бірлесіп қызмет қылмасаң, көп нәрседен құр қа­латындығыңды дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Ендеше біздің ака­демияның басты бағыты - халықаралық ғылыми интеграцияға көп көңіл бөлу. Әлемдік деңгейде ғылыми басқосулардың бас­тамашысы болу үшін, ең алдымен дү­ниежүзі ғалымдарын толғантып отырған өзекті мәселелердің тамырын баса білуің керек. Ол үшін интеграция жолы - төте жол екендігі бесенеден белгілі. Сондық­тан да біздің академияның басты серік­тесі - Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясы екенін баса айтқым келеді.
Сондай-ақ Халықаралық инвести­циялар академиясы, П.Сорокин-
Н.Кондратьев Халықаралық институ­ты, ЕурАзЭҚ стратегиялық зерттеу институты. Хьюстон университетінің Болашақтық материалдар орталығы, Техас университетінің Нанотехно­логиялар институты, Ресей Федерациясы президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясы және Дубна ха­лықаралық табиғат, қоғам және адам университеті сияқты белгілі халықаралық қауымдастықтармен қоян-қолтық араласып, бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ғаламдық энерго-экологиялық стратегияның жараты­лыстану - ғылымдық, гуманитарлық және экономикалық принциптерін айқындауда ауқымды істер атқарылғанын айтқанымыз абзал. Бұл сөзімізге Астанада биыл өтетін V форумда қаралатын көкейтесті қарарлардың мән-мазмұны дәлел болары анық.
- Кәрімбек Арыстанбекұлы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасының өңірлерде белсенді сипатқа ие болу керектігін Елбасы ерекше айтқан еді. Осы тұрғыдан келгенде әкімдіктер мен ұлттық компаниялармен ғалымдарыңыздың ғылыми жобаларын өндіріске ендіру жөніндегі байланыстар туралы да мағлұмат бере кетсеңіз...
- Елбасының үстіміздегі жылғы халыққа Жолдауында ғылымды мем­лекеттік қолдау керектігі, сондай-ақ инновациялық жүйенің жүйелі қа­лыптасуына мән беру керектігін айтқанын жақсы білеміз. Жоғары ғылыми-тех­никалық комиссия отандық ғылымның төмендегідей бес басымдығын белгілеп берген болатын. Олар - энергетика, шикізат пен өнімді тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телеком­муникациялық технология, өмір туралы ғылым және еліміздің интеллектуалдық әлеуеті. Жоғарыда көрсетілген Үкімет бекіткен барлық басымдықтар бойынша біздің академия ғалымдарының ұсынатын ғылыми жобалары жеткілікті. Алайда оларды өндіріске енгізу мәселесі қиындық тудырып жататындығын жасыра ал­маймыз. Осыған орай біз әкімдіктер мен бизнес өкілдері бірлесіп, ин­новациялық жобаларды өндіріске еңгізу бойынша көптеген өңір басшыларымен және ұлттық компаниялардың жетекшілерімен бірлескен кездесулер, форумдар өткізіп, біздің академияның ғалымдарының ең үздік зерттеулерінен көрмелер ұйым­дастырып, аймақтың, өңірдің өндірісіне өң беретін жаңа жұмыс орындарының ашылуына себебші болатын нысандар жобасының таныстырылымдарын ұйымдастырғанымызды айтқымыз ке­леді. Мәселен, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауы­мен Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының ұйым­дас­тыруымен Елордада өткен бірінші Астаналық инновациялық форумды тілге тиек етсек те жеткілікті.
Біз Астананың бизнес өкілдеріне әлеуметтік мәні бар және қала эколо­гиясын оң шешуге ықпал ететін бірқатар жобаларды ұсындық. Оның ішінде қаланы туристік орталыққа айналдыру, таза сумен қамтамасыз ету, электр қуа­тын үнемдеуді арттыру сияқты елу-алпыстай жобалар ұсынылды. Қазіргі таңда бір­лескен жобалардың қаржылық-эко­номикалық негіздемелері қарас­тырылуда. Қысқасын айтқанда, Ұлттық академия мүшелері еліміздің ғалымдарының ал­дына Елбасы қойған міндеттер үдесінен шығу үшін, аянбай еңбек ете береді деп ерекше ризашылық сезіммен айтуға әбден болады.
- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ


Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Апр   Ðай 2013   Июн

ÐÐÐÐÐÐÐ
   1  2  3  4
  5  6  7  8  91011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Techies Resources ESL
Бизнес-инфо: