Ақордадағы жоғары деңгейдегі кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамытудың перспективасы талқыланып, жаңа көкжиектер белгіленгенін айта кеткен жөн.
- Менің есіме, - деді мұрагер ханзадаға бұрылған Елбасы, - 2005 жылғы сіздің елге тұңғыш сапарым түсіп отыр. Сонда Ұлы мәртебелі Корольмен келіссөздер жүргізіп едім. Ақыр соңында біздер келісімдерге қол жеткіздік, соның нәтижесінде біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына жақсы серпін берілді. Қазақстан Норвегияны өте маңызды әріптесі ретінде қарастырады. Қазақстанның тәуелсіздігін сіздің еліңіздің 1992 жылы алғашқылардың қатарында танығандығы да есімізде. Содан бері біздің қарым-қатынастарымыз өркендеу үстінде.
Өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің баяғыда-ақ норвегтер елінде өз елшілігін ашып алғандығын еске салды, енді мұрагер ханзада Х.Магнустың қатысуымен Норвегияның біздің елімізде елшілігі ашылады. Елбасы бұл қадамды қоштайтындығын мәлімдеді. «Менің ойымша, бұл екі тараптың тығыз қарым-қатынас орнату ниетін білдіреді» деді ол. Шынында, бірнеше елмен қосарластырмай, бір елмен арадағы қарым-қатынастың бекуіне қызмет ететін жеке дипломатиялық қызметтің болуы қойнауы қазыналы, жер асты «қара алтынға» толы қос елдің ынтымақтастығы мен ықпалдастығының жаңа белеске көтерілуіне ықпал етері сөзсіз. Қазақстан көшбасшысы Норвегия тақ мұрагерінің қатысуымен өтетін арнайы қазақ-норвег бизнес форумының да екі елдің іскер топтарының жақындасуының маңызды факторы бола алатынын атап көрсетті.
- Сондай-ақ біздің және сіздердің бастамаларыңызбен, 2009 жылы Ослода өткен ядролық қарусыздану мәселесі жөніндегі конференция да біздің ынтымақтастығымыздың маңызды бөлімі болып табылады. Ядролық полигонды жапқан және ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан әлемдегі ядролық қарусыздану бағытында белсенді жұмыс істеуде, - деді Н.Назарбаев. Айтпақшы, Норвегия еуропалық белді ұйымның көш тізгінін Қазақ елі сынды «өрлеу ғажайыбын» паш еткен жасампаз ұлттың қолына беруді қызу қолдаған мемлекеттердің бірі. Бұл жайтты баса айтуды мұрагер ханзада да естен шығармады. Ол тәуелсіз Қазақстанның дүниежүзілік саяси сахнадағы беделінің артып келе жатқандығын жеткізді.
- Мен қазақ және норвег елі арасындағы терең, жан жылулығы мен сыйластыққа құрылған достықтың тамыр жайып келе жатқандығын үлкен қуанышпен бақылап келемін, - деді Норвегия патшалығының мұрагер ханзадасы Хокон Магнус, - Біз оны әрі қарай да дамыта аламыз деген үміттемін. Біз, Норвегияда ядролық және жаппай қырып-жою қаруларын таратпау бағытындағы сіздердің орасан зор жұмыстарыңызды жоғары бағалаймыз, осы жұмыстың жүру барысын мұқият қадағалап отырмыз. Қазақстанның халықаралық маңызы артып келе жатыр. Ал сіздердің ЕҚЫҰ-ға төрағалығыңыз - Қазақстанның әлемдік сахнадағы өсіп келе жатқан ықпалының нышаны, белгісі болып табылады.
Осы күні Норвегия Корольдігінің мұрагер ханзадасы Хокон Магнус Үкіметбасы Кәрім Мәсімовпен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар іс-сапары аясында ол Еуразия Ұлттық университетінде «БҰҰ-ның «Мыңжылдықтағы даму бағдарламасы» тақырыбында дәріс оқыды.
Айхан ШӘРІП