Виктор КИЯНСКИЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Қазақтан асқан бауырмал халық жоқ
Виктор Киянский Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданындағы Нефорощанка мекенінде 1947 жылы 20 мамырда туған. 1970 жылы Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. 300-ден астам ғылыми мақалалары жарияланған. Қоршаған ортаны қорғау, сапа менеджменті, сурет және бейнелеу өнері тақырыптарында 12 кітабы жарық көрген. Жеті өнертапқыш жаңалықтың авторы. Техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі ғылымы академиясының, Халықаралық экология академиясының академигі. «Достық» орденінің иегері. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі. 2007 жылы «Нұр Отан» партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланды. Қазір Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі ретінде қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңдардың қабылдануына атсалысып келеді.
АДАМ МЕН ТАБИҒИ ОРТАНЫҢ АЛШАҚТАП БАРА ЖАТҚАНЫ АЛАҢДАТАДЫ - Виктор Владимирович, осы жолы саясат, экономика, заңдар туралы емес, адам жанына қатысты сұхбаттассақ деп отырмын. Сіз қай жыл мезгілін ұнатасыз? - Соңғы жылдары бір байқағаным, менің жыл мезгілдерін жақсы көруім жас ерекшелігіме байланысты өзгеріп отырған екен. Бұл да - таңғаларлық жайт. Мұндай жағдай өзге адамдардың өмірінде де болады деп ойлаймын. «Табиғатта жаман ауа райы болмайды» деген ұғым бар ғой. Сондықтан адам да жас кезеңдеріне орай әртүрлі мәселелерге сәйкес өмір сүру табиғаты өзгереді. Мен ауылда өскенмін. 10-сыныпта оқыған кезде ғана қаланы көрдім. Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы, Тихоновка аулында өстім. Бала кезімде ата-анама көмектесіп, мал бағуға араластым. Табиғатпен тығыз байланыста болдым. Ауыл маңында өзен-көлшіктер бар еді. Жүз қаз, жүз үйрегіміз болды, оларды көзден таса қылмай бағып, жем беру міндеті біздің мойнымызда. Ауыл өмірі әр баланың келешек өміріне өз қолтаңбасын қалдырады. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, мен қазір ауылдан шыққан адамды бірден танимын. Кездескен адамыңның сөйлеген сөзі мен мінез-құлқы, іс-қимылы арқылы ажырата қоясың. Мейлі орыс болсын, мейлі қазақ болсын, ауылдан шыққан адамды бірден танимын. «Бұл - табиғат ортасынан шыққан адам» деп аңғара қоямын. Тіпті шетелден келген адамды да танып-білемін. Мәселен, бір жолы Орал қаласына Канададан Андерсен деген ғалым келді, оның шөпті қалай ұстағанын, бидайды қалай қолына алып көргенін байқадым да, ауылдық екенін білдім. Ол жүгері егудің жаңа тәсілдерін ойлап тапқан адам. «Сіз ауылда туып-өстіңіз бе?» деп сұрадым. «Иә, біздің әулетімізде фермерлік дәстүр қалыптасқан. Сіз қалай байқап қойдыңыз?» деді. Мен оның қазір ғылыммен айналысса да, бала кезінде жермен айналысып өскенін қимыл-қозғалысынан байқағанымды айттым. Ал қаланың адамы шөпті де, жас талды да саусағының ұшымен ұстайды. Өткен жолы қала балаларының қатысуымен талдар отырғызылды. Сонда қолдарында қолғабы бар балалар әуелі жас шыбықтың тамырындағы топырағын тазарту үшін шелектегі суға батырып алып, жерге егіп жатыр. «Неге бұлай істейсіңдер?» деп сұрап едім, «Жақсы өсуі үшін тазалап алып егуіміз керек қой», - дейді. Міне, қалалық екені көрініп тұр. Керісінше, талдың тамырындағы топырағын жумай егуі керек қой. Ауыл тұрғынының көп жағдайда өмірге деген көзқарасы, психологиясы бөлек болады. Олардың бойынан қайырымдылық, аяушылық, үлкенді құрмет тұтушылық қасиеттер көбірек сезіледі. Өйткені ауыл адамы әуелі малын суарады, шөбін береді, сосын барып өзі демалады. Ал қалалық болса, ондай жағдайда басқаша әрекет етеді. Ол үшін адам бірінші орында, малдың аты мал деп түсінеді. Мен мақалдар мен сөздерден де үлкен мағына көремін. Мәселен, орыстың «От малого до великого» деген ұғымы бар. Мен одан терең мән таптым. Қазақ тілінде «от» - шүйгін шөбі бар жер, «мал» кәдімгі мал, яғни кішкенеден - шөп, малдан бастап үлкен істерге дейін маңызды деген ұғымды береді. Айталық, ақын Сергей Есенин әркез мал туралы «Братья наши меньшие» деп жазды. Ауылда өскен адам малға «скот» деп емес, өзіне тең тіршілік иесі ретінде қарайды. Сондықтан менің естелігімде ауыл қазірге дейін мен қалыптасқан іргетас болып есептеледі. Менің барлық жандүнием ауылдан тамыр алады. Табиғатқа, өмірге көзқарасым, барлық адами қасиеттерім, тіпті химия саласының маманы болуым, экологиямен айналысуым - бәрі де ауылда туғандығымнан. Бізді қоршаған орта тәрбиеледі. Ауылдың тыныс-тіршілігі, жұтқан таза ауамыз, табиғи көрікті орта, суға шомылған өзен-көлдер біздің жандүниемізді қалыптастырды. Тек тұратын өз үйіміз ғана емес, бізге табиғи ортаның өзі ортақ үй болып есептелді. Сондықтан мен барлық уақытта ауылда өткен өмірімді сағынышпен, ерекше ризашылықпен еске аламын. Бүгінгі таңда маған табиғаттың қай мезгілі емес, табиғи ортаның адам жанын емдейтін қасиеттері ерекше әсер етеді. Маған жаңбырдың, не қардың жауып тұрған сәті ұнайды. Қолшатырдың астында немесе ықтасын жерде жауынның шуын тыңдап тұрғанды жаным қалайды. Өзен-көлдің не теңіз жағасында отырып алуан түрлі дыбыстарға құлақ түремін. Немесе ағаш жапырақтарының сыбдыры да адам жанына игі әсер етеді. Мұның бәрі - табиғаттың төл музыкасы. Ал маған ұнамайтыны - табиғаттың күрт өзгеруі, ауа райының не жоғары, не төмен бірден түсіп кетуі. Әр мезгілдің де тұрақтылығын жаным сүйеді. - Яғни сізге жылдың барлық мезгілі ұнайтын секілді. Солай ма? - Иә. Табиғатта жаман ауа райы болмайды дегендей, әр мезгілдің өз қуанышы болады. Сол секілді жаман ұлт та болмайды. Әр ұлттың, әр адамның өзіндік қайталанбас қасиеті бар. Соны көре білу керек. Қыс, жаз деп бөлмей, әр мезгілде де табиғи ортада көбірек болуға тырысу қажет. - Бала кезіңізде қай мезгілді жақсы көруші едіңіз? - Жас кезімде көктем мен жазды ұнаттым. Өйткені қыста малды алыстағы құдыққа алып барып суару, үйге су әкелу, омбы қарды кешіп, жол салу оңайға соқпайтын-ды. Әрі 1960 жылдары қар өте қалың түсетін еді. Үй тез суып кетеді. Жалпы, қыста барлық тіршілік иесі тоңып, бүрісіп жүреді ғой. Қазір ауылдарға газ жеткеніне мен өте қатты қуанамын. Бала кезімізде есімде, пешті саломмен қыздырамыз, отын жетіспейді. Жақсы көмір де болған жоқ. Сондықтан қыс мезгілі жаныма суықтау болды. Ал қазір олай емес. Қыстың ашық күндері ұнайды. Аптап ыстығы болмайтын жазды жақсы көремін. Бұрын қыс келсе, суық болады деген ұғым болатын. Қазір өкінішке қарай, экологиялық дағдарысқа және басқа да себептерге байланысты жыл мезгілдерінің ауа райы өзгерді. Бүгінгі таңда қыс дейтін қыс жоқ. Айталық, таңертең 25 градус суық болса, кешке қар еріп жатады. Бұл табиғатта бәрі өз орнында емес екендігін көрсетеді. Өйткені жыл мезгілі ұзақ дәуірлер бойы қалыптасқан кезеңдерден тұрады. Табиғатта жайсыз өзгерістердің болуы әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Осы мәселені қозғай отырып айтарым, адам табиғатпен барлық жан-дүниесімен тығыз байланысты. Менің кітабымда жазған формулам бар. Онда өңірлердің шөлге айналуы және өзендердің қайраңға айналуы адамдардың жандүниесінің суалуынан, бос қалуынан басталады деген ұғым бар. Адамның табиғатпен байланысы жеткілікті болмаса, оның жандүниесі құлазитын жағдай жиі орын алады. Мәселен, бүгінгі таңда қытайлықтар отбасында бір баланың болуына үлкен алаңдаушылықпен қарап отыр. Бір баланың табиғи ортамен байланысы болмауы өте қауіпті. Жалғыз бала өте өзімшіл болып өседі. Ол өз құрбы-құрдастарына да, табиғатқа да құрметпен қарауды міндет деп білмейді. Бұл ақпараттық ғасыр бізге қандай «сыйлық» алып келетінін білмейміз. Мені адам мен табиғи ортаның алшақтап бара жатқаны алаңдатады. Балалар табиғатпен компьютер арқылы байланыс жасайды, яғни жансыз тіршілікпен «тілдеседі». Олардың компьютерден көрген жапырақтары мен ағаштың жапырағы екі түрлі әлем ғой. Табиғаттың дыбысын, тылсым қасиеттерін, иісі мен дәмін сезбей өседі. Мысалы, қазір АҚШ-та жүйке ауруларын емдейтін ауруханалар 14 жасқа дейін табиғи ортамен байланысы болмаған, компьютерде отырып, программист болған адамдарға лық толы көрінеді. Олар бұл өмірден бөлініп кеткен. Оларға енді шынайы өмір керек емес. Бұл - қазір бүкіл қоғам үшін психологиялық мәселе, тіпті трагедия. Өйткені 15-16 жасқа дейін табиғатпен таныс болмаған адамның жандүниесі ол ортаға жат болып кетеді, қалыптаспайды екен. 1970 жылдары Беларусь ғалымдары өте маңызды жаңалық ашты. Балалар 14 жасқа дейін табиғатпен тығыз байланыста болып, таза ауада жүгіріп, дене шынықтырумен айналысуы керек. Неге? Өйткені 14 жасқа дейін адамның қан айналым жүйесінің көптеген элементтері қалыптасады екен. Беларусь ғалымдары қан айналым жүйесі де екінші жүрек рөлін атқаратынын анықтаған. Яғни үлкен қан тамырларында қанды қосымша айдап тұратын насос секілді элемент болады. Егер осы қасиеттер 14 жасқа дейін қалыптаспаса, содан кейін қалыптаспайды екен. Сондықтан барлық салмақ жүрекке түседі. Жүрекке қатысты көптеген дерттер адамның бала кезінде қалыптасатыны анықталды. Неге ауылдан шыққан балалар өмір сүруге бейімді келеді? Өйткені олар табиғи ортада, жасынан денесін шынықтырып өседі. Ал көбіне үйде отыратын қалалықтарда адам организмінің қалыптасуы ойдағыдай болмайды. Адамның қалыптасу процесіне қатысты көп жайттарды біз әлі біле бермейміз. Ал ол өте маңызды. Сондықтан мен үшін жылдың барлық мезгілінде де табиғатпен байланыста болу - аса маңызды. Бүгінгі таңда да табиғи ортада көбірек болғанды ұнатамын. Ауа райы қандай болғанына қарамастан, жұбайым екеуміз күн сайын бір сағат жарым уақыттай өзім тұратын «Нұрсая» тұрғын үй кешенінен «Хан шатыры» ғимаратына дейін жаяу қыдырып келеміз. Кешкі сағат 7:30-дан 9-ға дейін. Сағат 9-да келіп «Хабар» агенттігінің жаңалықтарын көремін. Сенбі, жексенбі күндері көбірек жүреміз. Іссапарға барсам да, бос уақытымды далада өткізгенді қалаймын. Ал жазда қосымша велосипедпен Есіл жағасында қыдырамын. Оралдан Астанаға көшіп келген соң, велосипед сатып алғанмын. Оралда тұрғанымда қыста шаңғы тебетінмін. Жапондар дұрыс өмір сүру үшін міндетті түрде күніне бес-алты шақырым жаяу жүру керек деп айтады. Адамның өмір сүру тәсілі жасында қалыптасады. Жас кезімде бірнеше спорт түрімен айналыстым. Бастапқыда ауыл мектебінде оқып, соңғы екі сыныпты аудан орталығынан бітірдім ғой. Менің мектепте жасаған рекордтарым әлі күнге дейін «Қазақстан» станциясының №1 мектебінде ілулі тұр екен. Сайлаушылармен кездесуге барғанда, мектебіме де кіріп шығамын. - Қандай нәтижелер? - Жүз метрге жүгіруде 10,8 секунд нәтиже көрсеттім. Бұл облыстың да рекорды болды. Үш қарғып секірудегі ең жоғарғы нәтижем - 14 метр. Қашыққа секірудегі көрсеткішім - 6,96 метр. - Яғни осы нәтижелерді әлі күнге дейін сіз бітірген мектепте ешкім жаңарта алмаған болып тұр ғой? - Иә, әлі жаңармаған. Жасымда спортшы болуды армандадым. Алайда 1963 жылы 10-сыныпта оқып жүрген кезімде Новосібір қаласына барып, Бүкілсібірлік олимпиаданың жеңімпазы болдым. «Комсомольская правда» газеті Бүкілсібірлік олимпиаданың сұрақтары мен міндеттерін жариялады. Есептер физикадан, химиядан және математикадан болды. Мен жауаптарымды жібердім. Бірінші турдың жеңімпазы ретінде екінші кезеңге өтіп, Новосібірге шақырылдым. Новосібірде де аталған пәндер бойынша сынға түстік. Академик Михаил Лаврентев бізбен әңгімелесу рәсімін өткізді. Менде әлі күнге дейін сол олимпиадада Сібір Ғылым академиясының бөлімшесі берген ұсынымы сақтаулы тұр. Онда Бүкілсібірлік олимпиаданың екінші турының жеңімпазы ретінде Кеңес Одағының жоғары оқу орнына ұсынылады деп жазылған. Астына академик М.Лаврентев қол қойған. Осы табысым менің тағдырымды айқындап берді.
ӘР ҰЛТТЫҢ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТТЕРІН БОЙҒА СІҢІРУГЕ ТЫРЫСТЫМ - Өмірбаяныңызға көз салсам, мектепті алтын медальмен бітірген екенсіз? - Иә, мектеп бітірген соң, Новосібірге емес, Ташкентке жол тарттым. Өйткені әкем: «Ташкенге бар, онда жылы. Ал Новосібірге барсаң, қысқы киімдер алу керек болады. Қазір үй салып жатырмыз, ақша тапшы», - деп кеңес берді. 1965 жылы Ташкентке барып, бір ғана емтиханды беске тапсырып, оқуға түстім. Бар ынтаммен оқыдым және қоғамдық жұмыстарға да араластым. - Өзбекстан астанасындағы университетті де қызыл дипломмен бітіріпсіз. Жалпы, Ташкент сізге не берді? - Ташкентті шексіз алғыспен еске аламын. Ол менің Шығыс мәдениетіне деген жоғары көзқарасымды қалыптастырды. Біз Қазақстанның батысында туып-өскенбіз. Ол жерде, негізінен, украиндер мен орыстар қоныстанған. Бірде-бір өзбек болған емес, біз тұрған ауылда қазақтар да аз еді. Яғни Кеңес халқының ортақ мәдениеті қалыптасқан өңір деп айтуға болады. Шығыстық үлгідегі базар атымен жоқ. Ал Ташкентке келгенімде басқа әлемге енгендей болдым. Ауасы да басқа, көшеде ашық түрде палау дайындап жатқан адамдарды көріп, таң-тамаша қалдым. Жеміс-жидектердің алуан түрін әрі бағасының арзандығын байқадым. Зурнаның дыбысын алғаш рет естідім. Мен қазір Шығысқа барғаным үшін тағдырыма риза екенімді жиі айтамын. Өйткені мен жат қылықтарға әуес болмадым. 5 жыл оқыған кезімде Ташкенттің көшесінен бірде-бір рет мас күйінде жүрген өзбекті көргенім жоқ. Жасы үлкендерге құрметпен қарайтындарын ұғына білдім. Ұлттық салт-дәстүрлері, өнері мен мәдениетін ерекше қастер тұтатынын көрдім. Мен барлық театрларының қойылымдарын тамашалауға тырыстым. Айталық, Әлішер Науаи мен Хамза атындағы театрларға жиі барып тұрдым. Сол кездің өзінде ол театрларда қойылымдар өзбек тілінде өтіп жатса да, құлаққа ілгіш арқылы орыс тіліне ілеспе аударма жасалатын-ды. Бір құлағыммен өзбектің сөзін, екінші құлағыммен орысша тәржімасын тыңдадым. Ешқандай қолайсыздықтар болған жоқ. Менің бойымдағы еуразиялық түсінік, шынын айтқанда, Ташкентте қалыптасты. Ұлттардың бір-біріне деген құрметі секілді қасиеттерді бойға сіңірдім. Өйткені Өзбекстан да Қазақстан сияқты көптеген қуғынға ұшыраған адамдардың қоныс тепкен мекені екен. Ташкент қаласының маңында жеке-жеке кенттерде кәрістер, дүнгендер, Қырым татарлары, гректер, поляктар және басқа да ұлт диаспоралары тұрды. Біздің химия факультетінде екі топ болды, бірі өзбек, екіншісі орыс тілінде дәріс алатын топ. Ең қызығы, орыс тобындағы 60 студенттің арасында 40 түрлі ұлттың өкілі болды! Тіпті африкалықтар да бірге оқыды. Біз осындай «қазанда» қайнап өстік! Ал төртінші курстан бастап лекциялар өзбек тобымен бірге жүрді. - Өзбек тілін меңгере алдыңыз ба? - Бізді өзбек тілінде оқытқан жоқ, дегенмен тұрмыстық деңгейде тілдесу мүмкіндігіне ие болдым. Жасымда қазақ пен орыстың тәрбиесін көріп өстім. Студент кезімде өзбек тәрбиесін алдым. Ал оқу бітірген соң, бәрімізді Беларусь еліне әскери борышымызды өтеуге жіберді. Брестке келгенімізде бізді әр ұлттан болғанымызға байланысты «дикая дивизия» деп атады. Ол кезде әскери қызмет мерзімі екі жарым жыл еді. - Отан алдындағы борышыңызды өтеген соң, еңбек жолыңызды қай өңірде бастадыңыз? - Маған әскери қызметте қалуымды өтінді. Алайда туған жеріме оралып, офицер ретінде әскери комиссариаттың жолдамасымен мамандығым бойынша Орал қаласындағы «Омега» зауытына қызметке орналастым. Бұл жабық өндіріс орны болатын. Өйткені теңізде жүзетін сүңгуір кемелерге арналған «Гранит» атты қанатты зымырандар шығарды. Қазақстанда мұндай қуатты соғыс қаруының шығатынын ешкім білген жоқ. - Қазір бұл құпия емес қой? - Бүгінде оны анық айтуға болады. Қазір ондай зымыран Қазақстанда мүлдем шығарылмайды. Ерекше өндіріс орны болды. Бүгінгі таңда инновациялық жоба жөнінде жиі айтып жүрміз ғой, сол кезде ол зауытта инновациялық жобалар жүзеге асырылды. Қысқа толқынды блок болды. Үшінші ауысымға жұмысқа келгендер тамақтарын ала келетін. Олар ыдыс пен тамақты әлгі блоктың қуысына қояды да, токқа қосады. Бір минутта тамағы ып-ыстық болады. Бұл қазіргі қысқа толқынды пештердің бастапқы нұсқалары еді. Мен зауыттың орталық зерттеу лабораториясының бастығы болдым. Бізде әртүрлі алты лаборатория жұмыс істеді. Оның ішінде рентгендік, ультрадыбыстық, химиялық, технологиялық лабораториялар бар еді. Құрал-жабдықтарын бүкіл Кеңес Одағы бойынша жинағанмын. Үздік орталықтың бірі болды. Бізге тәжірибе алу үшін келетіндер көп болды. Мен кандидаттық диссертациямды зауытта жүріп дайындадым. Зауытта жасанды сенсорды жасап шығардық. Бұл химиялық құрылғы (датчик) химиялық сигналдарды электрлік сигналдарға айналдыра алады. Айталық, қазір роботтар иісті, жарықты, дәмді ажыратады ғой. Сол секілді мен Кеңес Одағы бойынша бірінші рет иісті сезетін жасанды мұрын секілді құрылғыны жасап шығардым. Авторлық куәлігім бар. Бұл сенсор арқылы теңіздің белгілі бір аймағынан жаудың сүңгуір кемесі өтті ме, жоқ па, соны анықтауға болады. - Аң-құс орманда өздерінің іздерін қалдырады ғой. Ал суда сүңгуір кемеден ешқандай із қалмайды емес пе? - Иә, суда ештеңенің ізі де, таңбасы да қалмайды. Дегенмен атомдық сүңгуір кеме өткенде, сол тұстағы суда радиоактивті калий пайда болады. Айталық, бір сағат бұрын жаудың сүңгуір кемесі жүзіп өтті делік, оның болған-болмағанын қалай анықтауға болады? Әлгі құрылғы арқылы сүңгуір кеменің жүзіп өткенін білуге болады. Атомдық сүңгуір кемесінің тек қалағы ғана айналады. Егер дизель отынымен жүзетін кеме болса, оның түтіні шығуы мүмкін. Ал сүңгуір кеме ешқандай із қалдырмайды. Ол тек іштегі ауаны тазартқан суды сыртқа шығарып отырады. Сол теңіздің суы ішке еніп, реакторды салқындатады да, сыртқа шығарылады. Міне, сол тұстағы судың құрамында радиоактивтік калий болады. Біз соны анықтай білдік. Сол секілді кейін Батыс Қазақстан агроуниверситетінде қызмет істеген кезімде Қарашығанақ газ конденсатында сутегін анықтайтын құрылғыны ойлап таптым. - Ұстаздық жолға қалай келдіңіз? - Мен докторлық диссертациямды жаза бастаған едім. Зауыт басшылығына университетке ауысқым келетінін жеткіздім. Өйткені зауытта әрі қарай ғылыммен айналысуға мүмкіндігім шектеулі болды. Жоғары оқу орнында Қарашығанақты зерттейтін лабораторияны құрдым. Зауыттағы бірқатар құрал-жабдықтарды оқу орнына алуыма рұқсат берілді. Бұл лаборатория жоғары оқу орындарының ішінде ең жаңа заманғысы болды. Сөйтіп, аталған кен орнын жан-жақты зерттедік. Бір қызығы, менің өмір жолымда 10 жылдық кезеңмен тұратын оқиғалар болды. Айталық, 1970 жылы университетті бітірдім, 1980 жылы кандидаттық, 1990 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. 2000 жылы ғылыми-зерттеу кітаптарым жарық көрді. Енді 2010 жылы қандай ерекше оқиға болатынын күтіп жүрмін. Барыс жылының қандай сый ұсынатынын өзім де білмеймін. Және де әр мекемеде, атап айтқанда, зауытта, университетте, одан кейін Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалында 11 жылдай қызмет еттім. Бұл да - Күн айналымы секілді ритм.
МЕН «ҚИЯН» ДЕГЕН РУДАНМЫН ДЕП ОЙЛАЙМЫН - Сіз қазір әр нәрсеге де сын көзбен қарайтын жасқа келдіңіз. Қазақ халқының қандай қасиеттерін жоғары бағалайсыз? Сондай-ақ орыстың жақсы жағы қандай? - Әлемде қазақ пен орыстай мінезі ұқсас халықтар аз шығар. Жуырда мен «Біздің ортақ үйіміз» деген эссе жазып бітірдім. Осы шығармамда қазақ пен орысты Алтайдың бесігінен шыққан екі ру деп есептеймін. Қазір мінез-құлқы жағынан бір-бірінен айырмашылығы бар шығар. Қазақтан асқан жақсылық тілеуші, бауырмал халық жоқ деп айтар едім. Бұл ұлттың қайырымдылығы, қонақжайлылығы дастарқанынан көрінеді. Еуропалықтар «Еркектің жүрегіне баратын жол асқазан арқылы» деп айтады. Сол сияқты қазақтар да өзге адамдардың жүрегіне дастарқан арқылы жол табады. Көптеген халықтарда жер, күн, су және басқа өмірлік субстанциялары бар. Қазақтарда бұған қоса жақсылық тілеуші қасиет бар. Кейбір халықтарда мұндай қасиет кездеспейді. Қазақтардың өнерге, музыкаға жақындығы ұнайды. Бұл қазақтардың ғасырлар бойы барлық тарихи-мәдени ақпараттарды, ән мен күйлерді ой-санасында сақтап, ұрпаққа жалғастырып отырғандығымен тығыз байланысты. Жеті атасына дейін біліп отыратын қабілеті ұнайды. Өкінішке қарай, осындай қасиеттер орыстарда қазір жойыла бастаған секілді. Қазақтар көптеген жылдар бойы жерге жақындығын сақтап келді. Ал орыстар ірі елді мекендерде тұрды да, қалалық тұрмысқа жақындап кетті. Қазақ халқының жақсы салт-дәстүрлерін әлем елдері білмейді. Сондықтан осы халықтың жақсы қасиеттерінен қазақстандық құндылық бағаланады, елдің беделі қалыптасады. Бұл халықтың ашылмаған сыры әлі алда деп есептеймін. Өйткені археологиялық зерттеулер жүріп жатыр. Жаңа деректер ашылуда. Қазір осы қазақ жерінде алғаш рет жылқының қолға үйретілгені қазба жұмыстары арқылы белгілі болып отыр. Тұңғыш рет металлургиялық жұмыстар осы жерден бастау алғаны да анықталуда. Біз көп байлығымызды сақтай алмай қалған елміз ғой. Сондықтан елдің де, қазақ халқының да биік белестері алда. Ал славяндарға жататын орыс, украин, белорус және басқа ұлттардың мінез-құлқындағы басты ерекшелігі - сабырлылық, ұстамдылық, бір мақсат пен идея үшін өзін құрбандыққа шалуға әзір тұрушылық, ар-намысын сақтау қасиеттері. Егер бізде белгілі бір руға бөлінсе, ал орыстарда бір идеяға бірігу арқылы ортақ мақсатты көздеу, бір ұлт болып саналу процесі ертерек жүзеге асқан болуы керек. Тағы да айтам, славяндар мен түркі халықтары рухы мен мінезі жағынан өте жақын. Мен зерттей келе, сөздері мен дәстүрлерінде көп ортақ жайтты аңғардым. Ұқсастықтар біреуге кездейсоқтық секілді көрінгенімен, мен оны заңдылық деп есептеймін. Айталық, көп ел Жаңа жылды тойлайды. Оны Еуропадан келген дейді. Мен оған келіспеймін. Мен оны «Ель» мейрамы деп айтар едім. Өйткені христиандық кезең басталғанға дейін желтоқсанның 25-інде Алтайда ерте заманда «юль» мейрамын өткізген. Көне түркі тілінде «юль» жол деген мағынаны береді. Түн қысқара бастап, күн ұзара түскен кезде түркілер шыршаны айнала ән салып, би билеген. «Андарбай-Андарбай», «Карачун-Карачун» деп әндеткен. Хоровод күнді бейнелеген, ал шырша көкке бастайтын жолды көрсетеді. Славяндарда «ель» сөзі қалған. Ал бізге «ель» - страна - ел, халық деген мағынада жеткен. Бұл түркі халықтарының ең басты мейрамы болған. - Айталық, Марий АССР-ы қазір Марий елі деп аталады ғой? - Иә, дұрыс. Жалпы, угро-финдер мен түркі тілді халықтар көптеген ортақ тамырластыққа ие. Өз фамилиямды саралай келіп, мен «Қиян» деген руданмын деп ойлаймын. Төртінші ғасырда Алтайда болған Тарақ-Қиян деген әйгілі ру таңбасы бар. Олардан дарлигиндер тараған. Қиянның бір тобы Дешті Қыпшаққа қосылып, қазіргі Киев қаласының негізін салған. Қиян сөзі өте алыс деген мағынаны білдіреді. Мен эссемде осы мәліметтерді келтірдім. - Басты ерекшеліктің бірі қазір дін деп есептейсіз ғой? - Дәл өзі! Дін кейде адамдарды бір-біріне қарсы қоюдың да негізі болды. Орталық Азия елдеріне ислам діні келді, ал славяндарға Еуропадан христиан діні енді. Романовтар әулеті билік құрған кезден бастап бір түркі халқын екіншісіне, славяндарды да бір-біріне қарсы қою әрекеті жасалғанын мен жазып отырмын. Қазақтар бұрын сары шашты, көгілдір көзді болғанын тарихшылар жазып жүр. Өз кітабында Рашид ад-Дин оның еуропалық топқа жататынын жазып кеткен. Қазіргі қазба жұмыстары да осы деректі дәлелдей түсуде. Орыстар Рязань, Ростов өңірлерінде бір қыздарды «красные девки» деп атаған. Олар кім еді? Олар - қыпшақтың қыздары! Олар жирен шашты болған. «Красные девки» сөзінен «прекрасное» сөзі шыққан. Ақын В.Брюсов өлеңінде «Көне Еуропада біз кімбіз? Кама мен Обьтан келген кездейсоқ қонақпыз ба? Әлде мүмкін біз ұлы халық шығармыз, есімі мәңгі ұмытылмас. Сөзі әлі күнге дейін санскрит үнінде шырқалған» деген керемет жолдар бар. Түркі тілдес халықтар мен славяндар тілінің негізі санскрит болып есептеледі. Мен жазған эссемде Олжас Сүлейменовтың «Аз и Я» кітабынан мысалдар бар. Ғалым Лев Гумилевтің зерттеулеріне сүйендім. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың қыпшақ даласы жайлы жазғанын келтірдім. Жалпы, әр ұлттың өзіндік қасиеттері туралы Абай «Қара сөзінде» нақты жазып кеткен. Ол өзге ұлттарға сұңғылалықпен баға берген. Кейде өз ұлтын сынға алған. Мұндай пікірді өз халқын сүйген адам ғана айта алады! Мен Абайды сондай адам деп есептеймін. Ол өз халқын сүйіп қана қоймаған, ғасырлардан-ғасырларға аман жетіп, жат қылықтан арылып, ізгілік пен білім-ғылымға ұмтылуына тілектес болған. Абайдың «Қара сөздері» баспадан көрікті болып шыққанда бірнеше данасын алып қойған едім. Орыс тіліндегі осы нұсқасын мен үнемі достарыма, жақын адамдарыма сыйлап жүрмін. Ондағы ойым ұлы адамның сөзінен әр адам өз өміріне қажетті қағиданы, жолды табады деген сенімнен туған. - Адамзат игіліктеріне ерекше көзқараспен қарауға бастайтын, адам жанына терең үңілуге нұсқайтын ойларыңызбен бөліскеніңізге көп рақмет. Қазақстанның абыройлы азаматы, қазақ пен орыстың қадірлісі бола беріңіз.