|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық

«Кәрілік» диагнозы қалай қойылады? Печать

04.02.10.

Әлемде қай елдерде тұрған жақсы­дан гөрі, «қай елдің тұрғындары қарт­тық кезеңін жайлы да жақсы өткізеді?» деген сұрақ жұртты көбірек қызық­тыратыны анық. Осы орайда «Forbes» журналының деректеріне жүгінелік: Австралия, Еуропа, Канада және Пана­мада тұратын кемпір-шалдардың тір­шілігі түзу көрінеді. Оларды алаңдата­тын мәселелер жоқтың қасы. Кісі бала­сына қайртайғанда керегі де осы ғой.

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, осы елдерге серуендеп барған қария­лардың қауіпсіздігі мен тыныштығына, дәрігерлік көмекке жүгінуіне барлық мүмкіндік жасалған. Ал ақ халаттылар тарапынан қонақтар түгілі, жергілікті тұрғындарға көрсетілер көмек өз алдына бөлек әңгіме.
Айталық, Ирландияда табыс салы­ғы 43% құраса, ал 65 жастан кейін зей­нетке шыққанда зейнетақы қорындағы жеке қаражаты 59 мың доллардан ас­паса, ешқандай салық төлемейді. Дамы­ған елдерде кәрілікке қадам басқан сайын маңдайыңнан сипай қоятын адам табылмағанымен, соңғы демі біт­кенше оларға дәрігерлік көмек көрсету еш саябырсымайды. Жүрегі соғып тұрған адамды о дүниеге оңайлықпен жібере салмау - ол жақта абыройлы іс. Сол үшін де олар қосымша сыйақы алады, әріптестерінің арасында құр­метке бөленеді.
Ал біздің еліміздегі жағдай қалай?
Былтыр тамыз айында Денсаулық сақтау министрінің интернет-блогын қараушылардың бірі бір адамға өлген­дігі туралы куәлікте «кәрілік» диаг­нозының қойылғандығына шағым­данған. Ол министрден «адамның өл­­гендігі туралы куәлікте көрсетілген «кәрілік» диагнозының Қазақстан заңдары рұқсат ететін норма болып табылады ма?» деп, соны түсіндіруді сұраған.
Министр Жақсылық Досқалиев өз жауабында жасы әбден жеткілікті бол­са да, ондай диагноздың қойылмай­тындығын атап өтіп, осындай диагноз қойған дәрігерлердің аты-жөндерін көр­сетуді сұраған. «Жасы әбден жет­кен болса да, адам өлімінің себебі ретін­де «кәрілік» диагнозы қойылмай­ды», - деген министрлік басшысы.
Ал шын мәнінде қалай, өмірден көргеніміз бен түйгеніміз не?
- Елдегі жағдай елеңдетерлік, - дейді зиялы бір кісі. - Қариялар тө­секке таңылған күні ем-дом жасайды де, денсаулығы одан әрі нашарласа, артын күтіңіздер дейді. Ең жаманы - кісінің көз алдыңда дәрменсіз күй кешіп жатып дүниеден өткені. Оның қанша уақыт жатарын бір Алла біледі. Бірақ денені қара жерге бергенше қажып бітетін отбасы дәрігерлерден бір қайырым күтеді. Дәрігерлер де дәрменсіз.
Иә, оларды да түсінуге болар. Бірақ кейде ақ халатты абзал жандарымыз қарттарға «кәрілік» диагнозын ертерек қойып, дәрменсіз күйде дүниеден өтуіне себепші болады. Мұнда тек елге есімі белгілі кісілер ғана, соңғы демі біткенше дәрігерлік қызметті пайда­ланады. Бәрінен құр қалатын ауылдағы азаматтар. Әлсіздік буынын алған қарттар жанары жасаурап, жақын-жұ­рағатымен амалсыз қоштаса бастайды. Меніңше, елді мекендерде де дәрігер­лік көмек адамның демі біткенше көр­сетілуі керек. Ондай болмаған жағдай­да дәрігерлерді сотқа берген дұрыс...
Енді осы төңіректе нақты мысалға жүгінелік. Алматылық азамат - бүкіл ғұмырын білім беру ісіне арнаған қа­рия Әбжан Құтпанбаев өз басынан өт­керген оқиғаны былайша баяндады:
- Мен ұзақ жылдар бойы ауырған адаммын. 1996 жылы емделу үшін Алматыға көшіп келдім. Содан бері дәрігерлердің есебінде тұрамын. Қан қысымым жоғары, жүрегім ауырады. Кардиологиялық институт пен кар­диология орталығында емделіп келе­мін. Соңғы бір жылда денсаулығым тіп­ті нашарлап, өкпем ауыратын бол­ды. Дәрігерлер тағы да емханаға жат­қы­зып, өкпе тұсымда жиі су жинала­тынын анықтады. Былтыр сегіз айда ауруха­нада 11 литр су алды. Бірақ се­беп-сал­дарын таба алмады. Дерттің азабынан 20 келi салмақ жоғалттым. Жүруден, қозғалудан қалуға айнал­дым. Дәрігер­лер маған диагноз қоя алмай, ауруха­надан шығарды. «Жасы­ңыз келген кісісіз, су қайтадан жинала беруі мүм­кін, келіп сорғызып тұрасыз. Басқа қолданар шарамыз жоқ» - деп, мені үйге жіберді.
Бәрінен де қызығы мынау болды: Қатты ауырып жатқанымда, бір белгілі профессор тәжірибеден өтіп жүрген студенттерді менің жаныма ертіп келіп, «міне, мына кісі сегіз айға жуық ауырды. Алайда дерттің емі табыл­ма­ды» деп қарап тұр. Ол кісіге мені сынақ алаңына айналдырғаны үшін «біздің дәрігерлер дертті анықтауға шамасы жетпесе, қалай болғаны?» деп қатты ренжідім.
Ауруханадан шығарда Қытайда ұзақ жыл дәрігер болып істеген аза­матқа жолығып қалдым. Ол мені Құл­жаға барып емделуге кеңес берді. Ақыры жол тауып, Құлжадағы жан-жақты ауруларды қарайтын емханада бір айға жуық уақыт ем қабылдадым. Қазақстандық әріптестерінің диагноз­ды дұрыс қоймағанын бір тәулікте анықтап, енді қандай ем қолдана­тындықтарын айтты. Нәтижесінде, 20 күннен соң өкпемді электрокар­диограммаға түсіріп, су жиналатын жердің жоғалып кеткендігін көрсетті. Таңғалдым. Сөйтсем, біздің дәрігерлер емді таба алмай, басқа дәріні құйып-құйып, жүректің қан айналымы бұзы­лып, ақырында сары су жинала беретін болған.
Қытайлық дәрігерлерге қатты та­бындым. Міне, білім, тәжірибе, емдеу деген солай болуы керек. Медициналық ғылымның жетілгені осыдан көрінеді. Мені емдеген алматылық дәрігерлерге деген ренішім өте көп. Себебі мен өлім аузынан қалдым. Ал қытайлық дәрігер­лердің тәртібі мүлде басқаша. Олар ауруханада қарттарға қалай болса солай қарамайды. Қойылған диагнозға байланысты ас әзірленеді. Жүгіріп жүр­ген дәрігерлер алдыңда иіледі де тұрады. Қажет кезінде төсегіңнің ба­сындағы түймені басып қалсаң, мейір­­бике жетіп келеді. Олардың жалақысы науқасқа қойылған диагноз­дың қанша­лықты нәтижелілігі мен ауырған кісі­нің жазылып кетуіне тіке­лей бай­ланысты екен. Бізде мейір­бикелер та­мы­рың­ды таба алмай, денең­ді көкала етеді. Оларда егуді дұрыс жасамасаң, қызметпен қоштасасың. Біздің ауруха­наларда осындай жағдай жасалған ба? Салыстырып көріңіз­ші...
Менің ойымша, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевты дәрігерлер мәдениеті мен қызметі қатты толғандыруы тиіс. Ол кісі дәрі­герлерге азаматтар сый-сияпат жасап жатса, соны заңдастыру керектігін де мәселе етіп көтергені есімізде. Егер науқасты дұрыс емдеп, жазылып ке­туіне себепші болса, азаматтар сый-сияпатты онсыз да жасайды ғой. Ал нау­қас­тың жағдайы одан бетер на­шарласа ше? Мұндайды мен өз басым­нан өткергендіктен, дәрігерлер ара­сын­да жауапсыздықты жоюды ұсынар едім. Біздегі медицина ғылымы қазір­-гі қалыппен өмірі оңбайды. Оңбайты­ны -дәрігерлікке қабілеті бар жас­тарды оқуға тартып, оларды тегін оқыта алмай отырмыз. Осы салада тамыр-таныстыққа балта шабуымыз керек. Дәрігерлердің бақылауынсыз қайтыс болған кісіні де өз көзіммен көрдім, - дейді еңбек ардагері, Қазақ­стан білім беру ісінің үздігі Әбжан ағамыз.
Рас, дәрігерлердің атына көп сын айтылады. Бірақ одан қорытынды шығару жағы нашар болып тұр. Таяуда бір әріптесіміз пышаққа түсті. Тегін жасалуға тиісті операцияға 500 доллар­дай қаражат төлеуге мәжбүр болған. Өйткені ақ халатты абзал жандар ақша төлемесең, басыңа қара бұлтты үйіріп қояды. Мұны қалай түсінуге болады?
- Пайғамбарымыздың хадисінде барлық аурулардың емі барлығы айты­лады. «Тек қана қарттықтың емі жоқ» делінген. Бұл - қария адамды қайта жасарта алмайсың деген сөз ғой, - дейді біздің әңгімемізге араласқан Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қарма­сының баспасөз хатшысы Оң­ғар қажы Өмірбекұлы. - Негізінде бар­лық дерттің емі бар, соны жазу жолда­рын іздеген дұрыс. Қызылшақа ана құрсағында жатқанда-ақ, оның тағдыры жазылып қойылады. Бұл да адамды емдеуге болмайды деген сөз емес. Осы тұрғыдан алғанда, дәрігер­лер теріс көзқарастан арылу керек. Ол науқастың алдында өзінің барлық қарым-қабілетін, Гиппократқа берген антын орындауы тиіс, адал болуы керек. Адамды сынаққа айналды­ру­ға тіпті болмайды. Болашақ дәрігерлерді ауруханаға жібергенде, оларды нау­қастарға шын дәрігер ретінде қарауға, қызмет көрсету мәдениетіне үйреткен жөн.
Сойылатын малдың көзінше пышақ қайрауға болмайды екен. Оның жанын­да адамның орны бөлек қой. Тағдырды тәлкекке салуға болмайды. Біз кез келген адамға, ауруға жанашырлықпен, мейіріммен қарауды үйренуіміз керек. «Қартайды, ем қонбайды» деген диаг­ноз еш уақытта болмауы тиіс. Дәрігер­лердің жылы сөзінің өзі ауруға күш-қуат береді. Сондықтан да жүз жасаған кісінің соңғы минуттарына куә болып тұрған күннің өзінде де, оған жаман сөз айтуға болмайды.
Өмір - өткінші жаңбыр секілді. Кім­нің қанша өмір сүретіні бір Алла­ның қолында. Солай десек те, адам өміріне арашашы дәрігерлердің де Алла алдында жауапты екендігін ұмыт­пағаны дұрыс. Қартқа да қарайла­су - ең үлкен сауап.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ


Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Авг   Ð¡ÐµÐ½ÑÑбÑÑ 2010   Окт

ÐÐÐÐÐÐÐ
   1  2  3  4
  5  6  7  8  91011
12131415161718
19202122232425
2627282930 
Techies Resources Resources
Бизнес-инфо: