|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық


Ойсылқара ой салады Печать

05.01.12.

«Ерте заманнан бері ойсылқара тұқымын төрт түлік малдың қасиетті төресі» - деп кие тұтқан қазақ халқы, түйе малында, одан алынатын өнім түрлерін де тиімді пайдалана білген. Түйе - мінсең көлік, көшсең - киіз үймен жүгіңді тиеп алар жануар, саусаң сүт, оны өңдесең емдік қасиеті бар шұбат, балқаймақ, қырықсаң - теңдесі жоқ түбіт жүн мен шуда, сойсаң - ет.
Көне аңыздардың бірінде: «Ертеректе түйені жарату жер-дүние мен жан-жануарларды жаратушы Тәңірінің ойында болмапты. Иен даланы мекен еткен көшпелілер Жаратушыдан біздің қиын өмірімізді жеңілдететін ешбір түлік жоқ. Жүгімізді көтеретін күш көлігі керек, - деп сұрайды. Жаратушы жануар біткеннің дене мүшелерінен құрастырып, оларға жаңа түлік түрі - түйені жаратыпты» дейді. «Иә, аңыз бен ақиқаттың ауылы көршілес деген, расында да түйе болмысына зер сала қарасаңыз, оның мойыны мен өркеші құс төресі аққуға, басы қойға, аяқтары бұғыға, жүйріктігі жылқыға, күш-қуаты өгізге ұқсайды» - дейді М.Исқақов. (Халық календары. -Алматы, Қазақстан. 1980).
Ғалым Е.Жампейісов түйеде он екі жылдың нұсқасы бар, олар: құлағы - тышқан құлақ, бақайы - сиыр бақай, тірсегі - барыстікі, ерні - қоян ерін, шөккені - ұлудікі, көзі - жылан көз, төбесі - жылқы төбе, тісі - қойдікі, жүні мешіндікі, мойны - тауық мойын, табаны - ит табан, құйрығы - доңыздікі. «Ендеше, ұлық түйеден жылға енген он екі хайуан мүше алған» - дейді ол.
Олай болса түйе жаратылысының өзін осылай сыйпаттау халқымыздың даналылығын көрсетіп-ақ тұр ғой. Әлемде төрт түлік малға ерекше сипат беретін қазақтай халық та жоқ шығар. Егер мал туралы, оның өнімдерінің адам ағзасына пайдасы туралы қазақ тіліндегі еңбектер ағылшын тіліне аударылса басқа ел халқымыздың даналығына таңғалған болар еді. Ол күндердің жақын уақытта болары да сөзсіз.
Сазгер Сүгірдің «Бозінген» күйінің шығу тарихын созақтықтар былайша өрбітеді. Күйші Сүгірдің әулеті қыс жайлауы Мойынқұмнан жаз жайлауы Бетбаққа көшкенде бозінгеннің ботасы әлі емізулі болыпты да, көшуге басқа көлік жоқ бозінгенді пайдаланып, алып барған жүгін қарайтын өзінен басқа жан да болмағандықтан, қыстауда қалған жүгі мен әйелін және бозінген ботасын қалдырған көрінеді. Ондағы ойы - бозінгенді қайта жіберсе, ботасы қалған жерді тауып келеді, ал әйелі қалған жүкті оған тиеп, көшіп келеді деген ой. Алайда бозінген қайтар жолда бір отбасының қамауында болып, 10 күннен соң бірақ қыстауға ботасына жетеді. Сол уақытта не су жоқ, не ішерге тамақ жоқ қыстауда қалған ана, қолында кесесі әбден әлсіреп жатқан көрінеді. Асыға желіп келген бозінгеннің желіні иіп, әлсіреп жатқан Сүгірдің әйелінің созылған қолындағы кесеге толғанынша сүтін төгіп-төгіп жіберген деседі. Осылайша әлсіреп жатқан ана әл жинап, аман-есен бетпаққа көшкен екен. Әрине, бұл әңгіме аңыз сияқты. Бірақ сазгер Сүгір атамыз, көз алдына осы бір құбылысты келтіре отырып, «Бозінген» күйін шығарған да болар. Қазақ түйе малын қадірлегені соншама «Ботагөз» деп қыз есімін де қойған. «Ботакөз» деген адам есіміне аса мән бергенім Созақ ауданында 1993 жылы түйе бағатын ауылға барып 1-2 айлық ақ ботаның көзіне көзім түскенде барып түйе ботасының көзінің керемет әдемі, кірпікті, ерекше көркем болатынын көріп, «Қайран бабаларым сұлулықты да төрт түлік малыңнан тауып, балаларына есімді де тауып қоя білген-ау» - дедім. Осылайша институтқа келген бойы-ақ түйе табынын құру мәселесін ғылыми-зерттеу жоспарына енгіздік. Қазір Созақ ауданында ақ түйе табыны құрылып, оған арнайы Патент те алынды.

«Түйенің 500С ыстықта 8 күн бойы нәр татпай жүре алатыны өз алдына бір ғылым. Зерттеулерге жүгінсек, ол осы уақыт аралығында жалпы салмағының 22 пайызын жоғалтады екен. Ол тіпті денесінің 40 пайыз сұйықтығын жоғалтса да өлмейді, ал адам денесінің 12 пайыз сұйықтығын жоғалтса өледі. Түйенің шөлге шыдамдылығының тағы бір сыры - күндіз дене қызуы 410С-қа дейін жете алатындығында. Шөлдің суық түндерінде болса дене жылуы 300С-қа дейін төмендейді. Клетка қабығы оның көп су жоғалтуының алдын алатындай қасиетке ие. Қан құрамы болса түйенің денесінде су ең төменгі деңгейге түскенде де қан тамырында еркін жүретін көрінеді. Бұған қоса, шөлге шыдамдылықты арттыратын альбумин белогы басқа жануарларға қарағанда қан құрамында анағұрлым көбірек кездеседі» - дейді Мырзабай Омар (Түйе һәм шұбат. -Алматы, 2010).
Түйенің ыстыққа да, суыққа да шыдамдылығын дана халқымыз да, ғалымдарымыз да оның өркешімен байланыстырады. Расында да, түйе өркеші түйе денесінің суға, ағзасына қажетті қоректі заттарға қажеттілігін реттеуіш май жиынтығы болып есептелінеді. Түйенің өркешінің тік болуы оның қоңдылығын, қуаттылығын көрсетсе, нашар жайылымда, азыққа қажеттілігі қамтамасыз етілмесе, қиын қыс жылдары көктем айында қатты азғанда, ұзақ уақыт ауырғанда оның өркеші бір жағына қисайып, едәуір кішірейеді.
Түйенің ыстық пен суыққа шыдамдылығы оның табанына да көп байланысты. 1993 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында қатты қыс болды. Тіпті 7 қарашада жауған қардың биіктігі 1-1,5 метрге жетті, кейбір жерлерде К-700 тракторы жүре алмай қалды. Қыс өте суық, әрі 6 айға созылды. Аудандағы малдың жағдайын білмек болып 1994 жылы қаңтар айында ауыл-ауылға шықтым. Сонда түйенің суыққа шыдамдылығын көріп, Мойынқұмда жайылып жүрген түйелердің табанын маған түйеші көрсетіп, «Қараңызшы тек табаны ғана мына 400С суыққа қарайған, ал қалған денесі әлі сол қара күздегі қалпы» - деді.
Түйе табанының әрі қалың, әрі майлы болуынан ол қатты ыстық ауа райына да, құмға да, далаға да, шөлге де, шөлейтке де шыдамды әрі құмға батпайды. Тізелерінің қатты болуына байланысты құмның қатты ыстығына да, даланың суығына да шыдамды.
Белгілі жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек «Серпер» кітабының «Ойсылқара» бөлімінде (1982 ж.) ойсыл қара тұқымының төзімділігін қазаққа жақындастыра келе «Ертеректе Көксаздың етегіндегі терең шұбарлы сайда бір үйір түйе қысқы боранда күйіс қайырып, жусап жатады. Осы өңірде Ебінің желі, Сайқан желі деп аталатын, көз жұмыртқасындай тасты ұшыратын әйгілі үскіріктің болатыны бар. Сол үскірік ұрып тұрғанда заңғар таудың қары көшіп, сай табанындағы түйелерді басып қалады, ел санын соғып, бір үйір түйені өлдіге санайды. Арада ай шамасы өткенде әлгі сай табанындағы сіреу қардың әр жері үкі көздене тесіліп, бу шығады. Ауыл адамдары құрыққа сырық жалғап, үкі көз тесікке жүгіртсе, былқылдап түйеге тіреледі. Бұл кезде күн жылып, қар да ериді. Содан ай жарым дегенде көздері жәудіреп, мойындары сорайып, әлгі сай табанында қалған түйелер көріне бастайды. Өз майын өзі жеп, ішінің қырындысына дейін күйіс етіп қайырған түйелердің аузы борсып кетіпті. Солардың ішінде қар көшкіні соққанда құлағандары өліп, шөгіп жатқандары мал болып кетеді. Әне, айыр өркеш түйенің құдіретін қараңыз! Міне, осындай қасиеттері үшін көшпелі ел түйе түлігінің басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруға айрықша ден қойған. Ел ішінде атақты түйелі байлар да болған. Олар түйесі көбейген сайын сырт көздің сұғы тиеді деп қорқып, әрбір жүзінші түйенің бір көзін шығарып отырған» дейді.
Түйе малы суыққа да, ыстыққа да шыдамды бола тұра қора ішіндегі өкпек желге, ылғалдылыққа өте шыдамсыз екенін білген де жөн.
Қазақтың қос өркешті түйесі шөлді-шөлейтті, құмды аймақтың ыстық жерлеріне де, жазық дала аймақтың қысы қатты, аязды жерлеріне де шыдамды мал тұқымы, ал бір өркешті түрікмен аруанасы Қазақстандағы шөлді-шөлейтті аймақтарының ыстық жерлеріне жақсы бейімдеген.
Түйе малы ғасырлар бойы таза ауада, далада шыңдалған, тіпті қора-жайды да көп қажет етпейтін, жылдың төрт мезгілінде жайылып-ақ жүріп, өзіне қажетті қоректі тауып жейтін жануар. Оның басқа мал түрлерінен айырмашылығы - табиғи жайылымда тез арада қоңдылығын көтеріп, өркештеріне 100 келіден аса май жинау ерекшелігі, оны қатты қыста да, құрғақшылық жылдарында да, тіпті су тапшылығында да тиімді пайдалануында.
Түйе малының тағы бір биологиялық ерекшелігі оның жыныстық жетілуі: ұрғашы інгендер алғашқы күйекке үш жасында, ал буралар төрт-бес жасында келеді. Түйе екі жылда бір рет боталайды, өйткені басқа үй жануарларына қарағанда оларда буаздық кезеңі 11 ай, ал сауын мерзімі - 15-18 айға созылады.
Түйе малының бір ерекшілігі оның терісінде. Тері қабаты өте қалың, негізінен ертеден бабаларымыз көңдік терілер тобына жатқызып, оны да өз мақсатына тиімді пайдалана білген. Түйе терісінде басқа мал тұқымдарына қарағанда, жуалдыз кіретіндей көп тесікшелерден тұратындығын байқадық. Түйе малының суыққа да, ыстыққа да шыдамдылығы да осы тесікшелерге көп байланысты болар деймін. Түйе үй малдарының ішіндегі ең ірісі болғандықтан, оның ағзасындағы ыстық және суық ауа алмасу жолын аталған тері тесікшелері атқаратындығында болар.
Жалпы, түйе малының сүті мен сүт өнімдері жан-жақты зерттелгеніменен, ет өнімділігі, жүн, тері құрамы әлі толық зерттелінбеген.
Түйе сүті мен шұбатының емдік қасиеттері ата заманнан белгілі. Шұбатты атам қазақ өкпе, асқазан ауруларымен қатар, түрлі созылмалы дерттерге, жалпы, ағза әлсірегенде, әрі уланғанда емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланған.
Түйе сүті мен шұбатының емдік қасиеттеріне кейінгі кездері қытайлықтар қатты мән беруде. Тіпті Қытайдың Алтай өңірінде түйе сүтінен ұнтақ жасайтын, түйе сүтін ұзақ мерзімде сақтайтын арнайы зауыт ашып, онымен елдің түйе өсірмейтін аймақтарын, оның ішінде Шанхай қаласын қамтамасыз етіп отыр.
Шындыққа келсек, түйе сүтінің, шұбаттың емдік қасиеттерін біле тұра, әлі оған тиянақты мән бермей келеміз. Шығыс ғұламасы Әбу Әли ибн Синаның көз жұмар сәтінде шәкірттері айналасын қаумалап: «Ұлы ұстаз! Сіз кетсеңіз, қалың халқымыздың сырқатын кім емдейді?» деп қиналса керек. Сонда ғұлама: «Қиналмаңдар, анау жүрген түйе бар емес пе» - деген көрінеді. «Оны қайтеміз десе: Соның сүтін іше беріңдер» - депті данышпан (М.Омар, Түйе һәм шұбат кітабы, 2010 жыл, 43 бет).
Ал осы түйе малының сүт бөлуі ерекше: онда ірі қара малындағыдай сүт жиналатын желін қалтасы болмайды. Түйе сауылынбай тұрғанда, сауынаралық үзіліс кезінде желін қалтасы бос, емшектерінің көлемі кішкене, әрі салбыраңқы болады. Бұл құбылысты білмегендер «інгенде сүт жоқ екен-ау» деп қалуы да мүмкін. Алайда түйені сауу кезінде оның желін қалтасы сүтке толып, емшектері көлемі мен ұзындығынан екі есе өседі. Бұл құбылысты ғалымдар «Түйе желінінде сүт жиналуына желін қалтасы емес, сүт жолдарының қызметі жоғары» деп дәлелдеген.
Жоғарыда көрсетілген түйе өнімдерінің қаншама емдік қасиеттерін, оны шөлді-шөлейтті аймақта тиімді өсіруге болатынын біле тұра халқымыздың дәстүрлі мал шаруашылығының бірі - түйе малына көп жылдар бойы көңіл бөлінбей келеді. Төрт түлік малдың төресі түйеге де бет бұратын кез келді.
Жалпы, түйе шаруашылығы елімізде әртүрлі қарқында дамыған сала. 1927 жылы Қазақстанда 1 млн 200 мың бас түйе өсірілсе, оның басы 1941 жылға 104 мың басқа дейін кеміді. Оның негізгі себебі 30-жылдары елде күштеп жүргізілген ұжымдастыру саясаты, оған көнбеген малды халықтың бір бөлігінің Қытай, Ауған, Иран жерлеріне қоныс аударуы. Ол уақытта қазіргідей көшіп-қонуға автокөліктер, т.б. жүк тасымалдау көліктерінің болмауынан, негізгі жүк тасушы көлік түйе болғаны да белгілі. Осылайша қазақтың қос өркешті түйелері шетелдерге кете берді. Қазір, мәселен, Қытай жерінен Алтай, Жетісу түйелерін кездестіруге болады. Ал кешегі Кеңестік кезеңде оның етіне, сүтіне жалпы, түйе малына мән берілмей, еріксіз шеттеп қалды. Соның салдарынан Қазақстандағы 1941 жылғы 104 мың түйе басы 70 жылда 154 мың басқа ғана жетті.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары түйе саны біршама (126 мың бас) кемігенімен қазір халқымыздың шұбатқа деген сұранысының ұлғаюына байланысты оның саны 160 мың басқа жетті. Республиканың түйе шаруашылығы негізінен, Оңтүстік-Батыс аймағында дамыған, әрі түйе санының 94,5% осы аймақта. Оның ішінде: Ақтөбе облысында - 16600 бас, Батыс Казақстанда - 3500 бас, Атырау облысында - 31800 бас, Жамбыл облысында - 5400 бас, Қызылорда облысында - 29800 бас, Маңғыстау облысында - 47600 бас, Оңтүстік Қазақстан облысында - 16700 бас түйе өсіріледі. Түйе малының аталған облыстарда шоғырлануының негізгі себебі: шөлді-шөлейтті аймақта әлемдегі сүт малы болып есептелінетін ірі қара малын өсіріп, одан сүт өндірудегі шығын көлемінің өте жоғары болуы. Әрине, Қазақстанның шөлді-шөлейтті жерлерін тиімді пайдалану үшін түйенің санын 1 млн басқа дейін жеткізуге болатын мүмкіншіліктер бар. Түйе шаруашылығын қолға алу ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтып, олардың отбасына қосымша қаржы табудың бір жолы. Түйе малына жұмсалған қаржы бес есеге дейін табыс әкеледі. Мысалы, 150 түйе баққан түйеші 30 бас інген сауса, одан бір күнде ең кемінде 150 литр сүт сауып, одан 120 литр шұбат өндіріп, оны 300 теңгеден сатса, 36 мың теңге табады, ал ол бір айда 1 млн 80 мың теңге, ал бір жылда 12 млн 960 мың теңге деген сөз. Оның үстіне түйе малы жыл бойы аса көп күтімді қажет етпейтіндігін ескерсек, бұл саланың республикадағы бірден-бір пайдалы сала екендігі де анық.
Түйенің тиімділігін ет өндіру арқылы да арттыруға болады. Түйе етіне Кеңестік кезеңде де, қазір де республикамыздың кейбір аймақ тұрғындары басқа мал еттеріне қарағанда аса мән бермейді. Оның негізгі себебі: түйе денесінің ірілігінде, оның етін жіліктеп бөліп алмаса, бір жанұяның оны ұзақ уақыт сақтай алмауында, оның үстіне қой, сиыр, жылқы етімен толық қамтамасыз етілген аймақ халқы түйе етін тамаққа көп пайдалана бермеуінде. Алайда түйе етінің тағамдық қасиеті және сіңімділігі бойынша сиыр етіне жақын, тіпті ет құрамы 17-22% ақуыз (белок), 12% майдан тұратын жоғары құнарлы ет тобына жатады.
Ет қадірін білетін қазақпыз ғой. Бабаларымыз «Жылқы еті шай қайнағанша, сиыр еті түс қайтқанша, қой еті кеш батқанша» деп әр малдың етінің адам ағзасына сіңімділігін дәл айтқан. Ендеше, түйе еті де адам ағзасына қажетті микро, макроэлементтермен қатар, күн радиациясымен, экологиялық жағымсыз әсерлерге қарсы бағышталған белок пен амин қышқылдар құрамы ерекше тағам. Бірақ түйе етінің ол қасиетін бабаларымыз бағалағанмен, біз әзір оны аса қастерлей алмай жүрміз. Түйе еті дәмдік, химиялық құрамы, түс-түрі бойынша ірі қара мал етіне ұқсас. Сондықтан кейде базарларда түйе еті мен ірі қара етін ажырата алмайды. Алайда түйе еті басқа мал еттеріне қарағанда қытайлықтар көптеген ауруларға пайдалы, онда адам ағзасына қажетті заттар көп, тіпті радиацияға қарсы тұра алатын белоктармен оның майда бөлшектерінде жеткілікті дейді. Оның үстіне түйе сүті бактерицидтік қасиеті жоғары болғандықтан бір тәулікке бейім сақтауға болады.
Атам қазақ малдың тағам өнімдерінің емдік қасиеттерімен бірге, оларды қай мезгілде пайдалану керек екенін де жетік білген. Мысалы, жайлауда көктем айларында тек қой сүтімен, айранын ішкен. Өйткені оның құрамында адам ағзасына қажетті қоректі заттардың бәрі бар. Тіпті уран шығаратын атом электр станциясымен жұмыс істейтін жұмысшыларға шет-елдерде қазірдің өзінде қой сүтін болса береді. Негізінен, ол қой сүті құрамындағы амин қышқылы құрамына байланысты, оның кейбір бөлшектері радиацияға қарсы жұмыс істей отырып, адам ағзасынан радиацияланған заттарды шығарып тастайды, әрі адам ағзасын залалсыздандырады. Дәл осындай қасиеттер түйе сүтімен, шұбатында және басқа малдарға қарағанда түйе етінде де бар. Ал түйе етін өндіруге Қазақстанда мүмкіншіліктер көп. Келешек түйе етіне де шығыс мемлекеттерінен сұраныс болуы ықтимал, оған біз дайын болуымыз керек.
Түйе малын жайып, семірте отырып өзіндік құны арзан, әрі сапалы түйе етін өндіруге болады. Түйе малы көктемгі және күзгі жайылымдарда тез қоңдылығын көтеретіндігін ескерген жөн.
Түйе малынан өте бағалы жүн өнімі өндіріледі. Алайда түйе жүнінің құндылығына да аса мән беріп жатқан жоқпыз. Әлі де болса, кешегі Кеңестік дәуірде қалыптасқан біреу әкеліп беретін, біреу жасап беретін, тіпті біреу үйрететіндей күйдеміз. Ал түйенің түбіті қазіргі халықаралық деңгейге сай киім-кешек өндірісіне пайдаланылатын жүн өнімдерінің бірі. Түйе жүнін тиімді пайдалана отырып Моңғолия мен Қытай мемлекеттері әлемдік деңгейдегі киім тігіп, үлкен сұранысқа ие болуда, ал біз болсақ, түйе жүнін қол кілем тоқуға, бел ауруларына белбеу, шұлық сияқты ескі қазақы қол өнері төңірегінде қалып қалдық. Ол да дұрыс болар, бірақ біз әлемдік деңгейге сай өнім өндіруге бет алуымыз керек. Түйе жүнін өңдеп, одан дайын бұйым, киім шығаруды қолға алу қажет.
Келешекте түйе шаруашылығын дамыту түйе өнімдерін өндіруді механикаландыруды қолға алу қажет етеді. Мәселен, түйе жүнін қырқуды арнайы құрылым арқылы жүргізуді ғалымдарымыз ойлап тапты, ол әрі аса күрделі де емес. Түйенің 10-15 басын бірден сол арнайы құрылымға айдап кіргізіп, тұрғызып қойып қырқуға болады.
Ал сүт саууды алғашқы рет арнайы түйе сауу машинасымен іске асырылуды Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ ғалымдары Маңғыстау облысында 80 жылдары жүргізген болатын. Бірақ зерттеу жұмыстарына қаржы бөлінбеудің салдарынан ол жұмыс көп жылдар бойы тоқтап қалып, тек 2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы «Алтыбас-КТА» ЖШС қайта қолға алынып, іс жүзінде іске асырылып, өндіріске ендіруге болатындығы дәлелденді. Жалпы, түйе шаруашылығындағы түйе сауу, жүн қырқу, шұбат өндіру, оны ұзақ мерзімге сақтау технологиясын жасау, тіпті түйе сүтінен шұбатынан құрғақ ұнтақпен, таблетка жасау қазақстандық ғалымдардың идеясы екендігінде айтқан дұрыс. Тек, зерттеу жұмыстарына жеткіліксіз қаржы бөлінуі, оны түбегейлі аяқтауға көп кедергі тигізді.
Шұбатты ұзақ мерзімге сақтау технологиясын қазіргі таңда Алматы облысының «Даулет-Бекет» шаруашылығы, Оңтүстік Қазақстан облысының «Гүлмайра» шаруашылығы, Қызылорда облысының Құланды елді мекеніндегі СТК «Қалует» шаруашылығы, Маңғыстау облысының «Таушық» және «Жаңа өзен сүт зауыты» ЖШС меңгеріп, алғаш өнімін Қазақстанның ірі қалаларына сатуда. Сұраныс бар, әлі де болса аталған технологияны жетілдіру қажет.
Осылайша, оңтүстік-батыс аймақтағы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы елтірілі және етті-майлы тұқымды қойлар мен түйелердің генетикалық әлеуетін, қоршаған ортаға теріс әсерінсіз өндірілетін мал шаруашылығы өнімдерінің рентабельділігін ұдайы арттыруға негізделуі қажет.
Түйе шаруашылығы Қазақстанның мал шаруашылығының шөл, шөлейт және қуаң дала аймақтарында дамыған салаларының бірі еліміздің қысқы аязына да, жазғы ыстығына да төзімді әрі бейім қос өркешті түйе Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында өсіріледі. Қос өркешті түйенің әлемдегі 90% жуығы қазақ түйесі, олардан жылына 7-8 мың тонна түйе етін өндіруге болады.
Түйені ерте заманнан атам қазақ көлік ретінде пайдаланып келсе, 1970 жылдардан бастап көліктің басқа түрлерінің пайда болуына байланысты, оны өнім беретін мал есебінде пайдалануда.
Қазақстанда көп тараған түйе тұқымы, ол қос өркешті қазақ түйесі, оның үлесі жалпы түйе санының 85-87% құрайды. Кең-байтақ қазақ жерінің ауа райының, жайылымының әртүрлі болуына байланысты қазақ түйесінің де гендік құрылымы да әртүрлі.
Қазақ бактриандары түйелердің аборигенді тұқымына жатады, екі өркешті түйелер тұқымдарының ішінде теңдесі жоқ.
Қазақ түйелері - бұл шағын, дене құрылымы тепе-тең, аяқтары қысқа, терең көкіректі жануарлар. Бұл тұқымның ішінде өздерінің көлемдерімен, дене бітімімен және өнімділік сапаларымен ерекшеленетін орал-бөкейлік, қызылордалық және оңтүстікқазақстандық популяциялары бар. Қазақ бактриандары тұқымдарының ішінде Маңғыстау және батыс типтерінің арасында құрылған аралық популяциялар бар. Батыс популяциясының таза тұқымды қазақ бактриандарының орал-бөкейлік типпен салыстырғанда дене бітімі ірі емес. Батыс популяциясының қазақ бактриандарын орал-бөкейлік типтің нұсқасының талаптарына сай іріктеуді жүргізу, жануарлардың кластығын негізсіз төмендетуге әкеп соғады. Батыс популяциясының қазақ бактриандары Атырау облысының Махамбет және Жылыой аудандарында шоғырланған, олар жүнді-етті өнімді бағыттағы түйелер. Қазақ бактриандарының орал-бөкей типтерінің таралу аймағы Батыс Қазақстан облысының далалық аймағы, Ақтөбе облысының Шалқар ауданы және Атырау облысының Құрманғазы ауданы.
Қазақ бактрианы тұқымды түйелердің ішіндегі ерекшесі қызылордалық тип - дене бітімдері шағын, қабырғалары мен қарны барынша дөңгеленген. Мойны орал-бөкейлік типпен салыстырғанда жатық. Сүйегі және бұлшық еттері жақсы дамыған, жүнінің өскіндігі жақсы. Қызылорда типті қазақ бактриандары етті-сүтті және сүтті өнімділік бағыттағы селекцияға жеңіл бейімделеді. Осыған байланысты соңғы жылдары Қызылорда типті қазақ бактриандарының селекциясы сүт-ет және сүт өнімділігін арттыру бағытында жүргізілуде. Түйелерді мақсатты бағытта іріктеу мен жұптау арқылы сүт сауымын арттыруға мүмкіндік беретін тәсілдер бар. Дегенмен осы күнде қазақ бактрианы тұқымын жүн-ет өнімділігі бойынша мақсатты бағыттағы селекциялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін тәсілдер де жоқ. Жүнді-етті бактриандардың кемістігі, бұл төмен сүт өнімділігі. Осыған байланысты етті-сүтті және сүтті түйелермен қатар жүнді-етті өнімді қазақ бактриандарының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін лактацияның 210 күнінде 1500 келіге дейін сүт алу шаралары алдын ала қарастырылғаны жөн.
Орал-бөкей сүледегі қазақтың қос өркешті түйелері Батыс-Қазақстан облысында және Атырау облысының құмды аймағында өсіріледі. Қазақтың қос өркешті түйелерінің дене бітімі мен салмағы бойынша ең ірісі болып саналады, бураларының орташа тірідей салмағы 800-900 келі, жоғары салмақтысы 1000 келі, жүн өнімділігі - 9-10 келі, інгендердің салмағы 650-700 келі, жүн өнімділігі 5-7 келі.
Ең ерекшелігі жайылымда туылған кезінен салыстырғанда бір жасар түйе малы салмағын 5 есе, екі жасары - 8 есеге дейін көбейте алады.
Қазақтың қос өркешті Қызылорда сүлесі Орал-бөкей түйелеріне қарағанда кішілеу, бураларының орташа салмағы 850 келіге дейін жетсе, інгендердің салмағы 670 келіге жетеді. Жүн өнімділігі тиісінше бурада - 8-9 келі, інгенде - 5-6 келі. Бұл сүле түйелері Қызылорда, Ақтөбе облыстарында өсіріледі.
Қазақтың қос өркешті Оңтүстік Қазақстан сүлесі бураларының орташа тірілей салмағы 680-850 келі, інгендерінікі 520-670 келі. Бураларынан 8-ден 19 келі, інгендерінен 3-тен 10-келіге дейін жүн қырқылады.
Қазақстанда қазақ бактриандарының, түрікмен және қазақ дромедарларының таза тұқымдары, 17 түраралық гибридтері өсіріледі. Дегенмен осы күнге дейін әртүрлі генотипті түйелердің генетикалық әлеуетінің ақпараттық банкі құрылмаған. Түйелердің ақпараттық банкі облыстардағы асыл тұқымды зауыттар мен фермалар арасындағы жануарлардың қозғалысын қадағалауға мүмкіндік берер еді. Зерттеулердің бұл бағыты Қазақстанда да және шекаралас мемлекеттерде де жаңалық болып табылады.
Түйе шаруашылығының бағдарламалық дамуының жеке салалық концепциясын қабылдауы қажет. Өйткені бұл сала Қазақтанның кең көлемді шөл және шөлейтті аймақтарын игеруге мүмкіндік береді және аймақтың бірқатар аудандарында сүт өндірудің жалғыз көзі болып табылады.
Түйе шаруашылығын дамытуды қамтамасыз ету үшін, біріншіден, мемлекеттік ынталандыру жүйесі мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің асыл тұқымды шаруашылықтарын қаржылай қолдауы арқылы асыл тұқымды қазақтың тазақанды қос өркешті түйесі, түрікмен аруаналары, олардың жоғары генерациялы будандарының элита және І класты топтарының санын көбейту; отандық және шетелдік ғалымдардың патенттелген жаңалықтарын ендіру арқылы түйенің отандық гендік қорының өнімділігін арттыру; Қазақстандағы түйе шаруашылығының отандық гендік қорының өнімдік және тұқымдық сапасын жақсарту; түйе шаруашылығы өнімдерін (сүт, ет, жүн және оларды өңдеуден алынатын өнімдері) өндіру, өңдеу, сақтау және сатудың инновациялық технологияларды пайдалану және Дүниежүзілік сауда ұйымы маркетингтік деректерін қолдану арқылы озық технологияларын жасау, жетілдіру және ендіру. Екіншіден, түйе шаруашылығының спорттық түрлерін, түйе шарушылығы жақсы дамыған туристік кластерлерді дамыту; қазақ аруаналарының жарысқа қолданылатын тұқымішілік типінің негізін жасау; ИСО 9001-2000 халықаралық сапа және менеджмент стандартына сәйкес түйе сүтін өндіру, оларды өңдеудің кластерін жасау; түйе жүнін өндіру, өңдеудің жүннен басталып дайын өнімнен аяқталатын (мата, текстиль, киім) циклді кластерін жасау; түйе шарушылығынан өндірілетін өнімдердің стандарттары мен сертификаттарын жасау, өнімдерді өндіру технологиясының халықаралық сапа стандарттарына өту.

Әбдірахман ОМБАЕВ,
Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор


Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Апр   Ðай 2013   Июн

ÐÐÐÐÐÐÐ
   1  2  3  4
  5  6  7  8  91011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
Blog Behavioral Synthesis
Бизнес-инфо: