мұрағат
Негізгі бет  >  Көзқарас  >  Автор бағанасы  >  Абайлылардың Абайсыздануы
Абайлылардың Абайсыздануы
26.12.2013 20:38 Жұмабек ЖАНДІЛДИН
1 1067
«Абайдың арғы беті, бергі беті» мен «Талантсыз, бақсыз, талайсыз Қазақтың жыры Абайсыз» атты эсселер «Айқын» газетінде жарияланған соң қоғамдық санада «сілкініс» болғандай.

Бір тобы оларда айтылған пікірлерді қолдаса, енді бір тобы өздерінше қарсы дауға шыққандай болды. «Қазақ әдебиеті» газеті толық бетінің ауқымды бөлігін алған үш автордың пікірін жариялады. Оларда автордың негізгі ұстанымына бәлендей қарсылық жоқ, десек те «әдебиет әдебиет үшін» деген ұранды ұстанатындары байқалып тұр. Ондайлармен енді сөз таластырудың қажеті жоқ. Дегенмен, біз айналамызға Абай көзімен қарап, болмысымызға қатысты өз пікірімізді ортаға салуды жалғастыра береміз. Мұның да себебі бар. Иә, біз Абайы бар елміз, Абайлы халықпыз. Солай бола тұрса да болмысымызға Абай өлшемдерімен қарап көрсек, Абайсыз жұрттаймыз. Кәдімгі дұрыс өмір сүрудің төте жолын көрсетіп берген данышпаны жоқ, өмірге дұрыс көзқарасы қалыптаспаған, ми далада бүкіл ғұмырын жалғыз өткізген жабайыдаймыз. Білімділік байқалмайды. Өкіндіретін де, өксітетін де осы тұс.


Білім жүйесінде
Шүкір, қазіргі қазақтар – 100 пайыз ор­та білімділер. Бұл үшін, әрине, Кеңес Одағына бір есептен алғыс айтуға тиіспіз. Егемендік алғаннан бергі кезең ішінде оған дейінгі жоғары білім беретін оқу орын­да­рының саны 10 еседен аса өсіп, елімізде күні бүгін 100-ден астам универ­ситет бар екен. Бұған қуанамыз ба, жоқ әлде өкінеміз бе, білмеймін, ал білетінім, орта білімділер түгілі, жоғары білімділердің ауқымды бөлігі жұмыс таба алмай, көше тоздырып жүр­гендігі. Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғы­лымға көңіл бөлсеңіз» деп еді ғой. Сонда ұлт ұстазы деп жүрген данышпанымыз қателескен бе, қалай? Олай деп күмән­данатын себебіміз, орта білім түгілі, жоғары білімнің өзі «дүние, мал» болмай қалды. Ол не күнкөрістік қауқары жоқ, өмір сүруіңе пайдасы жоқ іс болып шықты. Айтқандай, сол білімді алуға ең кемі 10 жыл, ал университет бітіру үшін тағы бес жыл кетіп, қазақтардың ең қымбаты – уақыты шығын болды. Уақыт қазақтардың ғана емес, бүкіл адамзаттың ең қымбат байлығы. Түсіне білген адамға уақыт жаннан да қымбат. Өйткені Жаратушының жан иесіне сыйлайтыны санамен қоса, шектеулі уақыт қана. Сол уақытты сол санамен дұрыс пайдаланғандар ғана өмірінде жеміс теруші болады. Ал сол санамен сол уақытты дұрыс пайдалана алмағандар азып-тозады. Бұл – тағдырдың ақиқаты. Демек, бақандай 10 жылын міндетті орта білім береміз деп мемлекеттің өзі жеке тұлғалардан зорлап алып тұр ғой. Өйткені сол зорлап берген білім жеке тұлғаның өмір сүруіне «көмек­тесетіндей», «мал, дүние» болатындай ештеңе берген жоқ. Байқадыңыз ба, мем­лекет өз тұрғындарын алдайтын, уақытын зор­лықпен ұрлап алатын заңды күшке ай­налып кеткендей. Иә, иә, заңды күш. Өйт­кені мемлекеттік заңды мойындау – оның азаматтарының басты міндеті. Ал орта білім алу тағы да сол заңмен бекітілген. Мі­неки, парадокс! Заң ұрлықшының құралына айналып кеткен. 


Егемендік алдық, қуандық! «Жарыл­қанамыз, жетісеміз, жалпақ әлеммен тере­зесі тең ел боламыз» деп шаттандық. Бұл жолы объективті және субъективті көптеген себептерге байланысты егемендіктің ал­ғаш­қы жылдарында бастан кешкен қиын­дық­тарды мүлде есепке алмаймын. Тек айт­пағым, егемендіктен кейін бүкіл қоғам­ды, бүкіл мемлекеттік жүйені рефор­ма­лау­дың басталғандығы. Одан еліміздің білім-ғылым жүйесі де шет қалған жоқ. Бәлкім, реформалары көп болған, реформалары әлі жалғасып жатқан сала осы жүйе шығар. Бірақ нәтиже шамалы. Тіпті Тұңғыш Президентіміз ең көп көңіл бөлген сала осы. «Болашақ» бағдарламасын жасап, сол бойынша мемлекет есебінен шетелдердің ең таңдаулы жоғары оқу орындарына таланттыларды жіберіп, оқытып алуды жолға қойған да біздің ел. Бұл үшін Елба­сына алғыстан басқа не айтарсың?! Содан бері 10 мыңға жуық талантты жас осы бағдарлама бойынша білім алыпты. Үлкен байлық осы емес пе?! Қызық, мұны байлық дейін десем, болмыс ақиқаты басқаша «сөй­лейді». «Сөйлегенде» тілі жөнді шығып үлгермеген баланың былдыры сияқты түсі­ніксіз бірдеңелер... Өйткені бағдарлама бойынша мемлекет қаражатына шетелден білім алғандардан көзге көрініп тұрғандары «шаласауатты» шенеуніктер. Олар нарық­тық экономика туралы білімді АҚШ, Ұлы­британия секілді нағыз нарық елдерінен алды. Алған теориялық білімдеріне дау айту мүмкін емес. Бірақ соны іс жүзінде пайда­ланғанда бәрі де «ақсап тұр». Себебі Қазақ­станның экономикалық болмыс-бітімін шетелдерде оқып келгендер көз алдына елестете алмайды. Қазақстан секілді аз тұр­ғынды алып елді, негізінен, аграрлы және шикізатты экономикалы елді басқарып, оны индустриялы елге айналдыру үшін «кешенді» білім керек. Теория бұл жерде мүлде әлсіз. Нақты жұмыс істейтін жерінің, яғни Қазақстанның мүмкіндігін әлемдік рынок сұранысымен байланыстыра алатын кешенді білім керек. Қазақстанды білмей, «нарықтық экономика» теориясымен ғана «қаруланып», шаруаны дөңгелентіп әкету мүмкін емес. Екіншіден, шетелде оқыған 10 мың таланттан ғылымды қуған біреудің болмауы қалай? Өкініштісі – осы. Қатар­дағы шенеунік немесе министр, депутат болулары үшін шетелдерде білім алудың немесе «ғылым докторы» деген атақтың қажеті қанша? Әлі талай 10 мыңдаған «бо­лашақтықтар» мемлекет ақшасына оқыр. Сонда бәріне бірдей шенеуніктік қызмет табыла ма? Айтқандай, «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша білім алған таланттардың бес пайызы жұмыссыз жүр деп естиміз. «Бұл қалай?» деп аһ ұратын жер – осы. Қа­зақтар үшін шетелдің таңдаулы универ­си­теттері де Абай айтқан «дүние де өзі, мал да өзі» болатын білім бере алмаған. Гәп не­де? 


Бәрін басынан бастайықшы... Жалпыға бірдей орта білім – заңдастырылған «міндет­тілік». Сол заң бойынша бұрын балалар жеті жастан мектепке барып, бақандай 10 жыл оқуға міндетті болды. Енді жаңа заң бойынша бүлдіршіндерді таң алакеуімде бор­байларынан сүйреп оятып, алты жасы­нан мектепке баратын қылдық. 12 жыл «байғұстар» осындай азапты басынан кешетін болды. Бұл дамыған Батыстың үлгісі дедік. Яғни дамыған елдерде қалай болса, біз де солай істеуге тиіспіз дедік. Енді сол Батысқа, басқасы емес. Батыстың дамыған елдеріне қарап көрейік. Бүгінгі таңда Еуроодақ бойынша жастардың елу пайызы жұмыссыз жүр. Демек, 12 жылдық білім дамыған Батыстың өзінде Абай айт­қан­дай «дүние де өзі, мал да өзі» бола алма­ған. Ендеше, сол үлгіні қайталау қажеттілік пе?
Бүгінгі өмірімізде қандас Түркиядан келген орта білімі де жоқ жастар жеткілікті. Солар аспаз, шаштараз, киім пішіп-тігуші болып азғантай жұмыс істейді де тірліктері дөңгеленіп жүре береді. Қазақстанға Түр­киядан келген «білімсіз» жастардың тірлігі осындай, қазақтардың жоғары білімділері түгілі, докторлары мен академиктерінен артық өмір сүруде. Ойлап қарасам, олар да, яғни Түркиядан келген жастарда Абай айтқан «дүние де өзі, мал да өзі» дегендей ғылым-білім бар да біздің Қазақстан «жасап шығарған» ғылым докторлары мен академиктерінің өздерінде ондай білім болмай шыққан. Ойлануға тұратын тұс па? Меніңше, дәл бүгін назар аударып, ойлана­тын тұс осы. Өйткені берген білім қазаққа «дүние де өзі, мал да өзі» болмай тұр.
Бәлкім, беріп жатқан «біліміміз» басқа шығар? Жоқ, олай деуге мүлде қақымыз жоқ. Себебі дамыған Батыс елдерінде де, бізде де Архимед заңы, Пифагор теоремасы дегендерден бастап, Макс Планк «тұрақ­тысына» дейін оқытылады. Математика, физика, химия, биология, астрономия, география пәндері бойынша оқулықтардағы «дән» бірдей. Бәлкім, «тарихымыз» бас­қашалау болар. Тіл мен әдебиет пәнінде де өзгешелік ұлттық реңкке сәйкестен­дірілген шығар. Қалғандары дене шынықтыру мен информатикаға, суретке, ән-күйге дейінгі пәндердің «дәні» бірдей екеніне сенуге болады. Демек, оқу құралдарымызда айырмашылық мүлде жоқ. Сонда да нәтиже көңіл көншітпейді. 


Оқырман байқаған шығар, мен осы мақаланың алдыңғы абзацында Макс Планк­ты атадым. Осынау вундеркинд универ­ситетке келгенде оның есіміне көптен таныс бір профессор: «Жас жігіт, кешігіп қалдың-ау, – депті. – Физикада қажетті жаңалықтар ашылып бітті ғой. Талантыңды басқа жақта сынамадың ба»?! Осы сөзді естіген Макс ұстазының мұндай теперішіне көңіл аудармай ғылыми іздені­сін бастап кетеді де, не керек, 30-ға жетпей-ақ өзінің әйгілі «Планк тұрақтысы» деген ғылыми терминге айналған «мәнін» өмірге әкеледі. Ол былайша өрнектелген:
һ=6,0000000000000000000000000000000000625 Дж/сек. Бітті! Ғылыми жаңалық ашылды. Макс Планк осы жаңалығы үшін Нобель сыйлығын алды. Мәселе Нобель сыйлығын алғандығында емес, әлгі мәннің «Кванттық физика» деп аталатын ғылым саласының негізі болғандығында. Өмірге әлі талай таланттар келеді. Олар бұдан да өте нәзік мәнді сандарды өмірге әкелер. Соның бәрін физика ғылымына өмірін арнағандар оқып білуі тиіс. Ал мұны бүкіл адамзат оқып жаттауы тиіс пе? Бұл сұрақты қойып отырғандағы себеп, дәл осы Планк тұрақтысы 10-сыныптың оқулығында бар. 2013 жылы мектеп бітіргендердің бәрі дерлік осы мәнді оқып, жаттап шықты. Сөйтіп, орта білім туралы аттестат алды. Енді сіз осы «мәнге» тереңірек назар аударыңызшы. Сонда бүтінді бөліп тұрған үтір мен 625 санының арасында 34 нөл тұрғанын білесіз. Бұл дегеніңіз Макс Планк ашқан жаңалықтың нақтылығы мен дәлдігі сондай «нәзік», қарапайым көзбен мүлде көре алмайтын дүние деген сөз. Яғни біздің орта мектепті бітірушілер осындай нәзіктердің нәзігі саналатын мәнге дейін білуі тиіс. Білмесін, демейік, білсін. Бірақ одан 2013 жылы орта мектепті бітірген 270 мың баланың қаншасы пайда көрді?
2013 жылы Қазақстан мектептерін 270 мың бала бітірген екен. Солардың 35,5 мыңы жоғары оқу орындарына мемлекеттік грантпен түсіпті. Яғни жеткілікті балл жи­на­­ғандары осы-ақ. Қалғандары, яғни 234,5 мыңы өмірдің ондай «сыйы» мүлде бұйыр­мағандар. Нақтылап айтсақ, мемлекеттің өзі 234,5 мың бала «одан әрі оқуға жара­м­сыз» екенін мойындап тұр. Бұларды Макс Планктың «тұрақтысын» мүлде білмей­тіндер деп қарастыруға болатын шығар. Айтқандай, әлгі 35,5 мыңның ішінде қан­шасы физика немесе инженерлік мамандық беретін оқуларға түсті? Мұның жауабын табу қиын емес. Бірақ мен оны іздемеймін де. Себебі олардың саны мүлде аз, көп де­генде бес мыңға жетпейтінін білемін. Демек, «Планк тұрақтысын» жатқа білу пайдасына жарағандар осы бес мың ғана. Сонда қарапайым логика былай дегізеді: егер өмірлік пайдасына жарамаса «Планк тұрақтысын» 265 мың бала неге оқыған? Осы 265 мың балаға «Планк тұрақтысын» жаттату үшін қаншама ұстаз уақытын жұм­сады, қаншама ұстазға мемлекеттік бюджет есебінен ақша төленді? Мұны да есептеп шығаруға болар, бірақ оның қажеті шамалы. Өйткені біз бар болғаны «пайда­сыз», «дү­ние де өзі, мал да өзі» бола алмайтын білім-ғылымды ұрпаққа үйретіп жатқа­нымыз және жай емес, олардың есіл уақыттарын мемлекеттік заң бойынша ұрлап, сол мемлекеттік заң бойынша «ұрлық» жасау үшін халықтың қалтасынан қағылған салықтар есебінен жиналатын бюджеттің миллиардтаған теңгелерін босқа шығындап келгендігіміз. Біреудің бір қозысын ұрлап алғандарға, қалтасындағы азғантай ақша­сын қағып кеткендерге қылмыстық іс қоз­ғап, жаза белгілейміз. Ал пайдасыз іс үшін жұмсалған мемлекет миллиардтары мен адамның 18 жасқа дейін мектеп парталарын тоздырып, уақытын заң бойынша ұрлап алған білім беру жүйесіне (ескерте кетейін, жеке тұлғаларға емес) көзді жұмып қа­раймыз. Бұл дұрыс па? Бұл әділдік пе? 


Жоғарыда айтып кеткенімдей, Паскаль және Архимед заңы, Пифагор теоремалары мен алгебралық жеті өрнек, валенттілік заңы мен Менделеев кестесі орталау мектептің оқу бағдарламасында бар. Бұлар математика, физика, химия ғылымдарының негіздері. Оқушылар биологиядан өздері түсінбейтін «бір клеткалы» жәндіктерден бастап дүниені ғылыми негізде түсінуге міндеттеледі. Жоғарыдағы мысалдан байқағандарыңыздай, осыларды білу кімге, қанша пайдалы? Кім қарапайым күнделікті өмірінде қолданбалы ғылымның қарапайым негіздері, әліпбиі секілді аталған заңдар мен теоремаларды білгеннен пайда көріп жүр? Демек бұлар да Абай айтқандай «дү­ние де өзі, мал да өзі» болатын ғылым емес екен. Сонда Абайдың ғылым дегені, «балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да орыстың ғылымын үйрет» дегенімен жүргендегі алғанымыз осы ма? Демек біз қателесуді, Абай сілтеген жолдан ауытқуы­мызды осы орталау мектеп бағдарламасы кезінде-ақ бастаған жоқпыз ба?
Әліппені үйренгеннен адам баласы үлкен пайда көрді, біздің қазақ та осы әліппені білгеннен бүгінгідей дәрежесіне жетті. Пайда сол қажет кезінде хат жазып, хабарласа алады, қажет дегендерін оқып-біле алады. Әркім өзіне керекті ақпаратты жинап, кеңес ала алады. Демек, әліппені білу әркімге және баршаға Архимед заңы, Пифагор теоремасы, Ньютон және Ава­гадро заңы, «Планк тұрақтысы» секілді аса мәнді ғылыми тұжырымдамаларды білген­дегіден пайдалырақ болып тұр ғой. Ал әліппеден кейінгі оқытылатын пәндердің қайсы Абай айтқандай «дүние де өзі, мал да өзі» бола алады? Бізге, міне осы сұраққа жауап беріп, сонан соң ғана білім беру жүйе­сінде реформа жасаған дұрыс. Өйткені біздің орта мектепті бітірген 270 мың түлек­тің, тіпті жоғары оқу орындарын бітірген­дер­дің қомақты бір бөлігі 18-22 жасында дербес «өмір сүруге» қабілетсіз болып шығуын жалғастырып жатыр. Ескерте кетейік, әлемдегі миллиардерлердің басым бөлігі және әлемге әйгілі брэндтер шы­ғаратын фирмалардың негізін қалаған­дардың басым бөлігі жоғары білімділер емес. Олардың көбісі «Планк тұрақтысын» немесе өз Отанының тарихы мен әдебиетін жөнді білмейтініне кепілдік бере аламын. Ендеше, пайдасы жоқ «білім беруге» қы­руар ақша жұмсап, ұрпақтың есіл уақытын зая кетірудің пайдасы қанша? Барлық пәнді баршасы бірдей оқысын деп міндеттеу дұрыс па?
Жоғарыда Түркиядан келген «білімсіз» жастардың біздің елде жақсы өмір сүріп жатқанын бекерден-бекерге мысалға кел­тір­ген жоқпын. Олар жастайынан өмір сүріп, ақша табуға, кәсіп жасауға үйренеді екен. Бірі – киім тігушінің шәкірті болса, келесілері аспаздықты немесе шаштараз­дықты үйреніп шығады. Сөйтіп, өмір сү­руге бейім болады. Ал біздің мектеп бітіру­шілеріміздің қаншасы «тандыр нан» пісіре алады немесе қаншасы «тоқыма тоқуды» біледі? Бұған білім-ғылым министрі түгілі, мектеп директорлары да жауап бере алмас. Өйткені олардың бәрі де оқушыларын ең жақсы дегенде алдағы ұлттық бірыңғай тестіге даярлайды. Мектептің көрсеткіші төмен болмау үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайды. Сондықтан да «мектебімді бітіретін түлек өз бетінше өмір сүруге дайын ба?» деген сұраққа жауап іздеп, бас қатырмайды. Өкінішті-ақ. Бәріміз, оның ішінде мектеп директорлары мен министр­леріміз де Абайды білеміз. Бірақ Абай сілтеген жолда жүрміз деп айта алмаймыз. Өйткені жүздеген миллиардтарды жұмсап, жастарымыздың 10-12 жылын «ұрлап» берген «біліміміз» сол білімді алғандар үшін «дүние де өзі, мал да өзі» болмай тұр. Олай болса білім беру мерзіміне немесе сынақ алу технологиясына өзгерістер енгізіп, білім-ғылым жүйесін реформаладық деп даурыққанша, оқытқан пәндеріміздің ішіндегі «дән» оқу орындарының түлектері үшін «дүние де өзі, мал да өзі» болатындай нақты әсерлі реформа жасау керек шығар. Планк тұрақтысын 270 мың мектеп бітіру­шінің бәрі бірдей білуі шарт емес. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіре­пов, Ғабиден Мұстафин шығармаларын білу барша мектеп бітірушілердің міндеті деу де жарасып тұрған жоқ. Ең берісі, қазақ әдебиетінің классикасы дейтіндердің өзі әркім және барша үшін «дүние де өзі, мал да өзі» дейтіндей білім бере алмайтыны ақиқат. Иә, білім берейік, бірақ басты шарт берген біліміміз «дүние де өзі, мал да өзі» болсын. Ал біз қазір ертеңнің қойшыларына да, ақындарына да, бесінші сыныптан бастап Паскаль, Архимед заңдарын оқытып жүрміз. Сондай-ақ ертеңгі күннің физиктері мен математиктеріне, химиктері мен биологтарына «Қамар сұлу», «Ботагөз», «Күй» секілділерді білу міндетті деп заңдастырып қойдық. Ұлттық бірыңғай тестілеу секілді сыннан дұрыс баға алып, университеттерге грантпен түсу үшін мек­теп бітіруші барлық пәнді компьютер про­цес­сорындай миында сақтауы керек. Сөйт­кен жан ертең әлемдік маңызы бар ғылыми жаңалық аша ала ма? Өйткені мидың өзі «сыйымдылық» шегі бар ыдыс іспетті емес пе?! Мұны неге ескермейміз? Ол ол ма, университеттерде «саясаттану», «мәдениет­тану» дейтін қосымша пәндер бар. Бұларды «оқып, біл» деу қаншалықты қажетті іс? Қазіргі медицинада 13 мыңдай дерт түрі бар екен. Медуниверситетте оқитындар ең ал­дымен адам ағзаларының атауларын латын тілінде жаттайды да, сонан соң дерт атау­лары мен оларды емдеу жолдарын үйренеді. Яғни оқу көптен де көп. Сон­дықтан да жоға­ры білімді дәрігер болу үшін жеті жыл оқу керек екен. Осылайша, жастық шағы­ның денін оқумен өткізетін жастарымыздың саясаттану, мәдениеттану секілді пәндерді тағы жаттауы білім саласындағы реформа­ның дұрыстығы деп кім айтар?! Қысқасы, бастауыш білімнен кейінгі буынды толығымен университеттердегі міндетті оқу кестесіне дейін толық қайта қаралуы керек. Олай болмайынша, біз елге «дүние де өзі, мал да өзі» болатын білім-ғылым беріп жатырмыз деп айтуға болмас. 


Батыстық білім беру жүйесін сол күйін­де көшіріп алу мүлде дұрыс емес. Ерте ме, кеш пе, Батыстың өзі қазіргі қолданыстағы білім беру жүйесі пайдалы емес екенін тү­сінер деп ойлаймыз. Сондықтан «қате­лікті» білімсіз көшіруден бойды аулақ салып, білім берудің қазақстандық мүлде жаңа жүйесін жасау қажет. Ол жүйе бойынша мектепке бару жасы және мектеп бітіру жасы шектелмеуі тиіс. Біздіңше бала оқуды жеті жасында бастаса да кеш қалмайды. Сонан соң бастауыш бағдарламасы бұрын­ғысынша қарапайым оқу, жазу, дүниетану секілділерден сауат ашу деңгейінде болса, сол да жеткілікті. Ал енді орталау мектеп­терде, негізінен, кәсіби білім алуға көңіл бөлуі керек. Балалар күнделікті өмір үшін қажетті нан пісіру, ас әзірлеу, көкөніс, бақ­ша дақылдарын өсіру, киім пішіп, тігу, шаш басу, сондай-ақ дәнекерлеуші, жүргізуші, тракторшы, комбайншы, электр желілерін жөндеуші секілді мамандықтар игерсе, бух­гал­терияның С1 формасы қалай жасалаты­нын меңгерсе, дұрысы сол. Бұл уақыт ішін­де жаратылыстану мен әдебиет пәндерінің негіздерін игерсе де жеткілікті. Міне, дәл осы кезде балалардың қарым-қабілеті, кімнің неге бейімділігі айқындала бастайды. Мен білетін атақты ақын-жазушылар осы орталау мектеп шамасында алғашқы тырнақалды шығармаларын жазған. Мұндайларға Планк тұрақтысын міндеттеп оқыту қажет емес. Өздері қалап жатса, мейлі, оқысын. Ал болашақтың мате­матиктері мен химиктері, физиктері мен инженерлері, дәрігерлері мен агро­номдары орталау мектеп бағдарламасы бойынша нақты пәндерге құштарлардан шығады. Ендеше, бұларға нақты пәндерді басым оқытып, әдебиетті оқуды міндет­теуден қашу керек. Әнші, спортшылар да орталау мектеп деңгейінде көзге түседі. Бұлардан да «әмбебап» шығарудан қашқа­ны­мыз дұрыс. Қысқасы, жұмырбасты пенденің бірде-бірі әмбебап бола алмайды. Қанша данышпан десек те Абай да, Эйнш­тейн де дүниенің бәрін білді деу – адасу­шылық. Сондықтан «әмбебаптық», «тең­гермешілік», баршаға бірдей міндеттілік дегендерден бойды қаншалықты аулақ салсақ, соншалықты «дүние де өзі, мал да өзі» боларлық Абай айтқан ғылымға жақын­дай түсеміз. Ал әзірге Абайлы болсақ та, Абай­сыздай екеніміз көзге ұрып тұр. Мал шашып алған диплом нан табуға көмектес­пейді. Өкінішті. 


Сонымен, білім беру жүйесіне түбегейлі реформа қажет дедік. Оның қазіргі жағдайы бүгінгі қоғамның сұранысын қанағат­тан­дырмайтындықтан да солай істеу керек. Ал білімнің қоғам сұранысын қанағат­тан­дырмай тұрған себебі жалғыз, ол – әу бастан-ақ білім беру жүйесі қалың бұқараға лайықталмағандығында. Біздегі білім беру жүйесі – неміс классикалық жүйесінің сұл­басы. Ол Ресейге бірінші Петр император болған кезде келген. Классикалық неміс жүйесінде де, оның Ресей империясындағы нұсқасында да білім беру бағдарламасы, яғни онда оқытылатын пәндер, пәндердің мазмұны қалың бұқараны емес, элитаны қалыптастыруға, яғни элитадан жан-жақты білімді тұлға жасауға бағытталған. Әрі-беріден соң ол кезде гимназиялар мен лиц­ей­лерде ежелгі латын тілі және элиталық топтағы этикет пән ретінде оқытылатын болған. Ресей империясы жойылып, оның орнына әлеуметшіл большевиктік партия билікке келген соң-ақ білім бұқаралық игілікке айналып кетті. Оқыту жоспарынан этикет алынып тасталып, латын тілінің орнын шет тілі басты. Бар реформа осымен бітті. Сөйтіп, қалың бұқараның қара сирақ балалары «Планк тұрақтысын» да, Пушкин мен Толстой шығармаларын да оқитын болды. Ал одақтас республикаларда бұларға ұлт әдебиеті «классиктерінің» шығармалары және қосылды. Міне, осындай білім беру бағдарламасы бойынша «Кеңес халқы 100 пайыз сауатты болып шықты», оның ішін­де, әрине, біздің қазақтар да бар. Ескеретін бір тұс, кеңес қоғамында ешкім «жерде» қалмайтын. Бәрі жұмыспен қамтылатын. Яғни мектеп бітірушілердің басым бөлігі шопан немесе тракторшы жұмыстарына орналасып, орта білімнің ешқандай пайдасын көрмесе де «дүние де өзі, мал да өзі» болатын білім алмаса да күнкөрісін табатын. Сол білім беру жүйесі бүгінгі Қазақстанның капиталистік қоғамында да сақталып қалған. Ал капиталистік қоғам жеке тұлғадан белгілі бір істің, кәсіптің маманы болуды қажет етеді. Мемлекет немесе байлар мен байшыкештер орта мектептің аттестаты түгілі, қалтаңда уни­вер­ситеттің дипломы болса да шебер маман болмасаң жұмысқа алмайды. Демек, эли­талық топқа арналған білім беру жүйесі бұқараның «мал табары» болуға дәрменсіз екенін және ол бұған мүлде лайықталма­ғанын түсінетін кез жетті. Бұл – орта білім беру жүйесін реформалауға қатысты айтыл­ған сөз. Сондай-ақ жоғары білім беру жүйесін де түбегейлі реформалаған жөн. Олай дейтін себебіміз, басқа емес, бақандай Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық политехни­калық университетінің машина жасау фа­культетін қызыл дипломға бітірген талантты түлектің өзі «жұмыссыз» қалғанын білеміз. Өйткені елімізде машина жасау саласы жоқ. Яғни қажет емес мамандықтарға та­лантты жастарымызды оқытып, ол үшін мемлекет бюджетінен толып жатқан ақша шығындап, ал өндіріс қажет ететін маман­дықтар бойынша жұмыс істейтіндерді шетелдерден жоғары жалақыға алдырып жүрміз. Жалпы алғанда, Білім және ғылым министрлігіне қанша басшы келсе, сон­шама реформа жасалған шығар. Бірақ нәтиже жоқ. Демек, әуелі ел экономикасы мен әлеуметтік салаларына, инфрақұры­лымдарына қандай мамандықтар керек екенін зерттеп біліп алып, бүкіл оқу жүйесін сол сұранысқа орай мамандар даярлайтын қасиетті орынға айналдыру керек. Бұлай істемейінше, яғни «кәдеге аспай қалатын» 234,5 мың түлекті оқыту үшін ондаған мың пән мұғалімдерін ұстап, оларға жалақы ретінде миллиардтаған теңге шығындау әр ауылда «түлегінің басым бөлігі ұшқаннан кейін өмір сүруге жарамсыз» болып қала­тын алып мектептерді көбейткеннен не ұлтқа, не сол ұлттың әлгі мектептерде 10-12 жыл оқып, аттестат алса да, дербес өмір сү­ру­ге қабілетсіз болатын жеке тұлға жас­тарына да еш пайда жоқ.

Ғылымда 

Ұлт ұстазы Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген. Бұл қате емес. Ұлттың екінші ұстазы Ыбырай Алтынсарин:
– Өнер-білім бар жұрттар,
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызған, – деді. Мұнда да қателік жоқ. Бұл – өмірдің басты ақиқа­ты.
Екінші ақиқат былайша өрнектеледі: Қазақстанда, қазақта әлеммен иық тірес­тіретін ғылыми мектептер бар. Айталық, Қаныш Сәтбаев өзіне дейін адамзат пай­даланып келген кен барлаудың ағылшындық жүйесін ысырып тастап, бүгінгі кен барлау жүйесін енгізді. Ал Мұрат Айтқожин болса, бұдан 40 жылға жуық уақыт бұрын ағзада болатын «информосомды» тапты. Сол үшін Лениндік сыйлық алды. Назар аударыңыз, биылғы, яғни 2013 жылғы Нобель сыйлығы микробиология және физиология саласы бойынша «клеткалар аралық тасымал­дағыштарды» тапқан ғалымдарға берілді. Байқадыңыз ба, бұдан әлдеқайда бұрын қазақ ғалымы тапқан жаңалық 2013 жылғы Нобель сыйлығына ие болған жаңалықтан салмағы жағынан басым болмаса, кем соғып тұрған жоқ. «Информосом» дегеніміз, кәдімгі тірі ағзадағы байланыс жүйесінің басты тетігі. Математикада Өмірзақ Сұл­тан­ғазин ашқан жаңалық кеңестік атом реакторларын жетілдіріп, тиімдірек етуге жол ашты. Химия ғылымында Бақытжан Жұбанов пен Еділ Ерғожин секілді аса талантты тұлғалар ашқан жаңалықтар кеңестік ғылымды өз кезінде бүкіл Батыс ғылымынан оқ бойы оза шапқызды. Ба­қыт­жан Жұбанов «жасап шығарған» 70 градус аязда қатпайтын майды кезінде Кеңес Одағынан АҚШ пен Жапонияның өзі сатып алған. Ал Еділ Ерғожиннің элек­тр­лімембрандық диализ теориясы бүкіл­әлемдік сенсациялы жаңалық болды. Міне, осындай әлемдік деңгейдегі дара тұлғалар қалыптастырған ғылыми мектеп әлі бар. Бірақ олардың жас ізбасарлары мүлде азайып кетті. Себеп не? Сұрақтың жауа­бы дайын, ол ғылыми қызметкерлер жалақы­сының төмендігі. Бірінші кезекке күнкөріс шығатын мына заманда жағдай Мұхаммед пайғамбарымыздың хадистерін­дегідей «ғылымның орны жұмақ, ғалымның орны тозақ» болып қалды. Кеңестер Одағы тұсында стратегиялық ғылымдар саласы ғылымның басқа саласынан да бөле-жара «қоректендірілетін». Айталық, атом бомба­сын жасау кезінде оған қатысқан Курчатов «командасындағылар» мен баллистикалық зымырандар жасаушы Королев «команда­сындағыларға» күнкөріс қамын ойламай­тындай жағдай туғызылды. Сол секілді өз жаңалықтарын ашқанға дейінгі кезде Қаныш Сәтбаев, Мұрат Айтқожин, Өмірзақ Сұлтанғазин, Бақытжан Жұбанов, Еділ Ерғожин секілді таланттар да күнкөріс тау­қыметіне бас қатырған жоқ. Қазір ғылым қанша жерден «қолдауға ие» десек те мұн­дай қамқорлық жоқ екені даусыз шындық. Сала үшін жаңалықтың «коммерциялық қайтарымы» дейтін бір талап «шешілмейтін түйінге» айналып кетті. Осы талапты өмірге әкеліп жүрген министрлер мен департамент басшылары, топ-менеджерлер, бір сөзбен айтқанда, ғылымның бәрін «сауын сиы­рын­дай» көретін «киндер сюрприздер» Мұрат Айтқожин ашқан «информосом» жаңалығын қалай «коммерцияли­зация­лауға» болатынын өздері де түсінбейтін шы­ғар. Демек, ғылымның қолданбалы саласының өзін «сауын сиырындай» көру мүлде адасушылық. Егер осы адасушы­лықтан бүгін арылып, дұрыс жолға түсе алмасақ, онда ертеңгі қазақ ғылымы туралы ойлаудың өзі азапты. Сондықтан да ғылым­ға көзқарасты тұтасынан және түбірінен реформалау қажет. Ең алдымен стратегия­лық нақты ғылымды гуммани­тарлық ғы­лым­нан бөлу керек. Стратегиялық ғылым саласында еңбек ететіндердің орташа жалақысы мемлекеттік қызметтің «А» то­бын­дағыларымен теңестірілгені дұрыс. Бұл саладағы ғалымдарға «қызметтік» баспана берілгені жөн. Олар алаңсыз жұмыс істесін. Сонан соң ғылыми инсти­туттарды осы заманғы озық құрылғылармен жабдықтау, жарақтандыру басты қажеттілік. Ал өз кезегінде ғылыми-зерттеу институттары «кездейсоқтардан» толық арылуы тиіс. Сонда ғана қазақ ғылымы ұлтты, мемлекетті алға оздыратын қуатты күшке айналады. Ғылымды «менеджер» басқаруы тоқтатылуы керек. Өйткені қазаққа бәрі керек десек те ең басты керегі ғылым. Сол үшін де Абай «ғылым таппай мақтанба» деген. Бәлкім, ғылыми-зерттеу институттары өзіне қажетті таланттарды университет қабырға­ларынан өздері іздеп табуына жол ашу қажет шығар? Әйтеуір не істесек те, ертеден қа­лып­тасқан химия, микробиология, физика және қолданбалы математика ғылыми мектептерін дамыту үшін ештеңені аямау керек. Шүкір, елімізде бұлай істей алатын қаражат бар. Бірақ сол қаражат мүлде басқа арналарға, келешекке қызмет етпейтін салаларға жұмсалуда. Мұны көріп отырмыз. Бірақ «бұл қалай?» деушілер жоқ. Бәрі «жұмыстан айырыламын ба?» деп қорқады. Айталық, әлемнің барлық мемлекеттерінде, оның ішінде біздің Қазақстанда да «стра­тегиялық зерттеулер институты» дейтін дар­дай атаққа ие бір құрылым бар. Басқа жақтың «стратегиялық зерттеулер инсти­туттары» не істеп жатқанын біліп, сезініп жүрміз. Ал біздегілер не істеуде, ол жағы белгісіз. Себеп бұл құрылымда «стратегия­лық зерттеулер» деген сөздің өзінің мән-мағынасын түсіне бермейтін біреулердің жүргендігі. Бәлкім, бізге дәл бүгін мұндай институт қажет те емес шығар?!
Қорыта айтқанда, ғылымға дәл бүгінгі көзқараспен ең маңызды саланы дамытудың орнына тұқыртып жатқандаймыз. Ғарыш зерттеу саласында жемқор жүр деген не сұмдық?! Мұндай сұмдықтардан таза және ғылымымыз «жемісті» болсын десек, қол­данбалы, нақты, сөздің тура мағынасында стратегиялық мәнге ие ғылым салалары, ғылыми институттар Үкіметтің тікелей «қам­қорлығына» көшпей болмайды. Ғылымның бұл саласын министрлікке, «киндер сюрприздерге» басқартып қою болашағымызға жасалған қиянат.

Дінде
Қазақстанда «қайта тіркеуден» кейін де 500-ге жуық діни бірлестіктер жұмыс істеп жатыр дегенді естиміз. Қайран қаласың. Себебі Ұлт Көшбасшысының бастамасы­мен Астанада өткізу дәстүрге айналған әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрыл­тайына жиналатындар санының өзі бұдан әлдеқайда аз. Демек, бізде санды көбейтіп тұрған дін емес, секталар. Бұл – бір. Екін­шіден, қазақтың 910-жылдан бері ұстанып келе жатқан ислам дінінің өзі коммунистік Кеңес өкіметі тұсында да жалғыз бағытты болған. Қазір мұның өзі бірнеше тармаққа бөлініп кеткендей. Ең қорқыныштысы – осы. Өйткені ежелден ислам дінін ұстанып келе жатқан аймақтар­да Мұхаммед пайғам­бар (с.ғ.с.) үмбеттерінің өздері бір-біріне оқ атып, бірін-бірі өлтіру­де. Ол ол ма, бір ұстанымдағы күштілер әлсіздерінің дене­сіне бомба байлап, жары­лып өлуге жұмсап жатыр. «Шейт белдігі» дейтін адам естіп, көрмеген бір сұмдық ХХІ ғасырдың құбы­жы­ғына айналып кетті. Мұның шет жаға­сын елімізде де көрдік. Әрісі исламды мем­лекеттік дін ретінде заңдастырған Сел­жұқ Бұғара Қарахан, берісі Абай заманынан бері қаймағы бұзылмаған баршаға ортақ дінімізге сөйтіп сызат түсті. Бұл, сөз жоқ, шетелдерде дүние­танымы қалыптасып үлгермеген жастарымыздың діни сауат ашып қайтуы­ның «кермек жемісі». Қыс­қасы, діннің өзінде Абайы бар ел Абайсыз елдей қауқар­сыз қалған. Ал діни басқарма мен исламды уағыздаушы имамдарымыз мұндай кеселге қарсы тұратындай күш бола алмай қалған­дай. Демек, дінге, дінді түсіндіруге, дінді насихаттауға да Абай мұра­ларын пайдалану қажет. Біз бұл жөнінде бұған дейін де жазғанбыз. Ал бұл жолы мәселеге мүлде басқа қырынан қарауды ұйғардық. 


Ұлт ұстазы Абай «қанағат» ұғымын адамзатқа қажетті бес асыл қасиеттің бірі санапты. Сондықтан да біз осы сөзді бол­мыс пен діни қағидалар арқылы түсіндіруді жөн деп ойлаймыз.
Әлқисса Ибраһим пайғамбардан бастау алатын бір Құдайлық (муслимун) діндерінің өзегінде иудаизмде де, христиандықта да, исламда да ежелгі «он өсиет» (десять запо­вед) жатқаны баршаға белгілі. Иудашылар балаларына ең әуелі осы «ежелгі он өсиетті» жаттатады екен. Соны жаттап өскен қызы тұрмысқа шығарда анасы Сара «не ұқтың?» депті. Сонда қызы жаттағанын үтір, нүктесіне дейін айтып шығыпты. Бұған қанағаттанбаған еврей әйелі тағы да әлгі сұрағын қайталайды. Қызы аң-таң. Сонан соң анасы қызына былай деп түсіндіріпті: «Он өсиеттің тоғызы «төзімді бол» дегенді білдіреді, ал оныншысы «аузыңды жап» дегендік. Енді ұқтың ба?». Бұдан шығатын қорытынды Ибраһим пайғамбардан бастау алатын діндердің үш тармағында да адамзатқа Жаратушы жалғыздың атынан айтылатын уағыз жалғыз, ол – неге де болса төзімді болу, нендей жағдайда да қанағат­шыл болу, таластан, бәстен бас тарту. 


Діндердің барлығында ораза ұсталады. Тіпті будда дінінде де ораза бар. Қысқасы, адамзатқа Жаратушының сөзін жеткізу­шілер «қанағат» жөнінде аз айтпаған. Тәу­ратта да, Інжілде де «біреу сені оң жа­ғың­нан тартып жіберсе, онымен қарсыласпай сол жағыңды тос» делінген тұжырым бар. Исламда бұл Пайғамбар хадистері арқылы жеткізіледі. Намазға ұйып отырған бір адамның сыртынан келіп, біреу қойып қалады. Әлгі таяқ жеген кісі атып тұрып, өзіне зәбір көрсеткеннің жағасына жармасады. Әлгі «бұзақы» намазға ұйыған екінші адамның ту сыртынан тағы соғады. Ол мойнын бұрып, өзін зәбірлегенді танып алайын дегендей қарекет жасайды да бар ісі осымен шектеліп, намазын жалғас­тыра­ды. Енді әлгі «намаз бұзғыш» үшінші адамның ту сыртынан келіп тағы баяғы әрекетін қайталайды. Бұл жолы намазға ұйыған діндар қалпын бұзбай, намазын жалғастыра береді. Өзін зәбірлеушіге мойнын да бұрмайды. Міне, осы соңғы адам Жаратушыны толық танып-білген, мойындаған нағыз діндар делінеді екен. Бұл да – исламның бір жарқын көрінісі. Қанағат ұғымына қатысты осындай тамаша мысалдар жеткілікті. 


Біз қазір баршаның ораза тұтқанын қуаныш санап жүрміз. Ал мұның өзі тек «қанағат» ұғымының бастауы ғана екенін түсіндірген бір имамның сөзін не теледи­дардан естімеппін, не мерзімдік басылым­дардан оқымаппын. Өкінішті-ақ. Менің түсінігімде жалпы дін, оның ішінде әлемдік діндердің муслимун саласы, оның ішінде біздің ислам – нағыз қанағат діні. Айталық, муслимун саласындағы діндердің үш тармағы ішінде исламда ғана ораза мезгілі ұзақ. Ораза дегеніміз – «қанағат» ұстанымы­ның болмыста жүзеге асырылатын бір формасы. Иә, ораза қанағаттың формасы ғана. Ал қанағат ұғымына көп жайттар сыйып кетеді. Айталық, басқалар мүлде мойындамайтын, ал біздің түркілердің ардақтысы Қожа Ахмет Йассауи негізін қала­ған софылық ұстанымы сол қанағат­шылдықтың бір көрінісі. Қанағатшыл­дықтың шыңына әркім әрқалай шығады. Айталық, Джалелиддин Руми ислам дінінің көрнекті өкілі десек, ол өзіне қастандық жасайтынын жариялап келген яхуди мен христиандарды да құшақ жайып қарсы алып, төріне отырғызған. Міне, өміріміз бен дінімізде қанағатшылдықтың осындай жарқын көріністері тұрғанда тойымсыз­дық, қанқұмарлық қайдан келді?! Абайдың «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегені қайда қалды? Демек, біз ислам дінін ұрпақ пен ұлтқа дұрыс түсіндіреміз десек, жас­тарды Мысырға немесе Меккеге жіберіп, «оқытып» алуға емес, ақша мен мүмкіндікті Абайды жастарға толық түсіндіруге жұмсау керек секілді. Абай – діннің формасына емес, мазмұнына, мәніне мән берген оқы­мысты. Дүмшелікті қатты сынаған. Сөйте жүріп, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген. «Алла­ның бір сипаты ғылым» деген де Абай. Ендеше, дінді насихаттаушылар ең алдымен оны ғылымға қарсы қоюдан бой­ды аулақ салған жөн. Жаратушыны, абсолютті ақиқатты түсіну үшін, танып-білу үшін діни ұстаным мен ғылым жолын­дағы ізденіс домбыраның қос шегіндей бірдей күшке ие қажеттіліктер. Ал бізде не діннен, не ғылымнан хабары жоқ жастар теледидарға шығып, «Дарвин дінсіз қате­лес­кен» деп бөседі. Ескерте кетейін, Дар­вин – христиан шіркеуінде шоқын­дырылған және шіркеуден бас тартпаған ғалым. Демек, ол діндар. Екіншіден, Дар­виннің еңбектерінің еш жерінде «Жаратушы жоқ» деген сөз кездеспейді. Жалпы, ислам дінін­де кешірілмейтін бес күнә бар. Соның бірі Жаратушыға серік қосу, яғни Жара­тушының қызметіне араласу. Жанды беру, алу, сондай-ақ құлын иманды, иман­сыз деу – тек Жа­рату­шының құзырындағы іс. Мұны бүгінгі исламшыл жастардың басым бөлігі не біл­мейді, не түсінбейді. Сондықтан да опық жегізетін әрекеттерге барып жүр. Ал біз оларға мектеп қабырғасында-ақ «Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген, яғни жер бетіндегі адамзат баласы­ның бәрі Адам ата ұрпағы бәріміз бауырмыз, сөйте тұрып бір-бірімізге қиянат жасауға болмайды» деп үйретсек, ең ықпалды сөз сол болар еді. 


Өз басым, Абай айтқан және оған дейін-ақ жер бетіндегі дәстүрлі діндерді уағыздаушылар баршаның санасына сіңі­руге ұмтылған «қанағат» ұғымын қазаққа толық түсіндірсек те хақ дініміз – жолында біраз іс тындырғандай болар едік деп ой­лай­мын. «Қанағат» дегеніміз – ғылыми тіл­мен сөйлесек, «тежелу заңы». Қандай шие­леністі жағдайлар болса да өзін-өзі тежей алған адам – қанағатты дұрыс түсінген адам. Ал «ораза ұстап» сонан соң өзін байқаусызда «қағып» құлатқан адамды тепкінің астына алу немесе балағаттау «қанағатты» дұрыс түсінбегендік. Демек, ораза бар болғаны үлкен ұғымды қамтитын қанағат қасиетін адамзат бойына сіңірудің әліппесі ғана.


Исламдағы кешірілмес бес күнәнің біріне ата-ананы ренжіту жатады. Намаз оқып, ораза ұстамас бұрын жастар «мен осы ата-анамды ренжітіп алған жоқпын ба?» деп өзіне өзі сұрақ қойып, оған қана­ғаттанарлық жауап ала алса, дұрысы сол. Ал бізде қыздарымыз хиджап киіп, ұлда­рымыз қаба сақал өсірсе, нағыз «Алла жолына түстік» деп ойлайтын топтар қалыптасқандай. Бұл екеуі де исламның мағынасы емес, аймақтарда қалыптасқан формасы. Ал хиджапқа келетін болсақ, ол арабтың да емес, парсының ұлттық киімі. Осылай «адасып» жүріп «Алланың ақ жолына түстік» дейтіндер шошытады. Арабтарда «баратын жерін нақты білмеген адам жолдың барлығымен жүреді» деген мақал бар. Қазіргі Қазақстанда исламды «жамылған» жат пиғылдылар салып кеткен сан жолмен толып жатқан жастарымыз кетіп бара жатқандай. Оның дұрыс емес екенін оларға кім түсіндіреді? Жоғарыда жанды беру, алу Жаратушының құзырын­дағы іс екенін айттық. Ендеше, «бомба бо­лып жарылып жатқан» немесе басқаларды атып, өлтіріп жатқан пенделерге бұл істері исламға жат әрекет екенін кім түсіндіреді? Өкініштілігі сол, бізде оны түсіндірумен ешкім айналыспайды. Ал «ана жақта» «ис­лам жолында беліңе бомба байлап жарыл­саң жаның жәннатта болады» дегенді түсіндіріп жатқандар «нәтижелі» істерге қол жеткізуде. Оларды риза еткен «нәти­желер» исламға қара дақ болып жабысты, ал исламды ұстанушыларды өкінішке ұрындырды. Жағдай осылай болып тұрғанда, мен бүгінгі Қазақстан жеріндегі ислам дінін ұстанушылардың жікке бөлі­нуін Абайлы елдің Абайсыздығы деп ой­лай­мын. Байқадыңыз ба, Абайсыздық өкіндіреді, керек болса жылатады екен. Ендеше, ұрпаққа Абайдың дінге қатысты айтқандарын ежіктеп оқыту, жаттату, ұғындыру басты парыз.

Тұрмыста
Абай «бекер мал шашпақ» әрекеттерді адамның ең жағымсыз қасиеттерінің бірі ретінде сипаттады. Ал кешегі қазақ кеңестік классикалық поэзиясының «көрнекті» бір өкілі «Қазақ осы» деген өлеңінде ұлтымыз­дың жақсы қасиеті ретінде бар жиған-тергенді бір той жасау үшін «пида» ететіні айтылған. Келесі бір «дарабоз ақын» «бір тойым бар» деген өлеңінде «қазанымда бір асым ет қалмауын» тілеймін дегенді өрнек­теп жеткізгені соншалық сөз өнерін қуған топ сол кездері сол өлеңдерді жатқа айтатын болды. Сонда қалай, кейінгі классиктер Абайдың қателігін шығарып тұр ма? Солай секілді. Бірақ мен басқаша ойлаймын. Кейінгі классиктер ұлтымыздың алаңғасар аңқылдаған, артын ойлап жатпайтын жа­ғым­сыз қылығын мақтап, қателесіп тұр. Олардың сол қателіктері кейіннен жалпы бұқараның үлкен қателіктерінің өршуіне отқа құйған майдай әсер етті. Ойлаңызшы, қазіргі Қазақстанда 5 миллион Құнан­байдың қазынасындай ақша, мал жинаған бай бар ма? Жоқ! Солай бола тұрса да Қазақстанда 5 миллион жекеменшік авто­көлік бар екен. Автокөліктердің ең әлсізі 50 аттың күші бар мықтылар. Ал Құнанбай­дың Орынборға барғанда жеккені бар болғаны көсем ат, яғни екі ат. Құнанбай сонша малымен екі ат қана мінген. Ал бүгінгі «сіңірі шыққан» кедейлер 50 ат мі­ніп жүр. Пайдасын көру үшін емес, басқа­лардан артта қалмау үшін. Дарақылық деген – осы. Абай «бекер мал шашпақты» жаман қасиет ретінде атағанда ұлтты осы дарақылықтан қорғағысы келген ғой. Шіркін-ай, әлі келмепті. 


Қазір әр ауылдың демесек те әр аудан­ның «төрінде» ат үстіндегі дулығалы, қалқанды, қылышын беліне қыстырып, найзасын сүйреткен бір тас мүсін тұрғанын көресіз. Мүсіннің астына батыр мен кемеңгерлердің есімдері жазылған. Бұл да – дарақылық бәсекесі. Анау атасына мүсін орнатқанда мен одан кеммін бе дейтіндей. Ең жаманы сол әлгі ат үстіндегілердің бет пішіні батыр аталарының кескіні ме, жоқ па, ол жағын ол ескерткішті салдырған­дардың өздері де білмейді. Бұл аруаққа пайдалы іс пе? Біле білген адамға ел үшін небір ғажайып ерлік жасаған дарабоздарға бұлайша құрмет көрсету нағыз санасыз­дықтың белгісі. Өйткені олардың суреттері мұрағаттарда жоқ. Мұрағаттарда суреттері барларға ескерткіш орнатудың өзі қазақтың демесек те исламның құптайтын ісі емес. Сонда мұнымыз да «бекер мал шашпақ» болып тұр емес пе? 


Теледидарды қосып қалсаң еститінің тарсыл-дүрсіл, қиқыл-шиқыл бірдеңе. Баяғы Абай елжіреген «әсем ән мен тәтті күй» қазақтың бүгінгі тірлігі мен шаң бас­қан архивтердің арасындағы қылкөпірде тұрған секілді. Бір нотамен ғана адамның ойлау жүйесін бұзуға болатынын бағыда-ақ АҚШ ғалымдары анықтап, оны кеңестік «шпиондар» «тілін шығару» үшін қолданған екен. Бұл тәсілді қазір бүкіл әлем біледі. Қазақ жастарының бұл күндері психолог көмегіне жиі жүгінетіні содан емес пе екен. Елімізді, ұлтымызды дамытып, қатарға қосамыз деп жүріп, зомбиге айналдырып алмаймыз ба? Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл жайлы ойлай ма екен?


Білім-ғылымды жақтағандардың, ұр­паққа өсиет еткендердің бірі және бірегейі Абай. Бірақ ол «баламды медресеге біл деп бердім, патшаға жақсын, шен алсын деп бермедім» деген еді. Қазіргі қазақтар мем­лекеттік грантқа шамасы жетпеген «әлжуаз­дарын» университеттердің ақылы бөлім­деріне түсіріп, дипломды азамат етіп шығу­ды бәсекеге айналдырғандай. Білімді, ғылымды игеру бәсекесі емес, диплом алу бәсекесі. Сонда қалай, балаларын осындай «жолға салған» ата-аналар Абайды оқыма­ғаны ма? Жоқ, олай дей алмайсыз. Өйткені олардың бәрі де орта мектепті бітіргендер. Ал онда Абай мұралары міндетті түрде оқытылады. Демек, оқыса да Абай ойы миына қонбаған, санасына сіңбеген шіркіндер Абайлы елді Абайсыз жұрттай көрсетіп тұр. Бұдан ешкімнің ештеңесі кетпейді. Ертең күндердің күнінде олардың өздері опық жейді. «Шопырлық праваны» сатып алып, не өздері өліп, не біреуді басып өлтіріп жүргендер аз ба? Міне, Абайсыздық орын алғанда баратын жеріміз – осы.
 
Тілде
Егемендік алғаннан бері қазақ тілінің жанашырлары тым көбейіп кетті. Бірақ солардың іс-әрекеттері тілге пайдалы әсер етіп тұр ма, жоқ па, оған жауап беру қиын. Бері салғанда өз басым осы күнге дейінгі тіл жанашырларының «қызметтерінен» тіліміз пайда тауып тұр дей алмаймын. Олай дейтін себебім, қазақ тілін «күшей­тумен» қазақ тілін білмейтіндер көбірек айналысып кеткен секілді. Айталық, егемендікке дейін тілімізде «терминдер» тобында жүрген көп сөз енді қазақшалана бастады. Қазақшалап жүрген «терминком» деп аталатын құзырлы мекемедегілер. Ал сол шіркіндердің қаншасы Е.Шипованың «Словарь тюркизмов в русском языке» деген аса құнды еңбегін оқып шықты екен. Ал бұл құнды еңбекті жазу барысында оның авторы өзіне дейінгі 155 автордың осы тақырыпқа қатысты еңбектерін оқып шыққан екен. Мұны айтып отырған себе­бім кез келген ұлттың тілі басқа ұлттардың тілімен байытылып келгендігі. Айталық, орыс тілінде 2000-нан астам түркі текті сөз бар. Сондай-ақ қазақ тіліне де толып жатқан сөздер басқа ұлттардан түрлі се­бептермен енген. Мәселен, «әліппе», «кі­тап», «мәдениет», «әдебиет» деген сөздері­міз қазақ түгілі жалпы түркінің төл сөзі емес, арабтардан кірген «кірме» сөздер. «Наурыз» парсының сөзі. Ал біздің Мыр­қымбайларымыз аударып жүрген және өрескел бұзып аударып жүрген «медицина» сөзінің төркіні түркі, оның ішінде қазақ тілі. Медицина «Синаның медеті» деген ұғымды білдіреді. Сина дегеніміз – өзіміздің Әбу Әли ибн Сина бабамыз. Осы сөзден туындаған «медсестра» сөзін біздің Мырқымбайлар «мейірбике» деп қазақ­шалапты. Сорақы деген – осы. «Мейір» түбір сөзі мен «медет» түбір сөзінің ұғымы, тұқымы мүлде қабыспайды. 


Қазақтың қазіргі тілі уақыт озған сайын жұтап, азып, тозып бара жатқандай көрі­неді. Кешегі компартия билеген кеңес заманында да қазақ тілі мұндай жұтамап еді. Керісінше тіліміз кірме сөздермен байыған. Кірме сөздерден шошынатын ештеңе жоқ. Олар ұлттық тілді байытушы қызмет атқарады. Мұны естен шығарып, ананы да, мынаны да қазақшалайтын болдық. Айталық, орыс тіліндегі «таможня» сөзі түркінің, оның ішінде біздің қазақтың төл сөзінің туынды формасы. Ол кезде, яғни «таможня» сөзі өмірге келген кезде шетелдерден өткен тауарлар таңбаланатын болған. Шекарада оны таңбалау орыс тіліне «таможня» деген тамаша сөз берді. Ендеше «кеден» деп бұл қызметтің байырғы атауы­нан неге қаштық? «Қағынан жеріген құлан» болғанымыз ба? Жоқ, халық олай емес. Білімділер олай емес. Тек білімсіздер ғана өз сөзінен өзі жеріп жүр. Ол ол ма мына оңтүстік аймақта ұлтымыздың ең ардақты «әже» деген сөзі «мұражайға» тапсырыл­ғандай. Шіркіндер әжені «апа» сөзімен алмастырып алыпты. Бұл бұқаралық ақ­парат құралдарында жиі қолданылатын сөзге айналып кетті. Мұны «ақылдың азабы» дейміз бе, әлде «ақылсыздың азабы» дейміз бе, білмеймін. Қысқасы, қазақ сөзі әркім бір жұлып қашып жұтатқан бір дүние дейтіндей жағдайға жетті. Сондықтан да өз басым терминдерді «қазақшалауға» мүлде қарсымын. «Доллар» сөзін қолданудан қашпаймыз, ендеше, вирус, микроб, клетка (биологиялық мәндегі) сөздерін қазақша­лаудың қажеті қанша? «Туберкулез» деген сырқат диагнозы «құрт ауру» делінетін болыпты. Мұндай анайы атауды кім ойлап тапқанын ешкім атай алмайды. Ал ежелгі қазақ оны «жіңішке ауру» деген еді. «Құрт ауру» деген сөз анайылығын былай қой­ғанда, диагнозды нақты білдіре алмайды. Өйткені «құрт» сөзінің мағынасын еске алсақ, барлық жұқпалы аурулар осы топқа жатады емес пе? «Диагноз» деген сөзді аударғаннан не ұтамыз? Бүйте берсек химия, физика, математика, астрономия, география сөздерін де қазақшалап масқара болатын шығармыз. Онда Менделеев кестесіндегі барлық химиялық элементтерді аударуға тура келеді ғой. Ал синус, косинус дегендерді қалай аударамыз?
Ақиқатқа тура қарайық, қазақтың, түркінің төл сөзі бүгінгі әлемдік қолданыста бар сөздердің, ұғымдардың бәрін бірдей тәржімалауға жетпейді. Өйткені өмір, қоғам, ғылым, қоғамдық қатынас шексіз дамиды. Соған байланысты туынды сөздер өмірге келеді. Олардың саны қазақ тіліндегі сөз саннан да көп. Ендеше, білімсіздікпен ананы да, мынаны да тәржімалаймыз деп арамтер болғанша тілімізге термин ретінде кірме сөздерді қабылдасақ, қазақты сонда шын байытамыз. Оқырманның Абайды оқығандары білуге тиіс, қазақ тілінің хас шебері Абайдың өлеңдері мен ғақлия­ларында кірме сөздер жеткілікті. Арабтың да, парсының да, татардың да сөзі жүр. Абай «единица», «самородный» сөздерін қазақшалай алатындай қабілеті бар тұлға. Бірақ ол бұл сөздерді сол қалпында қол­данды. Бұдан Абайдың айтқан ойы жұтап тұрған жоқ, керісінше байып тұр. 


Жоғарыда айтылғандарды қорытын­дылай келе, «терминкомда» тек қазақ тіліне жүйріктердің отыруы қателік. Сондай-ақ бүкіл терминді «қазақшалау» деген ұста­ным­нан түбегейлі бас тартпасақ, тіліміздің түбіне өзіміз жетеміз. «Терминкомға» сан салалы ғылымнан хабары барлар және терминдердің пайда болған тіліндегі ұғымын толық білетіндер отырса нұр үстіне нұр. Ал енді ғылыми терминдердің қазақ­шалануы біздің жоғары оқу орындарымызды бітірген түлектердің шетелдерде жұмыс істей алуға қабілеттілігін кемітетін тұс емес пе, деп ойладық па? «Туберкулезді» «құрт ауру» деп оқыған дәрігер шетелде қалай жұмыс істемек? Сондай-ақ терминнің ұғымынан мүлде бөлек «жасуша» деген сөзді қолданысқа енгізгеннен не ұттық?
Күні бүгінге дейінгілерден ұстаз тұтары­мыз Абай болса, Абайымыз қазақ тілін бүгінгі терминкомдағылардан артық біл­ге­нін түсініп, мойындасақ, терминдерді қа­зақ тілінің «жемтігіне» емес, байыту­шысы­на айналдырайық. Абайдың өзі ХІХ ғасырда терминді сол қалпында қолданғанда ХХІ ға­сырда оларды қазақшалаймыз деген ұста­ным­ның өзі түсіне білген адамға «ит тірлік». Солай, ағайын. Абайымыз бар, бірақ Абайы мүлде болмаған елдей тұста­рымыз көп. Көп тұста «көзі тірі классик» Әкім Таразидің кейіпкерлеріне ұқсап жүрген секілдіміз. Мұнымыз не? Айтқандай, Әкім Таразидің кейіпкерлері қандай болғанын білгіңіз келе ме? Онда оқи түсіңіз.

Әкім Таразидің кейіпкерлері

Әкім Таразидің бір повесінде мынадай бір эпизод бар... Ауыл болған соң онда оқшау ойлы, қоғамдық ұстаным қалыбына сыя бермейтін сотқар дейміз бе, «жаңашыл» дейміз бе, әйтеуір бір ерекше тұлғалардың болатыны анық. Сондай тұлғалардың бірі жазушының кейіпкеріне айналып, ол өзінің жолдас жігітімен ауыл клубындағы кешкі киноға барады ғой. Ауыл көшелерінде электр шамдары жоқ кез. Кинодан шық­қанда тас қараңғылық орнайды. Осындайды пайдаланып қалғысы келген әлгі кейіпкер жанындағы досына «мен саған қазір қызық көрсетемін» дегендей бірдеңе айтып, клубқа жиналғандардың ең алды болып тысқа зытып шығады ғой. Оның соңынан бірін-бірі итерген жұрт лықси жөнеледі. Осыны сезіп келе жатқан әлгі шіркін бел­гілі бір жерге келгенде кенеттен секіріп кеп кетеді. Не қазылған оры, не басқа бір ке­дергісі жоқ тегіс жерде секіреді. Сонан соң жолдасымен екеуі соңынан ерген қалың халық не істер екен деп сырттан бақылайды. Бақылағанда көргені дәл әлгі жерден бұлардың соңынан ергендердің де секіріп жатқаны. Міне, бар оқиға осы. Бұдан әлгі сотқар қорытынды жасап, қасындағы жолдасына халық дегенің осы, алдында не бар екенін біліп алмай топ бастаушы не істесе соны істейді дегенді түсіндіреді. Автордың әлгі кейіпкері арқылы айтпақ ойы осы. Мұны Абай да айтқан. «...Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал» деген ұлт ұстазы. Ал біз «секіртіп» жатырмыз.


Иә, қазақтың бүгінгі болмысына қарап халқымды дәл осы Әкім Таразидің кейіпкерлеріндей көріп, елді бұзушыны да, сотқардың соңынан еріп бұзылған жұртты да аяп кетемін. Ұлттық сананы тәрбиелеуші, басқарушы, дамытушы, байытушы деген институттар басшылығы мұны ойлай ма екен? Тірлігімізден сауатсыздықтан басқа ештеңе таба алмаймын.

Тақырып бойынша соңғы мақалалар
Қыз намысы үшін қан төккен
22.10.2014 20:51
0
84
Түрмеде 25 жыл отырып шыққан «Баронмен» әңгіме
Сағыныш әні
22.10.2014 20:45
0
56
Қазақ даласында сағыныш сазы қонақтап қалғандай әсер бар еді...
Әлем арылмаған азап
22.10.2014 20:44
0
70
Адамзат пайда болғалы бері ізденуден жалықпаған. Алдымен тұрмысын түзегісі келген, содан кейін баюды жөн көрген.
пікірлер (1)
МультиВход
29.12.2013 Аноним
Бұл қоғам өміріндегі үлкен дерттің, сызаттың сыздауықтай әбден қызарып жарылуға шақ қалған жарасының бетін ашып тұрған жанайқай, толғаныс емес пе? Бұған әзір ешкім пікір жазбай отыр. 97 рет оқылғаны байқалады. Жым-жырт. Тым-тырыс. " Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз" деген күй кешуде. Біздің жайбасарлық пен жаныашымастық әрекетіміздің өзі осындай өмірге әкеліп соқты. Бала-шаға өсіріп отырған жанұялардың бүгінгі хал-ахуалы аянышты.Көтеріп отырған мәселе 100 пайыз шындық! Есі дұрыс адам бұған қарсы дау айта алмайды. Журналист әрі ұлтжанды азамат, ұл-қыз өсіріп отырған от басының иесі ретінде мен ұлт ұстазы Абайдың өмірге көзқарасын бүгінгі күнмен сабақтап өте терең әрі байсалды жазған Жұмабек Жанділдинге, оны баспасөзде жария еткен "Айқын" газетінің Директор - Бас редакторы Нұртөре Жүсіпке мың да бір рахмет айтамын! Елдің елдігін, болашақ ұрпағымыздың қамын ойлап, өмір сүрудің бірден-бір дұрыс жолын сілтеген мұндай өміршең пікірді, ұсынысты қызу қолдаумен қатар оны толық жүзеге асыру үшін бойында намысы бар азаматтар, биліктің тұтқасын ұстап жүргендер, бүкіл зиялы қауым және білім-ғылым саласының басшылары бар қарым-қабілетін, күш-жігерін балаларды өмірге бейім болуға тәрбиелеп және оқытуға бағыттауы тиіс. Мұнсыз өмір ойдағыдай болмайды. "Ақсақ қой түстен кейін маңырайды" дегендей, маңырағанымыз - маңыраған! "Жуас қой - жүндемекке жақсы" деген тәрізді малтамызды езіп жүре береміз... Түбінде бұл опық жегізеді. Содан барып болашақ ұрпақтың обалына қаламыз. Сондықтан - ойлан, ұйқыдан оян, ағайын! Итен
Аноним