06.02.10.
 Соңғы екі күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында да, оның ішінде ерекше дүрлігіс туғызуды әдеттеріне айналдырып алған интернет сайттарында да, солардан шыққан ақпараттарды оқыған-естіген қалың бұқара арасында да «доллар бағасы өсіп, ол 165 теңгеге дейін көтеріледі екен» деген гу-гу әңгіме қаптап кетті.
Біздіңше бұл жаңа жылдан кейін іле-шала Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың негізгі бағамын 150 теңге деп есептегенде, доллар мен теңгенің арасындағы қатынас шамамен 10-15 пайыз мөлшерінде ауытқып, дұрыс жағдайда доллар 127,5 теңге көлеміне түсіп, ал еліміз үшін қиын жағдай қалыптаса қалса бұл көрсеткіш 165 теңгеге жетуі мүмкін деген мәлімдемесінен «нәр алып» жатқан шығар. Біз Ұлттық банк басшысын бұлайша сөйлеуіне орай кінәлаудан аулақпыз. Өйткені елдің бар қаржысын қолына ұстаған лауазымды тұлға солай «түлкібұлаңмен» сөйлеуі тиіс. Ал оның берген мәліметтерін әлемдегі және елдегі жағдайға орай дұрыс түсіндіру біздің әріптестеріміздің төл міндеті. Десек те, кейбіреулерінің «өресі жетпес», ал кейбіреулері үшінші бір жақтың пайдасына әдейі «дүрлігіс туғызу үшін» осылай жасап жатқан секілді. Ендеше, біз болашақтың ақиқатына көз жүгіртіп көрелік. Біріншіден, доллар бағамы әр мемлекеттегі халықаралық валютаның массасына орай қалыптасады. Айталық, ішкі рынокта доллар аз болса, оның бағасы өседі. Керісінше, көп болса, оның бағасы төмендейді. Бұл валюталар арасалмағын белгілейтін негізгі көрсеткіш. Қош. Екіншіден, Қазақстан дәл биылғы жылы халықаралық валютадан зәрулік көрмейтін ел. Себебі біріншіден, үстіміздегі жылы осыған дейін жасалған халықаралық келісімшарттар бойынша Қазақстанға шамамен 25 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция келеді. Екіншіден, Қазақстанның экспорттық әлеуеті арқылы түсетін валюталық кіріс мөлшері өткен жылдағыдан әлдеқайда көп болады. Айталық, ең басты экспорттық тауарымыз мұнайдың бағасы барреліне қазір 80 долларды алқымдап тұр. Ал төрткүл дүниеге түгел танымал Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік сауда ұйымы секілді қаржы институттарындағы сарапшылар мұнайдың бағасы жыл аяғына дейін барреліне 100 доллардан асады дегенді нық сеніммен айтуда. Ескерте кетейік, Қазақстан экспорттайтын металдар мен минералдардың да, астықтың да бағасы жыл басынан бері шамамен 5 пайызға көтерілді. Оның үстіне Кедендік үштік одақтың құрылуына орай осы уақытқа дейін валюталық шығыстың бір тармағы болып келген және ауқымды қаржыны «жеп кетіп» жүрген осы үш мемлекет арасындағы кедендік баж салығы жойылды. Демек, бұл баптағы валюталық шығыс болмайды. Ақыр аяғында доллардың негізгі иесі АҚШ мемлекеті 2010 жылғы бюджетін 1,6 триллион долларлық дефицитпен бекітті. Бұл осыншама мөлшердегі көкқағаз АҚШ Федералдық қаржы жүйесіне осындағы үш баспаханада басылып түседі және дүниежүзілік айналымға кетеді деген сөз. Яғни жоғарыдағыдай мол мөлшердегі көкқағаз түптеп келгенде доллардың құнын әлемдегі қай валютаға қарағанда да төмендетеді. Қорыта айтқанда, Қазақстанда «доллар қымбаттайды екен» деп дүрлігудің жөні жоқ. Елімізде көкқағаз ешқашанда 165 теңгелік деңгейге көтерілмейді. Өйткені Қазақстан үшін аса қиын болған, Ұлттық қор құрылмаған, валюталық тапшылық аса қатты сезілген егемендіктің алғашқы он жылдығының өзінде доллардың құны 155 теңгеден аспаған. Ал қазір Құдайға шүкір, 50 миллиард доллар көлемінде алтын-валюталық қазынамыз бар. Ол уақыт озған сайын өспесе, кемімейді. Біздің пайымдауымызша, доллар биылғы жылды шамамен әрі бес, бері бес 135 теңге көлемінде аяқтауы тиіс. Яғни Марченко айтқан жақсылық жағдайындағы көрсеткіш 1-127,5 деңгейіне мейлінше жақындаймыз. Бәлкім, одан да төмендеуі. Өйткені біздің елдің 2010-2020 кезеңді қамтитын индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына инвестиция құюға ниет білдірушілер қажеттіктен де артып кете ме деп ойлаймыз. Себебі қай кәсіпкер үшін де түпкі өнімді шығаратын шикізатты бірнеше мыңдаған шақырымға тасымалдап, содан кейін ол өнімді тарату үшін қайта тасымалдап жатқаннан гөрі шикізаты бар және жеткілікті елде сол түпкілікті өнімді шығаратын кәсіпорын ашу әрқашанда тиімді. Ендеше, дүрлігістің жөні жоқ. Егер қажет болып жатса тиісті орындар осындай жолмен пайда тапқысы келетіндерге тосқауыл қояды ғой деп ойлаймыз.
Таңшолпан БЕКБОЛАТ
|