|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық

Баспана беру ісін былықтырған кім? Печать

06.02.10.

Өткен ғасырларда жер мен жесір дауы қазақтың бойында арызқойлық, парақорлық, жалақорлық тектес сұмдықтарды оятып, ел ішін алатайдай бүлдірсе, сол дерттің орнын қазір баспана дауы басты. Дәл сол кездегідей, пысықай шенеуніктердің кесірінен қара қазақ бір-бірімен бітіспес жау болып, жаға жыртысуда. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылының тұрғыны, 70 жастағы «Батыр ана» Күлпаш Бегайдарованың арызы бойынша «Нұр Медиа» холдингінің тапсыруымен зерттеу жүргізгенімізде бұл салада былықтың көп екеніне көзіміз жетті.
Пәлелі пәтер
Қарағанды қаласындағы «Көгілдір тоғандар» ықшам ауданының 4-ші үйінің 45-ші пәтері.

Семей полигонынан зардап шегушінің әкесі ретінде ұлы Маралға берілген осы пәтерді қарағандылық прокурор Қанат Нұрбаев орта жолдан иемденіп алғанын, өз құқығын талап еткен ұлын сотқа тартқызғанын айтып, араша сұрайды Күлпаш шешей. Заң органдарының «қарға қарғаның көзін шұқымайдыға» салып отырғанын жазады.

Мәселенің мәнісіне үңілу барысында біз мынаны білдік: мемлекеттік тұрғын үй қорындағы бұл пәтерде 2007 жылдан бері Қанат Нұрбаев тұрып жатқан. Еш құжатсыз. Ђстіп жүргенде 2008 жылдың көктемінде «Тұрғын үй қоры басқармасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны (бұдан әрі ТҚБ Қ.А.) осы пәтерді Марал Бегайдаровқа беріп, 1 жылға жалдау шартын жасасқан.
Тұрғын үй қорынан баспана алуға Бегайдаров «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68 бабы бойынша (мүгедек баласы болғандықтан) құқылы. Ал Заңның 118 бабы оған пәтердің бірінші кезекте берілуін (мүгедек баланы асырағаны үшін) қамтамасыз етеді. 120-шы бап бойынша баласы Семей полигоны сынағынан зардап шеккендер санатына жататындықтан бұл үйден оны басқа жарамды баспана берместен шығарып тастауға болмайтынын айтады.
Сонымен, 2008 жылдың қазан айының 27-де құжаттарын алып, бала-шағасын ертіп аталмыш пәтерге келген Марал мен осында тұрып жатқан Қанаттың арасында жанжал оты лап ете қалады.
Осы оқиғадан соң, Октябрь аудандық прокуратурасының прокуроры Қ.Нұрбаевтың арызы бойынша Октябрь ауданына қарасты полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, Октябрь аудандық соты 2009-дың 29 қаңтарында Бегайдаровты «өзгенің үйіне басып кіріп, күш көрсеткені» үшін шарты түрде бір жылға соттайды. Бірақ шағым бойынша, істі қайта қараған облыстық сот 2009 жылдың 31 наурызында Маралды ақтап шыққан. «Пәтерге басып кіруге» байланысты қозғалған қылмыстық іске осылайша нүкте қойылады. Ал пәтерге талас тоқталмаған-тын...
Бір қызығы, жанжал шыққан 27 қазаннан бастап, Бегайдаровтар аталған пәтерде қалып, Нұрбаевтармен бірге үш күн бір шаңырақ астында тұрған. Тағы бір ғажабы - осы жанжалдан 2-ақ күн өткенде, 29 қазанда Қанат Нұрбаев «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі ТКШ Қ.А.)жалдау шартын жасасып, үйді өз атына заңдастырып алған.
Ендігі жерде екі тарап сотқа «Үй кімдікі?» дегенді анықтап алу үшін жүгінеді. Қазылар бірде Маралдың мерейін үстем етсе, бірде Қанатты қуантқан. Соңғы отырыста облыстық сот «Пәтердің заңды иесі Нұрбаев!» деген үкім шығарады. Қазірде даулы пәтерде Нұрбаев тұрып жатыр. Ал Семей полигонынан зардап шегуші 11 жасар Асылжаннан бөлек үш баланың әкесі Марал Бегайдаров қазір отбасымен Қарағанды мен Саран қалаларындағы туысқандарында паналап жүр.

Бегайдаров не дейді?

- Қызым Асылжан бүгінге дейін 13 рет наркоз алып, 8 операцияны бастан кешірді. Үш ай сайын дәрігерге қаралып тұруы керек. Сосын, 1999 жылдан үй кезегіне тұрғанбыз, - дейді М.Бегайдаров. - ТКШ құжаттарымызды жоғалтып, 2004 жылы кезекке қайта тізді. 2008 жылдың 20 наурызында «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК бізге осы пәтерді бергенде, «Нұрбаев уақытша тұрып жатыр. Босатады» деген-ді. Құжатты алған бетте наурыз айында барғанымда Нұрбаев: «Пәтер алғалы жатырмын. Оған дейін паналай тұрайын» деп өтінді. Бір күні барсақ, «Үйді босатпаймын. Ђзім құжат жасатып жатырмын. Сенің жалдау шартыңды бұзғызам» дейді. Жанжал шығарды. Жағамнан ұстап қылқындырды, балағаттады, сөмкелерімді лақтырып, шашып тастады. Сосын полицейлерді шақырып, ұстатып жіберді. Олар прокурордың сөзін сөйледі. Менің жазған арызымды елемеді. Прокурор өз лауазымын пайдаланып, учаскелік полиция инспекторынан «бұрын мен істі болды» деген қағаз жазғызып алыпты. Мен өмірімде істі болған емеспін. Арақ ішпеймін, темекі тартпаймын.

Нұрбаев не дейді?

- 2004 жылы мемлекеттік қызметкер ретінде кезекке тұрғанмын. Сол кезде ТКШ қызметкерлері осы үйдің 187- пәтеріне кіргізген. Бірақ еш құжат берген жоқ. 2007 жылы аталған пәтерден шығарып, 45-пәтерге кіргізді. «Құжатты сосын жасап береміз» деген. 2008 жылдың қазан айында Бегайдаров келіп, «Үй менікі» дейді. Құжаттарын көрдім де, заңсыз екенін айттым. Үйді беруге «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің ғана құқығы бар екенін айттым. Ол жанжал шығарды. Үйіме басып кірді. Мен оған «Ей, Марал, неге кіресің? Бар, кет, шық!» дедім. Болғаны - осы. Күш қолданған жоқпын. Артынша, 2008 жылдың 29 қазанында ТКШ маған жалдау шартын берді. Үй заң бойынша менікі, - дейді Қанат Мақтайұлы. Ол бұл проблеманың туындауына «ТҚБ» КМК-інің бұрынғы бастықтары кінәлі деп санайтынын айтады.
- Аталған кәсіпорынның бұрынғы басшысы Е.Арап 2007 жылы 194 пәтерді заңсыз үлестіріп жібергені үшін жазаланды. Сол сияқты 2008 жылы кәсіпорын директоры қызметінің міндетін атқарған Е.Адиетов тағы 25 адамға кезексіз үй берген. Бегайдаров соның бірі. Осыған байланысты мен, қаржы полициясына шағымдандым. Сол кездегі облыс прокуроры А.Аманбаев сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Нығматулинге хат жазып, сол тұста облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Е.Адиетовтің мәселесін қарауды сұраған, - дейді ол.

Соттардың сүйенгені не?
Бұл мәселеге қатысты іс бүгінде бірнеше томды құрайды. Ақтарып отырсаңыз, қым-қиғаш қарама-қайшылықты көресіз. Мәселен, Қазыбек би аудандық сотының қаулысында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 77-бабы бойынша, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйді жергілікті атқарушы орган - «ТКШ» ММ ғана беруге құқылы. Сондықтан Нұрбаевтың құжаттары заңды» деп жазады.
Істі Бегайдаровтың пайдасына шешкен соттардың да өз сүйенері бар. «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК-ның жалдау шартын беруге ол кездерде құқығы болған» деп сол мекеме басшысы, куәгер В.Алясовтың мәлімдемесін мысал етеді. «№4 үйдегі пәтерлерді таратумен «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК айналысатыны туралы ЖЕРГІЛІКТІ АТҚАРУШЫ ОРГАННАН ТИІСТІ НҰСҚАУ болған. Осындай шартпен бұл үйде шамамен 9 жалдаушы тұрып жатыр» деген көрінеді Алясов.

КІМНІҢ ҚҰЖАТЫ ДҰРЫС?
Қалай болғанда да, құжаттардың барлығында «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК жалдау шартын беруге құқылы болды ма?» деген сауалға жауаптар солқылдақтау берілгенін байқадық. Сосын, аталған мекеменің есігін қаққанбыз.
Кәсіпорын директоры Бекзат Ахметовтың айтуынша, Бегайдаровқа үй бергенде мекемеде жалдау шартын беруге құқық болған.
- Бірақ 2008 жылы прокуратура шарт беруге тыйым салыпты. Сол кездегі басшылардың былық-шылығы себеп болса керек. Барлық кемшіліктер жойылғасын былтырдан бастап, біз әкімдік қаулысымен жалдау шартын беруге толықтай құқық алдық, - дейді ол. 2009 жылдың 28 қазанында қабылданған №35/04 Қаулының астында Қарағандының бұрынғы әкімі Ислам Тоғайбаевтың қолы тұрғанын көрдік біз.
«Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК-і бұрын жалдау шартын беруге құқылы болса, Бегайдаровтың құжаты заңды болғаны ғой?! Осы мәселені нақтылап алмақ болып, енді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» ММ-іне барғанымызда шенеуніктердің тағы бір былығының шеті шықты.
«ТКШ» ММ тұрғын үй секторы меңгерушісі Наталья Соколенко:
- Жоқ. «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК берген жалдау шарты заңсыз. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйді әкімнің қаулысымен «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесі ғана беруге құқылы, - дейді.
- Тұрғын үй қоры басқармасының директоры Бекзат Ахметовтің айтуынша, олар былтырдан бері қала әкімінің қаулысымен жалдау шартын беретін көрінеді ғой? - деп сұрағанбыз.
- Тоғайбаевтың ол қаулысы заңсыз. Кешелі-бүгін прокуратура оған да тыйым салып жатыр, - дейді ол.

МӘСЕЛЕНІҢ МАЙШАММЕН ҮҢІЛЕТІН ТҰСТАРЫ
Бұл мәселені зерделеп көргенде, істің әлі де заң органдары тарапынан майшаммен үңілетін тұстары барын байқадық:
1. 45-пәтерге Бегайдаров 2008 ж. қызымен бірге тіркеуге тұрған. Тура осы кездері Нұрбаев та осы пәтерге тіркелген. Тіркеу кітапшасы екеуінде де бар. Тіркеу қызметкерлері бір үйге қалай екі адамды қатар тіркеп жіберген?
2. 2008 жылы 45-пәтерге тіркеуге тұрғаны жөнінде кітапшасы бар болғанымен, адрестік бюроның 05.01.09 берген анықтамасында Нұрбаев 22.08.2007 жылдан Қарағанды қ. Орлова көшесі 113-үй, 34-пәтерде, оның әйелі Халықова Айжан 01.03.2005-тен бастап 19-шағынаудан, 42-үй, 75-пәтерде тіркеуде тұрғаны жазылған. Тіркеу қызметкерлері заңсыздыққа жол бергені ме?
3. Бегайдаров: «Қазыбек би аудандық учаскелік полицейі «Бегайдаров бұрын істі болған» деп мінездеме беріпті. Мен бұрын істі болған жоқпын» дейді. Осы мәселе тексерілмеген.
4. Ең алғашқы сот отырыстары қаулыларында «Бегайдаров Нұрбаев жоқта есігін бұзып кірген» деп жазылады да, кейінгі соттарда бұл әңгімелер өзгереді. Нұрбаев: «Мен үйде едім. Ол есікті қағып кірді» дейді. Бұл кереғарлық қайдан шыққан?
5. Соттың қаулысында «Қылмыстық тексеру органдары «күш қолданғаны туралы» Нұрбаевтың арызы бойынша іс қозғап, Бегайдаровтың арызы бойынша іс қозғамағаны түсініксіз» деп жазылады. Осы мәселе қарастырылса?
6. ТКШ тұрғын үй секторы меңгерушісі Н.Соколенко сотта: «Нұрбаев 11.03.2005 жылы кезекке тұрды» деп жауап берген. Ал бізге берген жауабында: «Ол кезекке 06.01.2004 жылы тұрған» деді. Бұл қарама-қайшылық қайдан туды?
7.«Маған Нұрбаев «Сен осы үйден пәтер алған мына прокурорды шығар. Сосын мен де шығамын» деп 11 адамның тізімін берді» дейді Бегайдаров (Тізімді бізге берді Қ.А.). Осы мәселе тексерілсе.

ТҮЙІН СӨЗ
Дүниеге он бір бала әкеліп, 35 немере-шөбере өрбітіп отырған Күлпаш шешей пайғамбар жасынан асқан шағында соттың табалдырығын тоздырамын деп ойламағаны анық. Тумысынан «соттасу» десе, жүрегі тас төбесіне шығатын ауыл қазағы кейінгі екі жылдың ішінде оншақты сот процесіне куә болған көрінеді.
- «Быламық жейін деген асым ба еді?» дегендей, қартайған шағымда бұндай бейнетті көремін деп ойламаппын, - дейді ол. - Баламды жазықсыз істі қылғалы бері қорқып, жанынан қалмайтын болдым. Сот болады деген бетте, зейнетақымды аламын да 400 шақырымнан сабылып келемін. Билік органдарының көптеген әділетсіздігіне куә болдым. Талай жерге жаздым. Талай адамның қабылдауында болдым. Ермұхамбет Ертісбаевтың, Оралбай Әбдікәрімовтің қабылдауында болдым. Ештеңе шешілмеді. Енді Президенттің қабылдауына барсам деп жатырмын. Бұл әділетсіздіктің жолын Елбасы ғана кесе алатын шығар деймін, - дейді ол.
Ал біз мынаған назар аудару керек деп түйдік: Бірінші - кезінде «ТҚБ» КМК-іне баспананы үлестіру құқығы берілетіні туралы жергілікті биліктен нұсқау болған. Сол нұсқау бойынша көп адам баспана алып, қазір сол үйлерде тұрып жатыр. Ендеше, Бегайдаровтың да аталған мекеменің жалдау шартымен үй алуына құқығы болған.
Екінші - 2008 жылы прокуратура «Тұрғын үй қоры басқармасы» КМК-ына тексеріс жүргізеді де, жалдау шартын беруге тыйым салғызады. Бұл - 2008 жылдың жаз айларында болған оқиға. Прокурор Қ.Нұрбаевтың Бегайдаровтың қолындағы жалдау шартының заңсыз екенін бірден білуінің, іле-шала «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық» ММ-ынан өз атына құжат жасатып алуының қисынын осы тұстан да іздеу керек шығар. Мәселенің ұңғыл-шұңғылынан хабары жоқ Бегайдаров қапы қалған сияқты.
Қалай болғанда да, бұл саланың осынша былығуына жол бергендер жазасын алып, пысықайлардың кесірінен сарсаңға түскен Бегайдаровтың баспаналы болуға толық құқығы бар деп ойлаймыз.


Қамбар АХМЕТОВ
 Қарағанды


Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Авг   Ð¡ÐµÐ½ÑÑбÑÑ 2010   Окт

ÐÐÐÐÐÐÐ
   1  2  3  4
  5  6  7  8  91011
12131415161718
19202122232425
2627282930 
VLSI High Level Synthesis
Бизнес-инфо: